Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ата қарғысы (Әңгіме)

21.11.2024, 10:00 38

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданының  құрметті  азаматы

«Адамға жасаған қиянатың да, жақсылығың да сұрау­сыз кетпейді. Ал ананың наласына, әкенің қарғысына қалған баланың тағдыры қайғы-қасіретпен аяқталады. «Әке қарғысы – оқ» деп тегін айтылмаған» дейтін марқұм әжем. Әңгіме кейіпкерлері, олардың тағдыры нақты деректерден  алынды.

Есіктен жайдары жүзбен аттаған Күлзия апаны Арманның отбасы қуана қарсы алды. Әсіресе, Арманның әйелі Аманбикенің шаттығында шек жоқ. Олай  демегенде  ше?!   Күлзия  апа – Аманбикенің өзімен тетелес туған әпкесі, мұның қайынапасы болады. Біршама уақыттан бері жүздеспеген туыстар мәре-сәре, қауқылдасып жатыр. Арманның кәсіпкер досы Қанат «құлқынсәріден тұрып, базарға қарай домалаймын. Күнұзағына інінен шыққан суырша жан-жағыма жалтақтап, затымды өткізсем деп жанталасып жүремін. Қас қарая үйге зорға жетіп, тамағымды шала-шарпы ішіп, қалжырап құлаймын. Ертеңіне осы жағдай тағы қайталанады. Өмірім осылайша зырылдап өтіп жатыр…»  деп  қынжылатын. Сол әпенді (Арман өзінің құрдасы Қанатқа аңғал мінезіне орай осындай айдар таққан) айтпақшы, қарбалас  тіршіліктің  ағымында бір қалада тұрғандарымен, бұлардың да жиі кездесуге уақыттары бола  бермейді.

Қою күрең шайды асықпай ішкен туыстар үлкен тамақ дайын болғанша сыр шертісіп, өткен-кеткенді еске түсірген. Кенет… Күлзия апа «Замираның жалғыз баласы наша сатып ұсталып, ұзақ жылға сотталды. Өзі қазір қарттар  үйінде  тұрады»  дегені.

Арманның көзі қарауытып кетті. Тілі күрметіліп, «әке қарғысы… әке қарғысы… әке қарғысы…» деген сөзді іштей күбірлеп, қайталай бергенін өзі де сезбе­ген. Үйдегілер бұған аңтарыла қарап қалып­ты. Арманның санасынан мұнан тура қырық жыл бұрын болған оқиға кино  лентасынша  жылжып  өтіп  жатты.

…Жанарынан жасы тамшылаған әке бейнесі… Шашын шолтита күзеп, бетін баттастыра бояп алған Замираның, ағасы Әмірханның ашуға булыққан сұп-сұр жүзі… бәрі-бәрі дәл қазір болғандай елес­теп  өтті.

Замира Арманның жеңгесі болатын. Нақтысы, үлкен бауыры Әмірханның бұ­рынғы әйелі. Тағдыр дегенді қойсаңшы?! Сабыр­лы мінезді, ақкөңіл ағасының, әжесі­нің сөзімен жеткізсек, «қатыннан бағы жанбады». Бауыры жұмысына ұқыпты, ішкілікке үйірсектігі  жоқ  жігіт  еді. Армандардың  әулеті – өскен-өнген  жандар. Әмірхан аяқтанғанда бұл мектеп оқушысы болатын. Түскен күннен бастап Замираның қабағы бір ашылмай қойды. Үй шаруасына араласпақ тұрмақ, көпшілікпен бірге дастарқан басында отырып ас ішуге келмейтін. Келінінің бұл қылығына Арманның ата-анасы қатты қиналатын. Бірде шыдамы таусылған енесі көптен жырақтаудың дұрыс еместігін, жалғыздық Аллаға ғана жарасатындығын айтқанда келіні кекесінмен мырс ете түсті. Бұдан әрі сөз қозғаса, жанжалға шаба­тынын  сезген  қос  қария отбасының тыныш­тығын  ойлап, үнсіз  қалды.

Әмен ағасының (Әмірханды әке-шешесінен бастап, үй іші, көрші-көлем осылай атайтын) қабағына кірбің ұяламасын деп Арман мен өзге бауырлары  да жеңгесіне бәйек болатын. Құдық­тан су тасу, отын жару – Арманның мойнын­да, от жағу, кір жуу, тамақ дайындау тәрізді шаруалар – апа-қарындастарының еншісінде. Мұндай жұмыстарды атқару ауылдың кез келген адамына шемішкі шаққанмен тең екені белгілі. Алайда бұларды Замираның тоң-теріс кескіні, ешқашан ашылмайтын қабағы шаршатушы еді. Сәл нәрсеге ашу шақырып, көзінен жасы сорғалап шыға келетін. Қит етсе кетемге салып, заттарын жинай бастайтын келіннің оспадар қылығы отбасының әбден берекесін қашырды. Іргелі әулет тіпті Замира табалдырықтан аттағанға дейінгі сүттей ұйып отырған  мамыражай  күндерін  аңсай  бастады.

Осындай көңілсіз күннің бірінде Замира тағы да киім-кешектерін буып-түйіп, бажылдаған күйі сыртқа беттеген. Дауысы тұншыға шыққан Арманның әкесі «Балам, сен де мендей әкеден өрбідің ғой. Бар мақсатың бөлек шығу екенін айтып тұрсың. Кемпірім де – ауру. Әменімнен басқа балаларым әлі жас. Ауылда, үлкен отбасында тұруға көндікпей жүрген шығарсың. Мені жерге қаратпа. Ағайын-туыс­тың  басын  қосайын. Мал шалып, үлкендердің батасын алып берейін. Сонан соң бөлек шығарсыңдар. Сәл мұрша бер, айналайын» деп өксігін  жұтып  бөгелді.

Сөзге  құлақ асатын Замира ма? Жабайы мысықтай  шарылдап  далаға  жүгірді. Осы кезде  ешкім күтпеген жағдай болған. Көзінен жасы парлаған қайын атасы еңкілдеп жылаған күйі, табалдырықтың алдына кеселеп жата кетті. Есі ауысқан жандай тарқылдай күлген Замира әкесінің үстінен аттап өткенде, Арманға аспан айналып,  жерге  түскендей  болды.

Осы мезетте «Көке, бұл не сұмдық?! Тұрыңыз, тұр деймін, көке. Сізді аяғына жық­қанша, бұл өмірден қатынсыз өткенім артық. Тұрыңыз, көке!» деген қаһарлы дауыс үйдің қабырғасын қақыратып түсіргендей болды. Құдды, айбарлы арыстан ақырды дерсің. Бағанадан бері болған жайтты тістенген қалпы қадаға­лап тұрған Әмен екен. Жүгіре басып келіп, әкесін орнынан көтеріп алған ағасының жайшылықтағы аса мейірімді жанары осы сәтте жолбарыстың көзіндей қып-қызыл болып кетіпті. Басы кеудесіне сұлқ түскен әкесінің «Замира, екі дүниеде рақат көрме!»  деп  сыбырлай  шыққан  үні  тым  аянышты  еді.

Көп ұзамай Әмен әйелінен сот арқылы ажырасты. Кейін Армандар Замираның басқа адамға тұрмысқа шығып, ұлды болғанын, тағы да ажырасқанын естіген еді. Әмен ағасы өзі сияқты қарапайым мінезді ауыл қызына бас қосты. Перзент сүйіп, келін түсірді. Ал бүгінгі Күлзия  апаның  айтқаны  сол  Замира  болатын…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: