Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бастығымнан бала туып алдым

18.10.2020, 12:00 3110

HALYQLINE.KZ

Ауылдың қарапайым қызымын. Туған ауылым облыс орталығынан онша алыс емес. Ата-анам қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп өсірді, оқытты, тоқытты. Мектепте белсенді болдым. Бәрі қалаға келгеннен басталды. Өзіңе ие болып жүре алмасаң, қаланың қызыл-жасылды өмірі түбі өзгертеді екен. Малы бар әкемнің байлығымен білдей университетке оқуға түстім. Анау-мынау емес, қаржы мамандығына. Жаныңда кілең бай-бағланның ұл-қыздары, күнде думан, күнде той…

Көзді ашып-жұмғанша 4 жыл да өте шықты. Жаңа оқу бітірген жас маман бірден білдей бір мекеменің бас есепшісі болып шыға келді. Білгенімнен білмегенім көп, әйтсе де, ұжымдағы беделді бір апаның (ол да көп жыл есеп-қисаптың айналасында жүрген) арқасында «мұртымды балта шаппады». Одан қалды, басшым да отыздың ол жақ-бұл жағындағы жігіт еді. Шыттай болып киініп, қақиып алдына жиі барамын. Қыз көрсе елеңдемейтін жігіт бола ма, ындыны құрып тұрғанын сеземін. Бірте-бірте бастығымның оң қолына айнала бастадым. Ым-жымымыз бір болды, көбіне менімен ақылдасатын еді. Кей күндері түнделетіп те жұмысымыз таусылмайтын болды. Қайбір алып бара жатқан жұмыс дейсің, сол бастығымның көзіне түсу үшін кабинетімде тапжылмай отырамын ғой.

Құрбылар бас қосқанда түрлі әңгіме айтылады ғой. Сондайда айтатыным бар еді: «Қыздар, біреуге күйеуге тиіп, оның кір-қоңын жуып, тамағын істеп, одан қалды, ата-енеңнің қабағына қарап, өмір сүргеннен, өзің қалаған бір азаматтан бала туып алып, жеке күн кешкен дұрыс ғой. Өзім сөйтемін» деймін. Сол ойымның орындалуының сәті де түсті. Бір күні бастығым саунаға шақырды, «құланның қасуына мылтықтың басуы» деген, жетіп бардым. Екеуден-екеу, іштік-жедік, мас болып қалдым білем, бір көзімді ашсам, сом денелі бастығымның астында ұмар-жұмар болып жатырмын. Екеуміз де анадан жаңа туғандай тыржалаңаш, қуатты «балғасы» «айдын көлімді» емін-еркін шарлап, алқын-жұлқын болып жатыр екен. Одан сайын берілдім, бар рақаты осы екен деп ойладым. Шаруасын бітірген бастығым орнынан көтерілді, ақ жайма қызыл ала қан болыпты. Денем бусанып мен жатырмын…

Осындай кездесу жиілей берді. Бастығымды басыбайлы иелендім. Айналам ештеңе сезбейтін сияқты. Бір күні жүрегім айнып, басым айналып, бір түрлі болып жүрдім. Дәрігерге барсам, бойыма бала бітіпті. Енді не істеймін, бастығым үйлі-баранды. Оған айтсам, «баланы туып ал, өзім қарайласамын» дейді. Ал, ата-ана, айналадағыларды қайтемін? Бір жағынан, әлгі құрбыларға айтқан сөзімнің біртіндеп орындалып келе жатқанына да іштей ризамын. Сөйтіп бір айлаға көштім, содан жақын жеңгеме сырымды айттым. Ол бір можантопай жігітті тауып, мені таныстырды. Өзімізше қыз бен жігіт болып жүрміз, не керек, 2-3 айда оған тұрмысқа шығып алдым. Ол – мені мен жеңгемнің алдын ала құрған «сценариіміз». Ата-анам қолдан ұзатты, үлкен той өтті. Тойдан кейін күйеуім екеуіміз төсекке құладық…

Арты не болды дейсің ғой? Ертеңіне күйеуім жұмыстан ішіп келді. Жаныма да жақындамады. Менің пәк емес екенімді білді. Содан арамыз суи бастады. Сезім болмаған, есеппен үйленген соң да, сол үйге сіңісе алмадым. Оның үстіне жұмыстан күнде кеш, тіпті түн қайтамын. Күйеуім болса да, бастығыммен «әмпей-жәмпейім» бітпеді, бір күні көлігімен үйге әкеліп тастағанын енем байқап қалыпты. Ондай келінді кім жақтырсын, енем де қырын қарай бастады. Аяғым ауыр болғаны енемді де, күйеуімді де селт еткізе алмады. Шыдамы қай жерге дейін жетсін, бір күні қуып шықты. Маған да сол еді керегі. Өз үйімдегілерге түрлі сылтауды айтып, сөзіміз жараспады деп, сендірдім. Сөйтіп, төсек-орнымды жинап, бір пәтерге көшіп алдым. Ай-күнім жетіп, ұл туып алдым. Екі-үш айдан кейін баланы қарайтын адам тауып, өзім жұмысқа қайта түстім. Сөйтіп өмір өтіп жатты. Балам қазір 15 жаста, бір өзім бағып-қағып өсіріп жатырмын. Жұрт не ойлайтынын қайдам, балам бастығымның аузынан түсіп қалғандай. Некесіз әкесі болса да, ақшалай, басқалай көмектесіп тұрады. Қаланың ортасынан ойып тұрып 3 бөлмелі пәтер алып берді. Айтпақшы, қазір ол мекемеде жұмыс істемеймін, басқа жаққа ауыстым, бас есепшімін. Бірақ бұрынғы бастығыммен әлі байланысып тұрамын, бір құпиямды айтайын, одан басқа да 2-3 жас жігітпен «ойнап-күліп» жүрмін. Ондай да керек екен, қазір тағы бір қымбат пәтерге қол жеткіздім. Шетел көріп, курорт кезіп, шалқып жүрмін. Қарап тұрсам, мен аралас-құраласатын құрбыларымның бәрі күйеуге тимей балалы болған, немесе күйеуден ажырасқан жалғызбасты аналар екен. Өмір ғой…

Айтайын дегенім, мұндай алдамшы өмір де жалықтырады екен. Байлығың мен шалқып жүруің болғанымен, өз отбасың, заңды күйеуің мен улап-шулаған балаларың болмайынша, төрт құбылаң тең көрінбейді екен.

ІНЖУ,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: