Сықырлай ашылған есік жаққа Шолпан айналасын әжім торлаған дөңгелек көзімен сығырая бір қарады. Жатқан орнынан әупірімдеп әрі-бері тұруға ұмтылып еді, онысынан ештеңе шықпады. Белі құрғыр тікесінен тік тұрып, аттай шауып кетуіне ыңғай берер емес. Ұлы Аңсар түнеугүні келіп кеткен. Жалғыз шешесінің жағдайын білуге ара-тұра ғана төбесін бір көрсетіп кетеді. Қайта көрші келіншек Қарлығаш күнара келіп, Шолпанның төсек-орны мен ішер асын дайындап тұрады. Қартайған шақта құдайдың да қарасқаны шығар деп, Шолпан Қарлығаштың қолғабысына да іштей разы болып отырады. Оң қолын маңдайына қойып, қалың ойдың құшағында жатқанда әлгінде ғана есік ашылғанын аңғармай қалыпты.
– Амансыз ба, апа! – деген дауыстан селк ете қалды. Қараса, о тоба, қарсы алдында баяғы Антоны тұр. Көп жылдан бері көрмеген баласының қапелімде қайдан тап болғанына сенбей, абдырап жатқан орнынан қозғала да алмай қалды.
– Апа, қазір мен сізді демеп жіберейін, – деп Антон Шолпанды отырғызып, арқасына жамылғысын жапты.
Шолпан тұрмыс құрғаннан кейін көпке дейін құрсақ көтерген жоқ. Күйеуі Балтабайдың қас-қабағы сол үшін күнде бұзылатын. Бір бала үшін араларындағы ұрыс-керіс әбден қажытып жіберген. «Іздегенге сұраған» деп, дәл сол уақытта Шолпанның Мәскеуде тұратын апасы хабарласып, маңызды бір жағдайды баяндады. Қолындағы жалғыз ұлы Антонды сіңлісінің қолына беріп, өзі күйеуге тимек ойы бар екенін айтты. Ол кезде Антон небәрі 3 жаста ғана еді. Бір балаға қолы жетпей, жарымкөңіл болып жүрген Шолпанға апасының бұл ұсынысы ұнай кетті. Бірақ, «Балтабай не дер екен?» деген іштей қорқынышы да жоқ емес.
– Қайдағыны айтады екенсің! Енді қалғаны орыстың баласын бауырымызға басу қалып па еді? Тыныш отыр. Асырайтын болсаң, осында қазақтың да баласы жетіп жатыр. Туған шешесі керек етпей отырған баланы біреу баға қояды деп отыр ма екен? – деп Балтабай бірден кесіп айтты.
Шолпанның Антонға аңсары әбден ауды. «Көктен іздегенім жерден табылды» деп отырғанда күйеуінің қарсылығы қажытып жіберді. Ақыры Балтабайды дегеніне көндірді. Мәскеуден Антонды алдырды. Көк көзді, домалақ жүзді орыс баланы сол күннен бастап Шолпан өзіне жақын тартқан. Балтабай бала келген күннен бастап Шолпанға қатаң шарт қойды.
– Бала есейгенше қолда болады, есін білген соң бұл үйдің босағасынан көрмейтін болайын. «Орыстан досың болды дегенше, қасыңда айбалтаң болсын» деген. Қаны арам қасқырдың баласын баққанша, ит асырағаным дұрыс! – деп Шолпанға дүрсе қоя берді.
Арада көп уақыт өтпей Шолпан аяғы ауыр екенін білді. Антонға «балам» деп еміренген соң, Құдай да қалағанын берген шығар. Әйтеуір, сол кезде қуанышы қойнына сыймаған. Дүниеге Аңсар атты балалары дүниеге келді. Арада жылдар өтті. Балтабайдың бел баласына деген көңілі ерекше болды да, асыранды Антонға қырын қарайды. Өзіне жылы қабақ танытпайтынын Антон бала болса да білетін, сезетін. Бар жылулықты Шолпаннан алатын ол Балтабайдың жанына көп жолауға да жүрексінетін еді.
Жылдар жылжыды. Антон тоғызыншы сыныпты бітірген жылы Балтабай Шолпанға «Антонды бөлек жіберу керек» дегенді айтты. Осы жерден жырақ, алыстау қалаға оқуға жіберіп, көзден таса қылмаса, ол шаруамен өзі айналысатынын жеткізді. Күйеуінен қапелімде мұндай қылықты күтпеген Шолпан не дерін де, не істерін де білмей екіұдай күй кешті. Көз алдында көлбеңдеп өскен баланы алысқа оқуға жіберсе, Антонның мына қонысқа қайта орала қоймауы да мүмкін деп те ойлады. Балтабайдың бір айтса қайтпайтын қатқыл мінезін білетін Шолпан ақыры Антонды тоғызыншы сыныптан кейін оқуға түсіріп жіберді. Оның өкшесін басып келе жатқан Аңсар да артынша бірнеше жылдан соң мектеп бітіріп, оқуға кетті.
Дағарадай үйде екеуден-екеу қалған Балтабай мен Шолпан бел баласы Аңсар мен асырап алған Антоннан кезек-кезек хабар алып, уақыт өткізетін. Антон оқумен қатар, жұмыс істеп жүргенін айтты. Ара-тұра үйіне ақша да салып тұрды. Ал Аңсар керісінше, әке-шешесінің тапқан-таянғанын түгесіп, одан қалды ішімдікке де әуестеніп алған еді. Балтабайдың Аңсар десе шығар жаны бөлек-тін. Шолпанға «Аңсардың айтқанын істе» деп алдына түсіп отырады.
Аңсар үйленді. Тойын дүркіретіп өткізді. Бірақ, Аңсар ата-анасымен бір шаңырақ астында тұрмайтынын бірден кесіп айтты. Кейін Балтабай мен Шолпанға жас келіннің «ата-енемен тұрмаймыз» деп, басын алып қашып отырғаны белгілі болды. Отау құрған бойы екеуін бөлек шығарып жіберді. Кішкентай немерелерін бір көру үшін Балтабай мен Шолпан Аңсардың үйіне арасында барып тұратын. Осындай сапардың бірінде екеуі жол апатына ұшырап, Балтабай апат болған жерде қаза тапты. Ал Шолпан бел омыртқасы сынып, төсекке таңылып қалды. Әке-шешесінің көзі тірісінде ауылға ат ізін салмайтын Аңсар шешесі төсек тартқалы мүлдем келмейтін болды. Тек телефон соғып, жағдай білгендей болып тұрады. Шолпан туған ұлының осы қылығы үшін іштей налып, баяғы өзі баққан Антонды бекер қолдан шығарып алғанына қынжылатын. «Балтабайдың айтқанын істемей, сол баланы қолыма алып қалғанда жағдайым әлдеқайда жақсы болар ма еді?» деп те ойлап қояды. Келіннің айтқанымен жүріп, айдағанына көніп кеткен ұлы Аңсарды «ұлым» дегені болмаса, тіпті соңғы кездері ойламауға бел буған. Антонның да үйден жырақтағанына он жылдан аса уақыт өтіп кетіпті. Көмейіне келген өксігі жанарынан жас болып ағып, ағыл-тегіл жылай беретін.
– Апа, арнайы келдім. Әкем қайтқалы уайымға салындым. Сіздің де мынадай жағдайға түскеніңізді естіп жайбарақат жүре беруге дәтім жетпеді. Түнеукүні Аңсармен хабарластым. Сізді қасына алуды ойламайтын да сияқты. Сол ниетін түсінген соң өзіңізді алып кетуге келдім. Қазір тұрақты жұмысым бар. Қызметте де шенім өсті. Менің осындай жағдайға жеткізген әкем екеуіңізге алғысым зор, апа! – дегені сол еді, Шолпан Антонды ыстық құшағына қатты қысып, өксіп жылап жіберді.
– Айналайын, балам! Мені кешір, кешіре гөр! – дегеннен артық ештеңе айта алмай, булықты да қалды.
– Апа, енді үйленіп, шаңырақ көтеремін. Келінің үшеуміз бірге тұрамыз, немерелі боласыз. Бұның барлығы ұмытылып кетеді әлі, – деп күле жауап қатып, апасын құшақтады. Антонның да көзінен ытқыған жас біразға дейін тоқтаған жоқ.
Керім ҚЫСТАУБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!