Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Францияның  қарсыласу  қозғалысында  фашистермен  соғысқан  Қазалының  қаһарманы

05.01.2026, 9:05 75

HALYQLINE.KZ

Кемал Қаниев Қазалы ауданы, Көларық ауылдық Кеңесінде 1921жылы 1 қаңтарда дүниеге келді. 1941 жылы соғыс басталғанда алғашқы лекпен майданға аттанып, 6-шы армияның №84 атқыштар полкінің жауынгері болып, кескілескен шайқастарға қатысып, жеңілген соң шегінумен болды. 1942 жылы Дон өзені бойында 6-шы армия түгелімен қоршауда қалып, тұтқынға түсті. Отыз алты мың адамды тегін жұмыс күші ретінде Польша жеріне айдап алып кетті. «Жол азабы көр азабымен» бірдей деп дұрыс айтылған екен, мұздай тауар вагонына тиелген тұтқындардың үштен екісі ғана көздеген жеріне жетті. Лагерьдегі адам төзгісіз ауыр жұмыс, аш құрсақ тұтқындар күнделікті таңертең ұйқыдан тұра алмай қалатын. Оларды барақ сыртындағы дайындап қойған шұңқырға көміп тастайтын еді.

Сол кезде орталарындағы шымкенттік Елубаев Абимолда деген жігіт қазақтарды ұйымдастырып, қашуды ойластыра бастайды. Басқа ұлттың тілін білмегендіктен, оларды қоспаймыз деп шешті, олар бір жапырақ нан үшін сатып та жіберетін. Сонымен ең сенімді деген 12 қазақ 1944 жылдың 10 ақпанында күні бұрын пысықтап алған соң қолайлы сәтті пайдаланып, тозақ лагерінен қашып шықты. Неге ақпан айының дәл осы күні деген ой келсе, лагерьде радио нүктесі күнделікті вермахт әскерінің жеңістерін орыс тілінде хабарлап тұрғандықтан есінде қалған болатын. Осы радио нүкесі совет армиясына қарсы соғысу лагерьден шығатын жалғыз жол деп, ашқұрсақ тұтқындарды өз жағына шығару үшін миын шайқап үгіттеп тұратын.

Күндіз орманда жасырынып, түнде алға қарай жылжып отырды. Азиялық бет-әлпеті бөлек болғасын, елді мекендерге бара алмайды. Ормандағы жеуге жарайтын кірпі, тиін, т.б. ұсақ жәндіктердің етін шикілей жеуге мәжбүр болды. Осылай бірнеше елдің шекарасын басып өтіп, Францияға келгенін бір-ақ білді. Он екі қазақ осылайша фашистерге қарсы партизандық тәсілмен соғысып жүрген француз халқының қарсыласу қозғалысының партизандарына қосылып, қолына қару алып, ортақ жау фашистерге қарсы соғыса бастады.

Француздардың бұл қарсыласу қозғалысын генерал Шарль де Голль 1942-1944 жылдары басқарып, «Тәуелсіз Франция» деп аталды, соғыстан кейін де Голль Франция президенті болды. 1943 жылы совет үкіметі осы қарыласу қозғалысымен байланыс орнатып, қару-жарақпен көмектесіп отырды және бірыңғай француз ұшқыштарынан «Нормандия-Неман» деп аталатын авиациялық полк те құрды.

1945 жылы соғыс аяқталғасын Францияда фашистерге қарсы соғысқан Кемал Қаниевті НКВД-ның ерекше бөлімі тұтқындап, Москвадағы атақты Бутырка түрмесіне қамап, сүзекіден өткізгендей тексеріліп болғасын елге қайтарды. Елге келгесін Үсен руының қызы Қазынашәймен үйленіп, Сәнімкүл, Бағдагүл, Айымкүл, Қайрат, Зада, Дәмегүл, Мейірімгүл, Серік, Берік есімді балаларды дүниге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырды.

Майдангер Кемал Қаниев соғыстан соң, жанармай отын базасынан кейін астық сақтау қоймасында жұмыс істеп жүргенде, 1980 жылы небәрі 59 жасында қайтыс болды. Ардақты ағамыздың денсаулығына тұтқында болған жылдары аямай ізін салған еді. 1958 жылы дүниге келген ұлы Қайрат Кемалұлы: «Әкем бірыңғай жеңі ұзын көйлек киетін, кейін ес білгеннен кейін екі қолының еті алба-жұлба тыртық екенін көргенде, маған тұтқыннан бірнеше рет қашқанда, немістердің овчаркасы талағанын айтты, тайыншадай ірі ит алқымнан тістеп кеңірдегімізді жұлып алмау үшін екі қолымызбен қорғанғанда қалған иттің тісінің ізі ғой деген болатын. Ал, арқа еті де борша-боршасы шығып, буылтық-буылтық тыртықты көрген едім» деген болатын.

Соғыстан соң концлагерьден бірге қашқан, кейін партизан қазақтардың командирі болған Абимолда Елубаевпен қатысып тұрды, соңғы рет 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына байланысты ұлы Қайратты ертіп Шымкентке қыдырып барыпты, келесі жылы жарықтық қайтыс болған екен.

Суретте: солдан оңға қарай, бірінші қатарда қолында ағылшындардың STEN автоматын ұстап отырған Кемал Қаниев, ортадағы зор денелі отряд командирі Абимолда Елубаев, Жүсіпов, Райсенов, түргеліп тұрғандар туралы жазу өшіріліп қалған, тұтқыннан бірге қашқан қазақтар болуы мүмкін.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

ҚР  Журналистер  және  Халықаралық  жазушылар  одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: