Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыны да, сыры да кетпеген киемізді сақтап қалайық

25.01.2024, 10:20 294

Бөген  түлектеріне  арнау

Қадірменді Бөген топырағынан түлеп ұшқан тамыры текті түлектер, жаны жайсаң жерлестер!

Қазақта қадірлі үш нәрсе бар. Біріншісі – ата-анаң, екіншісі – кіндік қаның тамған туған жерің, ал үшіншісі – ұлық ұстазың мен алтын ұя мектебің. Бұл үшеуін қадір тұту – әрбір пендеге парыз. Ал, біздің ауылымыз­да осы үш киенің басын қосқан тарам-тарам тарихтың шежіресіне айналған алып ғимарат тұр. Бұл кешегі ата-әжеле­ріміздің ақ тілегі, маңдай терімен салынған, ұлы ұстаздарымыздың болмысымен сыланған, әрбіріміздің кіндік қанымызбен әрленіп, арман-қиялымыздың өмірбасту алаңы болған жұмақ мекен еді. Бүгінде анамыздай аялы, атамыздай ақылман бейнеге айналған, ауылдың алқалы символі, ақшаңқай алтын ордамыздың тағдыры қыл үстінде тұр.

Кешегі кеңес заманында ауылымызда не болмады? Кешенді 25 орындық аурухана, амбулатория, 3 клуб, бала­бақша мен бөбекжай, мұзқала, кітапхана, дүкендер, сонымен қатар балық аулау зауыты (БАЗ), ММС мекемелері  ғимараттарының  бұл  күнде ізі де қалмады.

Өткен жылы аяулы мектебімізден – жалғыз тарихи жәдігерімізден де айырылып қала жаздадық. Аукционға түсті. Құдай қолдап бұл сынақтан аман қалды. Туған жердің әр қиыршық құмын кие көретін Мақсат Бақтыбергенов бауырымыз оны сатып алды. Бір өзі тектілік пен тұлғалықты көрсетті. Енді ол ғимаратты Мақсаттың бір өзі ұстап тұра алмайды. Ендігі сынақ, сол тұлғалық пен тектілік осы мектептен оқып шыққан барлығымызға түсіп  тұр.

Қадірлі алыс-жақындағы ауылдастар, Бөгенім деп жүрегі  соққан  бауырлар!

Небір қанаты талмас қыранға қанат қақтырған, небір тұяғы дүбірлі тұлпарға жол ашқан, теңіз дәуреніміздің алтын шамшырағына айналған бұл ғибратты ғимаратты сақтап қалу және оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – әрбірім­іздің  азаматтық  парызымыз.

Ол үшін не істемек керек?

Биыл 70 деген жоталы жасқа жетіп отырған көнекөз мектебімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық дейтіндердің ұсынысы көп. Бірі мектеп ғимаратын жөндеп, мұражай  ашсақ десе, енді бірі ойын автоматтарын әкеліп, балаларға арналған ойын-сауық орталығын жаса­сақ дейді. Мақсаттың өзі қаражат болса мектептің 2-қабатының қабырғасына Бөген ауылына қатысты тари­хи суреттер салдыру секілді ойын айтады. Осындай жұмыстарды жүргізуге арнайы қор ашсақ дейтіндер бар. Алайда, ол қай бағытта болмақ, кім жүргізбек, қаражат қалай жинал­мақ, не істелмек? Мектеп ғимаратының жұмы­сы басталып жатса, ауылдық  әкімдік тарапынан екі  қоғамдық  қызметкер  алуға  мүмкіндік  бар.

Ал, сіздерде қандай ұсыныс бар?

Ой-санамызды білімімен нұрландырған көненің көзі мектебіміздің тағдыры қазір біздің нақты шешіміміз бен амал-әрекетімізге қарап тұр. Жиылайық, бірі­гейік. Алыстан сағына қол созып Бөгеніміздің мәртебесін асқақтатып, тоқсан тарау тарихынан сыр шертіп тұрған, жетпіс жылдың жүзі өтсе де, сыны да, сыры да кетпеген КИЕМІЗ­ДІ  сақтап  қалайық,  жақсыларым!

Ш.Андызбаев,

А.Абдикаримов,

М.Құрманалиев,

Б.Үргенішбаев,

Ж.Тоғысов,

М.Суханберлі.

(Арнау хатқа барлығы 50 адам қол қойған)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: