Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдағы жалғыз үйдің жарығы

11.09.2025, 9:40 198

Ауыл. Үнсіздік. Күн батқалы қашан. Көшеде қыбырлаған жан жоқ. Кеш түсе көше соңындағы, жол аяқталар тұстағы бір үйдің терезесі­нен ғана жарық көрінеді. Сол жарық алыстан көрінеді. Айналаның бәрі қараңғыда қалса да, дәл сол терезедегі әлсіз сәуле жанға жылу береді. Ол үйде кім бар екенін ауылда бәрі біледі. Ол – Әмина апа. Сексеннен асқан кейуана. Жалғыз тұрады. Көпшілік оны аяп, үйін тазалап, суын әкеліп, тамағын беріп, қолдан келген көмегін көрсетіп жүреді. Бірақ, оған бұл ұнамайды. Өйткені ол аяушылықты емес, адам арасындағы шынайы қатынасты, бұрынғы шұрқыраған ауыл  тірлігін  аңсайды.

Бірде атамнан сол Әмина апаның неге жалғыз тұратынын сұра­ғаным есімде. Себебі, бұл – менің балалық шағымның жүректе қалған естеліктерінің бірі. Сол кезден бастап Әмина әжейдің тағдыры менің жадым­да мәңгі сақталып қалды. Уақыт өте келе оның өмір жолы тек мен үшін ғана емес, бүтін бір ауылдың жадында сақталғанын түсіндім. Иә, бұл – өткеннің еншісіндегі оқиға. Бірақ сол бір жарық терезе, сол бір мейірімді жанның бейнесі бүкіл ауыл-аймаққа жылу сыйлаған  тірі  шежіре  еді.

Сонымен, атам жай ғана: «Ол кісінің балалары бар, бірақ қалада, келіп-кетіп тұруға уақыттары жоқ» деді. Ал апа болса, балаларына еш өкпелемейді екен. Тек шырағын сөндір­мейді. Неге дейсіз ғой? Бұл үнемі жағылып тұратын жарықтың астары үлкен мағына береді. Себебі бұл жарық жай электр шамы емес. Бұл – күтіп отырған жүректің сәулесі. Ол жарық сөнсе, үміт те сөнетіндей. Сол жарықпен бірге апаның өзі де күн сайын таңды қарсы  алады,  кешті  шығарып  салады.

Ауылдың үлкендері Әмина апаның ойы бөлінсін деп, әңгіме-­дүкен құруға жиі бас сұғып тұратын. Араларында менің де атам бар еді. Иә, ауылдың барлығы оған аянышты көзбен қарайтыны өтірік емес. Себебі, Әмина апа кезінде ауылдағы білікті мұғалім болған. Атамның айтуынша, ел-жұрттың бәрі оны мақтан тұтатын. Жүзі жылы, қашанда көңілді жүретін. Ал, мен сол жылы жүзді, ашық қабақ­ты әжейдің тек үнсіз кейпін көрдім. Тіліне емес, жүрегіне жүк түскен. Баяғыда қолына қалам алып, бала оқытқан, бар ынтасымен елге қызмет еткен ұстаз – бүгінде бір терезенің жарығымен ғана елдің есінде қалғандай. Сол бір терезеден түскен жарық – бір қарағанда кішкентай ғана сәуле сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, бүкіл ауылдың адамгершілік айнасы еді. Кешкісін үйдің жанынан өткен сайын, сол жарыққа бір қарап қою ауыл адамдарының әдетіне айнал­ған. Кейде өзім де алыстан көз тастап, «бүгін жарығы жанып тұр  ма  екен?»  деп  ішімнен  үнсіз  сұрайтынмын.

Анам да айтатын: «Әмина апа – біздің  ауылдың шырағы ғой. Ол сөнсе, бұл ауылдың да бір дәуірі өшкендей болатын шығар» деп.

Ал, әжейдің өзі ешкімге салмақ салмайтын. Ауырып тұрса да, сыр бермейді. Бірде қолы дірілдеп шай құйып отырып: «Е, қарағым, Құдайдың берген күні ғой, жүріп-тұрып жатқанымызға шүкір!» деп отыратын. Тіпті, үміттен гөрі естелікке көбірек сүйеніп өмір сүре­тіндей.

Кешкі үнсіздік апаның жанын тырналап өтетіні анық. Үйінің қабыр­ғасында ілулі тұрған ескі сағаттың тықылы – үйдегі жалғыз дыбыс. Кейде соның өзі де жүректің соғысындай естіледі.

Балаларына ренжімейді, бірақ сағынады. Сағынышын да іштей ғана кешеді. «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деп отыра береді.

Бір күні… Кешкісін, ауыл тағы да үнсіз. Кешкі дала салқындау. Көшеде тіршілік байқалмайды. Әдеттегідей, терезеге көз салдым. Жарық  жоқ. Көзіме сенбедім. Тағы  қарадым. Сөнген. Терезе қараң­ғы. Ешқандай сәуле жоқ.

Жүрегім  зу  ете қалды. Кешікпей, ауылға суық хабар  тарады. Әмина  апа  бақилық  болды. Сол күні шырақ сөнді. Үміт сөнді. Сағыныш  та  тоқтады.

Бірақ ауыл сол күннен бастап Әмина апаның жарығын жүректерінде  сақтады. Енді ол терезеде емес, әрбір жанның ішіндегі адам­дық сәулеге  айналды. Ауыл болып, енді сол шырақты бәріміз жағуымыз керек болды. Бірі – мейіріммен, бірі – қамқорлықпен, бірі – шынайы көңілмен. Өйткені, Әмина  апа  бізге  жарық  қалдыр­ды. Ол  жарықты  сақтау – бізге  аманат.

Аманат деп отырғанымыз – отбасындағы ұйытқыны сақтау, ата-ананың қадіріне жету. Бұл – тек сөз емес, жүрекпен сезілетін ауыр жауапкершілік. Оның салмағын, шын мәнінде, тек Әмина апа сияқты отбасы бола тұра, жалғыз өмір сүріп жатқан жандар ғана шынайы түсіне алады.  Дегенмен, біз Әмина апаның жалғыздығын жалғыз қалдырған жоқпыз. Барша ауыл болып бірге кештік. Себебі, әр күніміз, әр кешіміз Әмина апамен бірге үміт күтіп, терезесінен түскен жарықты аңсаумен өтетін. Оның шырағы сөнген соң ғана, алыстағы ұл-қыздары келгенде, олар үшін бәрі кеш болғандай еді. Өмірлерінде өкінішке толы бір тарау ашылды. Олар түсінді. Бірақ тым  кеш.

Ал  біз  сол тағдырдан, сол үнсіз шырақтан үлкен өмірлік сабақ алдық. Ата-ананың қадірін тірісінде білуге жол ашқан Әмина апаның аманаты болды. Бұл – бәрімізге берілген үміт, ескерту әрі өнеге.

ҚЫРМЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: