Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір деген – бір көлеңке, бір шуақ

04.06.2020, 10:30 1698

Адамның тағдыры күнделікті тір­лікте  татқан шәрбаты мен тартқан азабы­  бірінен-бірі  туындап, бірімен-бірі жалғасып  келіп, өмір жолының қалыптасуына негіз болады. «Тағдыр» туралы түсінік әркімде әрқилы танымда қалыптасқа­н. Барша адамзат, оның ішінде қазақ дүниетанымының өзегі боларлық «тағдыр» ұғымына және оны жете танып­-түсінудегі қазақтың ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктеріне тоқ­тал­сақ.

«Тағдыр»  қазақ  дүниетанымында  да басты орын алады. Ол – өте күрделі ұғым. Жалпы, бұл ұғымды діншілдер мен ойшылдар белгілі бір дәрежеде зерттег­ен. Біз өз тарапымыздан осы ұғымды  түсінуге  талпындық.

Ислам дінінде «тағдыр» дегеніміз Хақтың жазмышы, әуелде белгіленіп қойған, оған мұсылмандар ешбір қар­сылықсыз, сабырмен көнеді. Пенденің шыдаммен сабыр қылып, шүкіршілік еткені үшін Жаратушы сый көрсетеді деген ұғым қалыптасқан. Жаратқанға деген сенім күшімен өмірден түнілмей, оның жайлы да, жақсы кезеңдерін күтіп, «тағдырдың» қиындықтарын сабырмен өткізеді.

Ал Үнді философиясында бәрі мо­йындайтын терең ұғымдар бар. Соның бірі – карма ұғымы. Карма – жазмыш заңдылығы, тағдыр адамға жасаған әрекет­інің табиғатына қарай несібе сыйлайды. Егер адам өзінің менмендік пиғылдағы әрекетінен тазарып, тек жоғары­ құндылықтарға ұмтылып отырса­, оның жолы ашылып карма жазасын­а ұшырамайды. Карма идеясы ақ пен қара мәселесін жеткілікті түсін­діріп отырды. Бәрі өзіңе байланысты, өзіңнің әрекеттеріңнің, істеріңнің табиғатына байланысты. Жаман іс-әрекеттерің үшін міндетті түрде жауап аласың.

«Тағдыр» ұғымының танымдық табиғ­атын бірден тану қиын. Себебі, тағдыр түсінігі жекелеген адамдарда олардың жасына, пайым-парасатына байланысты әртүрлі болғандықтан олардың көзқарасы әртүрлі болып келед­і. Осы орайда, біз қазақ әдебие­тіндегі тағдырдың көрініс берген сипаттарына  қарап көрсек.

Аңыздағы Корқыт ата философиясының басты түйінінің бірі – жалған өмірдегі бар зұлымдық пен жауыздықтың басы деп танып, онымен күресу, өмірдің тұрлаусыздығын мойындау, мәңгілік өмірді аңсау. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов Қорқыт ата аңызы жайлы­ былай деп жазды: «…Аңыздарда оптимистік мағына басым. Қорқыт жайын­дағы аңыздардың тақырыбы – ажалмен алысу туралы тақырып. Қор­қыт жазмыш, тағдыр даярлап қойған талай­ына қарсы алысады». Ал көрнекті ғалым, қорқыттанушы Әлкей Марғұланның зерттеуіне үңілсек: «Қорқыттың өліммен алысу туралы фәлсафасы – дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы тудырған ойдың ең жар­қын бейнесінің бірі болып суреттеледі. Мұны тек Прометей мен Харта және гильгамеш туралы айтылған дүние­жүзілік әдебиет мұраларына тенеуге болады».­

Халқымыздың танымында «тағдыр­ға» иілуден гөрі қанағаттанбаушылық басым екендігін аңғарамыз. «Тағдыр» өмірдің тұщысынан гөрі, ащысынан қолданыс  табады.

Ал, өмірі қиыншылық пен азапқа толы ақын Сұлтанмахмұт өз өлеңінде тағдырды кінәламайды, керісінше:

Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды деулерді

Шығарамын сөзімнен, – деп пенделіктен биік үлкен парасаттылық танытады­.

Адам баласы күнделікті өмірде уақыт пен кеңістік, жақсылық пен жамандық, ар мен намыс, т.б. сөздерді жиі қолданса да, олардың мағынасын әртүрлі түсінетіні белгілі. Ол сөздердің беретін мағынасын ашу адамның білім деңгейі мен өмірлік тәжірибесіне қарай әрқилы болмақ. Адамның тіршілікте істеген амалдары, қызығы мен азабы, барлығы да – оның тағдыры. Тағдыр өзгермейді, оны хәкім Абайдың жиырмасыншы қара сөзінен көреміз: «Тағдырдың жар­лығ­ын білесіздер, өзгермейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес».

Көркем шығармада «тағдыр» көбіне адам мойнына артқан жүгі ретінде бейнеленеді. Кейіпкердің тағдыры оқырманның жан сезіміне ерекше әсер етпей қоймайды. Халқымыздың  болмысында адамның өміріндегі сәтсіздіктердің көбі «тағдырға» қатысты. Әрбір жарық дүниег­е шырылдап келген сәбидің маңдайын­да келешек өмірінің тағдыры жазылм­ақ. Бірақ оны білу мүмкін емес. Адам келеңсіздікке шалдыққан жағдайда, халық танымындағы «жазмыштан озмыш жоқ» деген түсінікке сүйенеді. Оны өзгертуге ешкім де дәрменсіз.

Өмірді танып болмай жатып, «жетімдік тағдыр» желкелеген балдырғанды өз тәрбиесіне алған Отанын ерекше сезіммен жырлаған ақын Қасым:

Өмірге ендім еңбектеп,

Шалқалап әкем шықты үйден.

Жетімдік тағдыр жетті ептеп,

Қабағын жаба түксиген, – деп рухын төмендетпей, намысын қайрай түсті.

Біреулер тағдырына разылық таны­тып­, бақыттымын деп жатса, біреу­лер өмірден қуаныш таба алмай, өз көрген азабын «тағдырынан» көріп, жасаған қателерін түзеуге қамшының сабындай қысқа өмірі жетпей бармақтарын тістейді.

Адамның ойы, арманы, мұраты тағдырды жасайды. Сол сияқты адам тағдыр­ы көркем шығармаларда да бірінші орында болады. Демек, халық болмысын ашу кейіпкер тағдырын танудан басталмақ. Тағдырды көрсетуде образд­ар галереясы қалыптасады. Әр заманн­ың өз шындығы бар, сол дәуірдегі адам тағдырын, қоғамды жан-жақты зерттеп тану арқылы көркем шығарма туындайды. Әрбір адамның ішкі жан дүниесі, мінезі осы тағдырды жасайды.

«Тағдыр» сөзіне қазақ тілінің түсін­дірме  сөздігінде мынандай анықтама берілген.

1. Адам еркінен тыс болатын оқиға барысы, түрлі жағдайдың тоғысу сал­дары.

2. Діни Құдіреттің жазуы, жазмыш.

3. Болып өткен өмір жолы, тұрмыс, болашақ.

Әсілі, талантты тағдыр қалыптастырады. Тағдырдың тақсіретін көп тартып, балалығы соғыс жылдарына тап келген қаламгерлер тағдыр жайлы көп толғады. Олар шынайылығымен көптің жүрегін жаулады. Мұзтаудың мұзбалағы атан­ған Мұқағали тағдырды бетпе-бет сырласуға шақырады.

Хабар жоқ саған кеткен елшілерден,

Ей, Тағдыр!

Сөйлесейік, келші бермен, – деп тағдырға­ ашынысын, өкпесін өлеңмен өрнектейді.

Ал Қадыр ақын:

Тағдыр бұлты аспаныңда жүр шұбап,

Сарғаяды сүмбіледе жыршы бақ.

Өмір деген – бірде көктем, бірде қыс,

Өмір деген – бір көлеңке, бір шуақ,- деп тағдыр жайлы үлкен ой айтады.

Тағдырды еш уақытта жазғыруға болмас. Алдағы тағдырың үшін үйден алған тәлім-тәрбиенің орны да ерекше. Ата-ананың жақсы өнегесін көрмей дұрыс тұлға қалыптаспайды. Тағдыр әуелі өзіңнен, аузыңдағы сөзіңнен басталады. Шәкәрімше айтсақ, «Сөзіңді түзе, әдетіңе айналады, Әдетің мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың».

Арман  ШЕРИЗАТ,

«Әдебиет»  порталы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: