Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер неге міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі қажет?

28.11.2025, 11:10 107

Фото Depositphotos.com

Көптеген өндіріс орынында қызметкерлер күн сайын адам ағзасына кері әсерін тигізетін факторларға тап болады. Олардың қатарында шу, вибрация, химиялық заттар, шаң-тозаң, жоғары немесе өте төмен температура, ауыр дене күші, радиациялық әсер сияқты қауіпті өндірістік жағдайлар бар. Осындай ортада жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығын сақтау үшін арнайы медициналық тексерулер өткізілуі міндетті.

Медициналық тексерулердің мақсаты қандай?

Міндетті медосмотрдың негізгі мақсаты — қызметкердің денсаулығын қорғау және жұмыс орнындағы қауіптілікті азайту. Тексеру барысында:

  • кәсіптік аурулардың ерте белгілері анықталады;
  • зиянды факторлардың ағзаға әсері бағаланады;
  • жұмыскердің өз міндетін атқаруға жарамдылығы нақтыланады;
  • қажет болған жағдайда уақытылы ем немесе сауықтыру шаралары ұсынылады.

Көптеген кәсіптік ауру бастапқы кезеңде байқалмайды. Мысалы, шу әсерінен болатын есту қабілетінің төмендеуі, химиялық заттардың бауыр мен өкпеге жасырын әсері немесе вибрациядан сүйек-бұлшықет жүйесінің зақымдануы тек арнайы тексерулер арқылы анықталады.

Қандай тексерулер жүргізіледі?

Зиянды жағдайда жұмыс істейтіндер үшін арнайы медициналық тексеру құрамында мыналар болуы мүмкін:

  • қан мен зәрдің жалпы талдауы;
  • өкпенің рентгенографиясы немесе флюорография;
  • электрокардиограмма;
  • ЛОР, офтальмолог, невропатолог, терапевт қабылдауы;
  • есту, көру, өкпе функциясын тексеру;
  • химиялық немесе биологиялық факторлармен жұмыс істейтіндерге қосымша зерттеулер.

Тексерулердің жиілігі кәсіпорындағы қауіптілік деңгейіне байланысты жыл сайын немесе одан да жиі жүргізіледі.

Қызметкердің де, жұмыс берушінің де жауапкершілігі бар

Еңбек кодексіне сәйкес, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер міндетті түрде алдын ала (жұмысқа тұрған кезде) және мерзімді медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бұл — жұмыс беруші үшін де заңды талап. Өйткені кәсіпорында жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек өндірістік процестің ғана емес, кадрлардың денсаулығы мен әл-ауқатының кепілі.

Зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтар — ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Олардың денсаулығын қорғау, кәсіптік аурулардың алдын алу және ұзақ мерзімді еңбек қабілеттілігін сақтау — қоғам алдындағы маңызды міндет. Сондықтан медициналық тексерулерді уақытылы өту — қауіпсіздік пен денсаулықтың басты кепілі.

Эльмира АЛМАГАНБЕТОВА,

Қызылорда бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: