Осыны естігенде қатты таң қалғаным рас. Өз күйеуіне тоқал алып беру – қазақта айтылып жүргенімен, көбінде іске аса бермейтін дүние. Жігіттер де «алдымен бір отбасымды қарық қылып алайын» деген оймен жүре ме, әйтеуір, мыңның бірінің отбасында ғана орамал таққан қос келін қызмет ететінін байқауға болады. Біріне бұл ата-баба дәстүрін жалғастыру болса, енді біріне жесірді жалғызсыратпай, қамқорлығына алу деген ұлы түсінікке келеді. Жә, әңгіме ол жайында емес. Естігенімді басынан баяндайын.
Қыстыгүні туған-туысты аралап сапарлаттық. Қазақтың «туысыңмен бірге бол» деген нақылы әрдайым жадымызда жүрген соң, алыс болса да, ағайын жүзін көрмекке жол жағалап кеттік. Содан, шырайлы Шым қаланың қонағы болдық.
Мұнда әңгімеміздің басты кейіпкері Торғын тәтеміз тұрады. Үйі қаланың шетінде орналасқан екен, әрең тауып келдік те, ши қорадан үйге ендік. Өзім жас болған соң, қасымдағы ағаларым сөз бастап, жағдай сұрасып, дәмге отырдық.
– Қош көрдік! Ағайын-туыс аралап қайтпаққа шықтық, жағдайларыңыз жақсы ма, бала-шаға қалай? – деп ағам сөз бастады. Ағам деп үлкейткенім болмаса, ол – отыздың ол жақ, бұл жағында. Ал әпкеміз қырыққа келген орамалды тәтей еді.
– Бәрі жақсы, үйдеміз, кішігірім сауда-саттықпен айналысып жатырмыз, өмір сол, жәймендеп өтіп жатыр, – деп жеңіл күрсінді тәтеміз.
Неге екенін білмеймін, Торғын тәтейдің жүзінде қаяу бар секілді. Әлде туысын іздеп келген інілеріне іштей риза ма, білмедім, әйтеуір жылау мен күлудің ортасында тұрған түрмен «алдырып отырыңдар» деді де, сөзін бастады.
– Бұрын сендердің кішкентай кездеріңде жиі қонаққа барып тұрушы едік, қазір ондайға шама қалмады. Не дейін, тағдыр бүгінгідей жағдайға әкеліп отыр. Бұл хәлімді жаман демеймін, не болса да, бұйырғаны. Бірақ мен армандаған өмір болмады, – деді тәтей көз жасын бір сығып алып.
– Неге олай дейсіз, шаңырағыңыз бар, бала-шағаңыз жаныңызда, бәрі жақсы! – деп сөзін бөлдім.
Тәтеміз – орамалдағы адам. Оның бұған дейінгі тағдырынан аз-кем хабардармын. Түзу жүруге тырысқанымен, тағдырдың ойлы-шұқырлы жері бүгінгі жағдайға жеткізіпті. Білуімше, бұған дейінгі күйеуі дінді берік ұстанатындықтан, салттан гөрі дінге жақын отбасылардың қатарынан болған. Сондықтан, никаб (бет жүзін түгел жауып, көзін ғана ашық қалдыратын киім үлгісі – авт.) жамылып, жанындағылардан жүзін жасыратын.
– Студент болып жүрген кезде дінге соншалықты жақын бет бұрамын деген ой төрт ұйықтасам да түсіме кірмепті. Содан арман қуып, Алматыға аттандық. Жақсылықты да, жамандықты да көріп, ақ пен қараның аражігін ажырата алатын адам болдық. Ет жақынымның барлығы дерлік сол қалада болған соң, ештеңеден қорықпай өмір сүре бердім. «Барыңда батып іш, жоғыңда сатып іш» дегенді іске асырғанның бірі мен едім. Уақыт өте берді. Бойжеткен болған соң, жігіттердің сөз айтатыны да бар. Ештеңеге қарамай, уақытымды білімге арнадым. Дін жолын берік ұстанатын әпкелермен танысып, солардың нұсқауымен бірнеше рет орамалға келуге тырыстым. Десе де үйдегілер рұқсат бермеді. Ал бір жағынан дінге деген сенімім орамал тақ деумен болды. Солай миым қатып жүргенде бір жігіттен үйленуге ұсыныс алдым. Ойландым, ақыры соған тұрмысқа шығамын деп шештім. Бірақ онымды ата-анама айтпадым. Көп күн өтпей, ол мені кездесуге шақырды. Кездесудің басында үйлену туралы жоспарымызды жетілдіріп, ең керемет жұптың формуласын құрдық. Бақыттан басым айналды да қалды. Ал ол болса, соны пайдаланып, арам ойын іске асырды. Кездесудің соңы ең үлкен күйзелістің бастауы болды. Күйзеліс дегенімнің себебі – ересектерше араласамын деп, от бастым. Ертеңіне хабарлассам, телефоны сөндірулі. Сол күйі телефоны қосылмады. Көп өтпей жүкті екенімді білдім. Ата-анама басында сыр бермедім. Олар мені толып бара жатыр деп ойлады. Сол сәтте бар ойым түсік жасату болды. Бірақ Құдайдың бергенін күштеп алып тастауға дәрменім бармай, жақындарыма бәрін айттым. Олар да ауыр қабылдады. Амал жоқ, іштен шыққаны болған соң, мұндай әрекетіме де төзді. Бірақ мойымадым, баламды өмірге әкеліп, есімін қойып, үйдегілерден бөлек тұра бастадым. Оған басында ата-анам қарсы болды. Айтқанымнан қайтпай, пәтер жалдап, өз күнімді өзім көре бастадым. Үйде отырып сауда жасайтын едім. Ол кезде онлайн сауданың енді қызған шағы. Алғаш айналысқандардың бірі – мен. Айтпақшы, сол кездері орамалға келдім. Жаратқанның бұйрығын орындаған пенде ретінде іштей қуаныш болды. Сонымен, енді бір баламмен, орамалыммен қабылдай алатын жар іздедім. Дін жолындағы әпкелерім бір жігітпен таныстырып, үш кездесуден соң, мұсылманша некемізді қидырдық. Ата-анам бұған қатты қуанды. Мен осыдан соң басымнан бұлт арылады деген ниетпен жүрдім. Бұл да тағдырыма сілкініс жасаған таңдау болды. Ол жайлы сәл кейінірек.
Екіншіге жүкті болдым. Үлкен ұлым да бұл уақытта ес біліп қалған. Жасы екі жастан асты. Күйеуім үйге көп қонбайтын болды. Басында жұмыстың қамы деп қабылдағаныммен, соңынан апталап, айлап қонбауды, келмеуді шығарды. Ол екінші баласы туылған соң алты айлығында бір-ақ көрді. Неткен баласынан безген әке екенін түсіне алмай дал болдым. Соны ойлаумен көңіл күйім де дұрыс болмай, ісім өнбей кетті. Амал не, тағдырдың жазғанына көндім. Солай жүріп күйеуім үйден алыс мені кездесуге шақырды. Бірақ балаларды алып келмеуімді бұйырды. Содан кездесуге өзім шықтым. Сол кезде ол ішіндегісі мен шындығын ақтарып салды. Өзі іздеуде жүрген азамат екен. Қазақстан бойынша қауіпті әрекетке барған жат діни ағымның өкілі боп шықты. Егер ұсталса, бірден түрмеге қамалатынын айтып, бәрін мойындады. Бұл кезде бәрі кеш еді. Одан балам да бар, үй-жайыма қарайласып отырған да осы. Телефон нөмірін күн сайын ауыстырып, сөйлесуге мүмкіндік болмайтын. Бәріне көндім. Қабылдадым. Тағдырға иман еттім. Басыма түскенді көруге иландым.
Біздің бұл кездесу жылына екі рет ғана болатын. Күндердің күнінде, үшінші, төртінші балаларды өмірге әкеліп, әр кездесуде балаларды әкесімен таныстырғым келсе де, өзі оларды көруге асықпайтын. Алып келсем кездеспей қоямын деген соң, әр кездесуде өзім барамын. Себебін сұрасам, балаларыма бауыр басып қалсам, кейін өзім үшін қиын болады деп ішіндегісін шығаратын. Ал оның қиын болады деуінің соңында түбі ұсталып, темір торға отыратынын білетін. Негізі ол күйеуімді жамандамаймын. Құранды емін-еркін оқиды, діни шарттарды мықты ұстанатын. Қари болуға тырысатын. Бірге тұрған кезімізде таңертең құран жаттап, уақытын текке өткізбейтін. Осы маған қатты ұнаушы еді. Амал не, тәрбиесіз алған білімі – отанының қас «жауына» айналдырды.
Өзім 4 баламен үйде отырған анамын. Ал ол сыртта жалғыз қашып жүр. Менімен жарты жылда кездессе кездескені, болмаса ол да жоқ. Соны ойлап жүріп Алла разылығы үшін бір баласы бар таныс құрбымды соған тоқал етіп алып бердім. Өз қолыммен келіншек етіп алып беруімнің бірінші себебі – Алланың разылығын алу еді, ал одан кейін, қашып-пысып жүрген күйеуімнің жағдайын түсініп, жанында жүретін бір келіншек болғаны дұрыс деп ойладым. Ол тоқал алып бергеніне рақметін айтып, сол кеткеннен мол кетті. Жылдап үйге де келмейді. Хабарлассаң, телефон көтермейді. Жаңағы келіншекпен қызғаныш болғанын да жасырмаймын. Содан оған хабарлассам, оған да жарты жылдап келмеген. Қатты шаршадым. Күйеудің аты бар, заты жоқ болғаны қандай қиын?! Әйел ретінде үлкен күйзелісті бастан өткердім. Балаларым да сырқаттанып, бірі қолы сынып, бірінің басы жарылып, сондай сәтте жаныма демеу болатын жан жоқ екенін сезгенде құлап түседі екенсің. Осы кезде тілеп алған тағдырыма иман етуден артық шара қалмады. Шаршап кеткенім сондай, күйеуім хабарласқанда менімен ажырасшы дей бердім…
Солай ол келіп, ағамнан, әкемнен кешірім сұрап, менімен ажырасып жатқанын айтты. Өмірінде танытқан жауапкершілігі осы болды.
Балалары бар бойдақ Торғынның күйеуі бар Торғыннан айырмашылығы болмады. Сол өмірімді сүре бердім. Бір күні әлеуметтік желідегі парақшама өзімнен он бес жас кіші жігіт жазып, танысуға шақырды. Өзі Шым қаладан екен. Оған мән де бермедім. Тіпті мен үшін ол теңім деуге келмейтін. Өзі үлкен баламнан шамалы жас ғана айырмашылығы бар адам маған қандай күйеу болсын?!
Дегенмен, ол мені көрмесе де қатты ұнататынын айтып, ата-анамнан қолымды сұрауға келетінін айтты. Өмірде көріспеген екеуіміз ата-анаммен танысу үшін алғаш рет кездестік. Сөзі мен ісі тура жігіт әкемді көндіріп, солай некемізді қидық. Көп өтпей мен Шым қалаға көшіп бардым. Өзіммен бірге төрт балам бар, жасым болса, одан көп жасқа үлкен, оның ата-анасы қабылдай алмайтынын біліп, басында бөлек пәтерде тұрдық. Ол күнде келмесе де, күнара келіп тұратын. Алдыңғы күйеуімнің жарты жылдап үйге келмейтінінің қасында бұл маған отбасылық өмірдің не екенін сезіндірді. Кейін одан бір ұл, бір қыз босанып, бүгінде, осы үйде өмір сүріп жатырмыз. Жамандау болса да, өз шаңырағымыз. Айтпақшы, менің жасым үлкен болған соң, бұл күйеуім өзі қатарлы қызға үйленіп, соңында отбасы бола алмай ажырасып тынды. Бір қызығы, ол қыз күйеуінің өзінен бірнеше жасқа үлкен әйелі мен екі баласы бар екенін білмеді. Білсе де, түсіне алмас еді. Өйткені, ол тәтті тағдырды аңсап келді. Өмірдің ой-шұқыры деген осы шығар. Мұны тағдырға иман еткендер ғана түсінеді деп ойлаймын. Қазір балаларым аман, түгелмін. Соған шүкір етеміз. Ал күйеуді Алланың разылығы үшін сүннетті орындауға екінші жартымыз деп білемін. Менің айтқанымнан гөрі, айтпағаным көп. Тағдыр берер сыйын тоқтатпаса екен бастысы…, – деп сөзін аяқтады Торғын тәтей.
Оның өмірден осынша көп қиындық көрген жан екенін сезбеппін де. Біреуге айта алмайтын сыр деген осы шығар. Бірақ көпке ой салатын дүние болған соң жазуға тура келді. «Тағдыр» бетінің салмағын көтеретін жазба жазуды ойлағанда, осы оқиға әр оқырманның сауалына жауап береді деген ой туды.
К.ҚҰРМЕТ.
P.S. Біз бұл жазбамен киіну стилі осындай дін өкілдеріне тіл тигізуден және ондай киінуді жарнамалаудан аулақ екенімізді ескертеміз.
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!