Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақсұлу (Қаз-қалпында)

21.03.2023, 9:40 271

Ол кезде жайдары жаз еді. Жазық далада, самал желмен қоса тербелген екі ғашық дарияның бойында тағы кездесті. 17 жастағы Ақсұлудың көркіне көз тоймайтын. Аққұба, бойшаң келген бойжеткеннің қос бұрымы арқасында өрулі тұратын. Өзі сүйген Ержігіттің қолынан ұстап, тұрмысқа шыққалы  жүр. Жігіт жақ қыздың қалың  малын да  өтеп қойған. Құтты орнына қондырамын деп жүргенде бір оқиға болды. Бұл Ақсұлудың өмірін басқа арнаға бұрып жіберерін ешкім де  білмеген  еді.

Ол кездері қалтафон түгіл үй теле­фоны да жоқ. Қыз бен жігіттің кездесуінде өзіндік сыр бар. Әдеттегіше келіскен уақытта, кездесетін жерге бұл жолы Ақсұлу ерте келді. Әр көрісудің алдында жазық даланың құшақ гүлін қолға уыстап алып алдынан шығар Ержігіт жоқ. Алысқа көз тас­тап, әрі-бері  іздегенімен  адам  қарасы көрінбейді.

«Мүмкін емес, – деді іштей. – Иә, иә. Жүрегім  сезеді. Бір жағдай болған болар…».

Арада өткен бірнеше сағатта қайталана берген сөздер осы еді. Күн ұясына батып, кеш түсіпті. Бұдан әрі ұзақ күте алмайтынын білген ару амалсыздан үйіне оралады. Қараша үйдің алыстан көріне бергені сол еді, зар жылаған анасының дауысы еміс-еміс естіледі. «Апырым-айлап» үйге асыққан бойжеткенді суық хабар біраз есеңгіретіп тастады. Сенер емес. Кеше ғана болашаққа бірге арман қуып, қол ұстасып, бақытты сәтке куә болған болашақ жары дүние­ден озыпты. Небәрі 20 жастағы жас жігіт­тің ажалы қадақтан келген екен. Амал не? Көнбеске шара жоқ. Тірі адам тіршілігін жасайды деп жүргенде Ақсұлудың үйіне шақырылмаған қонақтар  келеді. Ол Ержігіттің апа-жеңгелері  еді.

– Қайғылы оқиғаға жүрегіміз қарс айырылып барады. Бірақ, өмір жал­ғасуда. Сіздерге әкеліп берген қыздың қалың малы бар. Болашақ күйеуі ажал құшты. Дегенмен, ізінен ерген інісі бар. Соған Ақсұлуды әмеңгерлікпен алып беруге келдік, – деді сол қонақтың  ішіндегі  ең  үлкені.

Бетін қыржым басып, жасы едәуір кәрі болғанымен, қимылы ширақ. Қатулы қабағымен бір рет қана сөйледі. Оған қарсы келуге ешкімнің де шамасы  келмейтіндей.

Барлығы басын изеп «иә» десті. Тек бір ғана адамның санасы «жоқ» деп  сайрап  тұр  еді.  Бәрі  бір оны елер  ешкім  жоқ.

– Отыр, – деді қатулы дауыспен әлгі  әжей.

Қаз-қатар тізіле жүрген түйе кер­уен. Шөбін күйсеп, маңғаздана жүргенімен, топырақ бұрқырап, алысқа сағым  болып  кете  барды.

Анадай жерден қараша үйдің қарасы көрінді. Күннің шыжығаны соншалық, шөл де қысып барады. Манадан бері үнсіз келе жатқан Ақсұлудың да таңдайы кеуіп қалған. Ешкімге, ештеңе деп сөйлеуге батар емес. Тек жанарынан көлбей аққан тамшы  жас аппақ бетінен моншақ­тап  сырғи  береді, сырғи  береді.

– Келдік, әкеліңдер, – деп бұйыра сөйлеген әлгі әжейдің қатқыл дауысы  естілді.

– Әй,  келін! Мынау – сенің күйе­уің, – деп есік алдында топыраққа олай да бұлай аунап,  ойнап  жүрген  9  жастағы  баланы  көрсетті.

Аңтарыла қалған Ақсұлудың ол кездегі жан күйзелісін ешкім сезінбеген еді. Өзінен 8 жас кіші күйеуін ойнатқанымен қоймай, үш бірдей енесі бұған күн көрсетпеуді бастады. Таң атқаннан басталатын күйбің тірлік кеш батқанда бір-ақ бітеді. Осындайда сыртқы жақтан үлкен енесінің дауысы естілетін. Сондағысы, әлгі бала-күйеудің шаң-шаң болып, кешке дейін ойнап келгенінде «Ана күйе­уіңді жуындырып, орнына жатқыз» дейтіні еді. Солай жасайды да. Ойын­ның қызығына батқан баланың ер жетуіне  әлі  талай  жыл  бар.

Бір күні ауылға сырттан мұғалім жігіт келеді. Талай шырақты жағуға келген ұстаз Ақсұлуды сырттай көріп, ғашық болады. Тұрмыстағы келіншек екенін, жағдайының қандай екенін естіп жүр. Сезімін білдіруден де жасқанбады. Бірақ Ақсұлудың «жоқ» деуі әр үмітті одан әрі жаға түскендей. Көп емес,  арада  өткен 2-3 айда арудың да ойы әлгі жігітке ауды. Жасырына кездесе жүріп, бұл мекеннен  кетіп қалудың жолын іздес­тірді.

Кешқұрым. Ымырт. Терек талдың түбіне келген Ақсұлу Сартайды ұзақ күтті. Әйтеуір тұманнан ештеңе көрінбесе де, кісінеген аттың дауысы жерді жарып барады. Қолынан ұстап, қарғып мінгесіп, жігіт жаққа тарта жөнеледі.

Бұлар келгенде Сартайдың отбасы Ақсұлуды онша-мұнша қабылдай қоймады. Тағы мұрнын шүйірген үш ененің ортасына түскен арудың мұнан басқа көнбеске амалы жоқ. Кім не десе о десін, жас жұбайлар бақытты күнін сүріп жатты. Бірақ бұл ұзаққа  созылмады.

Қазақта бесік құда деген салт бар. Онда сәбилердің бесікте жатқанынан-ақ ұл жақ пен қыз жақтың құдаласу жоралғысы жасалады. Сартай туылғанда әкесі ең жақын досымен осылай құдаласқан екен. Ендігі қызы бойжетіп, бар дүние-­мүлкімен Сартайдың шаңырағына келеді. Ақсұлудың да, Сартайдың да бұған  қарсы  шығар қауқары жоқ. Солай Толқынды осы шаңыраққа әкесі тастап кетеді. Би енелер отырған үйдің сол жағына Ақсұлуды көшіріп, бөлек шығарады. Ал Толқын болса оң жақ беттегі киіз үйге орналасқан. Өзі ерке, жұмысқа шорқақ, қолынан іс келмейтіні бар. Шашы да дуда-дуда болып, желбіреп жүреді. Осындайда Сартайдың жұмыстан келер сәтін күткен үлкен енесі Ақсұлуға бұйыра­тыны  бар.

– Әй, бері кел, – деді ол.

Істеп жатқан жұмысын ысыра сала енесіне жүгіріп келгенде:

– Ана қызды дайында, – деп бір-ақ ауыз сөз айтты.

Мұның арғы жағы белгілі еді. Қараша үйдің оң жағына қарай беттеп, Толқын отырған киіз үйге кірді. Айнала ығып жатыр. Ақ көйлегін әрі-бері желбіретіп  Толқын  жүр.

– Мында кел, – деді Ақсұлу нәзік  дауысымен.

Әлгі қызда үн жоқ. Жас бала­ша жүгіріп  келіп, оның қасына жайғас­ты. Жүрек шіркін қызғаныш­тан өртеніп жатса да, Толқынды жуынды­рып, шашын тарап, қос бұрымын тастай қып өріп берді. Киімін ауыс­тырды, айналасын түзеді. Кеудеге тол­ған өксік жарылардай еді. Бірақ оны сыртқа  шығаруға  шамасы  келер емес.

Сәлден соң Сартай да жұмыстан оралды. Мұндайда жеңгелері қос үйдің қайсысына барар екен деп аңдитыны бар. Жоқ. Бұл жолы да сүйген жары Ақсұлудың қасынан табылып, тағы да жанына демеу болды.

Жүрегі жылулыққа, мейірімге толы келіншектің жанында балалар да ілесіп жүретін. Қайнылары мен қайын сіңлілері осыған сеніп, әкеліп тастайды. Өзі жүктіліктің 9 айында жүрсе де әр балаға пана болып, бар жағдайын жасап отырды. Оны күйеуі осынысымен-ақ бағалай білетін…

…Кәмпескілеу дегеннің уақыты жүріп тұрған шақ. Сартайдың әкесі болыс болатын. Ол жағдай бұлардан да айналып өтпеді. Әрі бір еркек екі әйел алуға болмайтыны да бар. Солай Сартайға таңдау түседі. Иә, Ақсұлу, болмаса Толқын. Ал ол еш ойланбастан Ақсұлуды таңдап, екіншісін үйіне  қайтарады. Солай арада жылдар  зырғи  берді.

Он беске толған Хадиша – отбасында жалғыз қыз. Осы қызын бағып-қаққан әке-шешесі бар тәлімін бойына сіңіре өсіреді. Хадишаның ақылдылығы  сондай, үлкендерше ойлап, ғылым  мен  білімге құштар болады.

Бірде  Сартай көрші ауылға жұмыс бойынша  сапарлатады. Сонда кезінде өзі үйіне қайтарған Толқынды кезіктіреді. Әйел  болған соң ба, мұны  көріп  ол  үндемей  қалмайды.

– Тұрмысқа шықтым. 10 ұлды дүние­ге  әкелдім. Ал сен  бір ғана қыз­бен өмір сүріп келесің, – дейді Толқын кекете  сөйлеп. Сонда  Сартай:

– Менің бір қызыма сенің  10  ұлың да татымайды, – деп жауап  береді.

Көкірегі қарс айырылған келіншек бұдыр жолда үнсіз ғана қала берді…

…Бүгін Ақсұлудың 54 жасқа толған туған күні. Бірақ жасырына сыртқа шығып, ауық-ауық жөтеліп келетіні бар. Бұл бірінші рет емес. Бұлай жалғасқанына көп болды. Ешкімге тіс жармайды. Тек  қызыл қанға боялған қол шүберегін  қызы­нан  жасырып, жуып алады. Бүгін де солай жасады. Сәл қимылды көтере алмай, ентіге келіп төсегіне жайғасты. Қасында отыр­ған Хадишасының қолын қыса ұстап, соңғы өсиетін айтты. Одан соң үнсіздік. Бұл аралықта Ақсұлудың жаны өмір мен өлімнің орта­сында арпалысып жатыр еді…

(Бұл оқиғаны қаз-қалпында назарыңыз­ға ұсынып отырмыз. Ол кезде­рі қазақ қызында таңдау болмаған. Оның тағдыры, әйел теңсіздігі жа­йында қалам тербемеген қазақ жазушылары жоқ шығар?! Олардың әрқай­сы­сының  айтар ойы – сол кездегі қазақ даласында өз теңіне қолы жетпеген қазақ қыздарының бақытқа жетудегі күресі. Талпынысы, тартысы. Бақытты не бақытсыз аяқталған оқиғасы. Ал біз жазған кейіпкер сол уақыттары өмір сүрген жан еді. Ол да әйел теңсіздігінің құрбаны болып, ақыры  қызының қызығын көрер шағында  өмірден  өте  берді…).

Айнұр  ӘЛИ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: