Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көшеде қалған кейуананы танитындарыңыз бар ма

05.01.2026, 8:50 60

HALYQLINE.KZ

2026 жылдың 1 қаңтары. Түске таман бірінші Алматыға пойызға мінуге келдім. Жолаушылар залына кіріп, жан-жағыма қарағанымда, есік жақтағы орындықта отырған мына кісіге көзім түсті. Бір қарағанда үсті таза, ақ жаулықты, мейірімді жүзді қазақ әже жол жүрейін деп немересін немесе баласын күтіп отырған жолаушы сияқты. Жақынырақ жанына барғанымда, бір жері қатты ауырып отырғандай жаймен ыңқылдап отыр екен. Жұмулы көзін анда-санда ашқанда, мұңлы жанарының жасқа толы екенін көрдім. Оған ештеңе қызық емес, тек әлденеге елегізіп, жан-жағына үмітсіз көз салады. Вокзал толы кәрі-жас қалың қазақтың ортасында жапанда жалғыз қалған адам. Қасына барып, «апа, бір жеріңіз ауырып отыр ма, қандай көмек керек?» деп едім, көзін сәл ашып маған қарады да, «балам, дәретхана алыс па?» деп сұрады. «Апа, баспалдақпен төмен түсе аласыз ба, анау төменде» деп едім, «басым айналып отыр» деген өте әлсіз дауысын әзер естідім.

Қарама-қарсыдағы әлденеге мәз болып отырған жастау екі ірілеу келген келіншекке барып, «қарындастарым, мына кісі дәретханаға барғысы келіп отыр, қасында адамы жоқ, «басым айналып отыр» дейді, соған көмек жасап жіберіңіз» десем, менің бетіме бажырайып бір қарады да, екеуі де теріс қарап отырды. Сосын вокзалдың кезекші әйелдеріне айттым, олар вокзалдың медсестрасын және кезекші полицияны шақырды. Медсестра қайырымды екен, дәретханаға апарып келіп, кабинетінен шай қайнатып әкеліп, қан қысымын өлшеп еді, өте жоғары екен. Сол жерде білгеніміз, Қызылорданыкі, ұлдары басындағы үйін сатып жіберіп, анасын далаға қуып жіберген. Алматыға қалай келгенін білмейді, білетіні, осында жұмыс істеймін деп кеткен тағы бір ұлы бар, соны іздеп келген, оны таба алмай екі- үш күннен бері қаңғып жүргенде, бүгін таң алдында біреулер осы вокзалға әкеліп отырғызып кеткен сияқты.

Жөнді тамақ ішпеген, әлсіз, өз бетімен жүре алмайды және дәрісі таусылған. Сол жерде полиция мен вокзал кезекшісін жібермей, қарттар үйіне звандаттырып, олардың келіп алып кетуін қадағалауын сұрадым. Сол жердегі қайырымды адамдарға өзім бас болып, әзірше тиісті орынға орналасқанша ыстық тамақ ішіп, дәрі-дәрмегін алсын деп ақша беріп, полицияның көзінше сумкасына салдым да, дәрісін алып беріп, ем қолдануын медсестраға тапсырдым. Рақмет, сол жерде біреулер ақша, біреулер жеміс-жидек, біреулер тамақ алып беріп, әркім қолдарындағысын бөлісті.

Кейуана көп сөйлей алмай, үнсіз мұңды. Сөйткенше біздің пойызымыз келді. Айтайын дегенім, қызылордалықтар және обылысы мен ауданында тұратын ағайындар, мына кісіні танисыздар мА? Мен әдейі бір танысы шыға ма деп түсіріп алдым. Бұл ананың аты Роза екен. Балалары үйін сатып, өзін қаңғытып жіберіпті. Таныған ағайындары іздесе, 1-ші Алматының кезекшісі, медсестрасы және кезекші полициясы арқылы бұл кейуананың қайда екенін біле аласыздар. Аты – Роза. «Бақыттың кілті – ананың аяғының астында» дейміз, міне, сөйткен анаңның қайда жатқанын!? «Кімге жаңа жыл, кімге жаман жыл»…

Біз қайырымдылықты ұмытып, тым қатыгез болып барамыз.

Әлеуметтік желі арқылы таратылған жазба

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: