Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дин Ридтің жұмбақ өлімі

28.09.2023, 14:50 584

HALYQLINE.KZ

22 қыркүйекте американ әншісі әрі актері Дин Рид 85 жасқа келетін еді. СССР-ге танымал болғаны соншалық, АҚШ-та оны «Советтік Элвиз Пресли» деп атады. Дин Рид 1986 жылы Шығыс Берлиндегі үйінің жанындағы өзенге суға түсіп, жұмбақ жағдайда өліп кетті. Баспасөзде ресми түрде суға кетіп, бақытсыз жағдайда өлді деп жариялағанмен, таныстары мен туыстары оған, әрине, сенген жоқ. Себебі, Дин мектепте жүргенде жасөспірім кезінде суда жүзуден өзі тұратын штат чемпионы болған еді. Әнші ретінде әлемнің көптеген оны жақсы көрсе, АҚШ халқы жек көрді.

Дин Рид 1938 жылы 22 қыркүйекте АҚШ-тың Денверінде ауыл мүғалімінің отбасында дүниеге келді. Он екі жасынан бастап гитарада ән айтуды үйренді. Дин 18 жасында университетке түсіп метеолог болғысы келеді, алайда екі жылдан кейін оқуын тастап кетеді, себебі есіл-дерті музыка болатын. Голливудты бағындыру үшін арман қуып, қалтасында ақшасы болмаса да, автостоппен жетеді. Бастапқыда түрлі концертте ән салғаны үшін ақша тауып жүріп танылғасын, шартқа отырып өнерін көрсетіп, тапқан ақшасына альбомын жаздырып, телехабарларға түсіп, небәрі екі жыл ішінде АҚШ-қа танымал әнші болады, бұндай жедел жетістікті өзі де күтпеп еді. Дин Ридтің «Біздің жазғы роман» атты дискісі Латын Америкасындағы хит-парадта Элвис Преслиден де озып кетті. Латын Америка елдерінде концерттік сапарларда жүріп, Аргентинаны ұнатып, тұрақтап қалды. Сол жақта үйленді, жаңа альбомдар жазып, жиырмадан асқан жас жігіт жұлдызға айналды. Сол кезде саясатқа араласа бастады. Аргентинада тұрғандықтан АҚШ үкіметінің Вьетнамдағы жүргізіп жатқан соғысын айыптап, Чилиге концерттік сапармен барғанда АҚШ елшілігінің алдында «Америка туымен Вьетнам балаларының қанын сүрту» ақциясын жасап, қызыл бояуды АҚШ туымен сүртуі, Вашингтонның зығырын қайнатты. Аргентинадағы үйін автоматпен атқылап, ендігі нысана әншінің өзі болатынын ескертті.

Европаға кеткенде Италияны таңдады, осында әншілігімен қоса, «әділдік үшін күрескер ковбой» жанрындағы вестренге түсе бастады. Ол кинолар СССР-де прокатта көрсетілді. Сосын ГДР-ге келіп біржолата тұрақтап қалды. Осы жерден СССР-ге жиі келіп, одақтас республикалардың барлығында болды, «ғасыр құрылысы» атанған БАМ-ға барып концерт қойғанды жақсы көрді. Эстонияға барғанда кино актриса Эве Кивимен танысып ғашық болып, бір-бірінсіз тұра алмайтын халге жетті. Дин Москвадан пәтер сатып алып үйленгісі келіп, Доминикан Республикасындағы бірінші әйелі Патрисиямен ажырасып келді. Эве Киви де ұлын күйеуіне қалдырып ажырасты, күйеуі олимпиада чемпионы Антс Антсон еді. Таллиннен Эвенің шешесі Рут келіп, батасын береді. Бұны білген ВЛКСМ Орталық Комитетінң бірінші хатшысы Борис Пастухов Дин Ридке: «СССР-де қанша ойнас тапсаң да, қанша ойнас жасасаң да қолынды қақпаймыз. Бірақ саған біздің елде үйленуге болмайды және рұқсат жоқ. Сен АҚШ-қа қарсы жүргізіліп жатқан идеологиялық күрестің басты тұлғасысың» деді. Дин Рид амалсыз көнді, билік те Эве Киви екеуінің жүрістеріне көз жұма қарады. Осылай жүргенде Дин ГДР-дің ДЕФА киностудиясының сұлу актрисасы Рената Блюмеге ғашық болып үйленеді. Дин Ридке дейін Рената қызыл түстілердің көсемдері Апачи, Текумзе, т.б. ойнаған актер Гойко Митчпен «Ульзана» фильміне бірге түсіп, жүре бастап үйленбекші болғанда Дин Рид осылайша араларына килігіп, гитарасын сабалап жүріп Ренатаны өзіне қаратып алған болатын. Бұдан кейін миллиондаған көрерменнің кумирі Гойко Митич үйленген жоқ.

1986 жылы 17 маусымда Дин Рид жұмбақ жағдайда өлген соң, шешесінің өтінішіне қарамастан, ол келгенше денесі асығыс кремацияланып анасына ұлының күлін ғана тапсырды. ГДР мен ФРГ қосылған соң ГДР-дің МГБ-сінде (Штаси) архивіндегі Дин Рид өліміне байланысты іс із-түссіз жоқ болып шықты. Осыдан мынадай болжам жасауға болады. Дин Ридті советтік идеология өз мақсатына шебер пайдаланды, советтік диссидент жазушы А.Солженицинді айыптауға (фотодан оқыңыз), Чилидегі генерал Пиночет диктатурасын айыптауға, сөз бостандығы үшін АҚШ түрмесіндегі Анджелла Дэвисті босату науқанында, т.б. Дин Рид алдынңғы қатарда болды. Нағыз демократия өзінің АҚШ-да екенінң кеш түсінді, Кремльдің Никарагуа мен Мозамбиктегі төңкерісті ұйымдастырғанын, Ауғанстанға совет әскерінің басып кіруі Дин Ридті түңілтіп жіберді. Ол өзінің қатесін кеш түсініп, араққа салынып кетті, кейде мас болған кезде қайтадан өзінің отаны АҚШ-қа қайтқысы келетінін жиі айтатын еді. Өлімді өзінің тілінен тапты… ары қарай керек болмай қалғаны түсінікті.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: