Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар неліктен темекіге әуес?

26.05.2022, 9:00 1045

Көшеде көліктің көк түтінімен қатар темекі түтіні   де ауаны ластап жатыр. Мұның барлығы денсаулыққа зиян,  ал шылымнан шыққан әр түтін адамның ағзасын әлсіретіп, өкпе жолын  зақымдайды.  Бұл – қоғам дерті. Отбасын асырап, күйбің тірліктен күйініп кеткен егде жастағы азаматтардың бұл бәлені тартып тұрғанын көргенде қалыпты қарайсың,  себебі оларға қоғам рұқсат еткендей. Ал бесіктен белі шықпаған 14-18 жастағы балалардың ешкімнен ұялмай, дүкендердің алдында, ашық алаңқайларда топталып темекі тартуы кері  кеткенін аңғартады. Олардың отбасында бұл тақырып қозғалмай ма, әлде әлгі «жүгенсіз» жүруді  мақтанға  балай  ма?!

Бұл сауалдар аясында зейнет жасындағы көпжылдық тәжірибесі бар балалар психоло­гінен  пікір  алдық.

– Жастар темекіге құштарлыққа екі жолмен келеді. Біріншіден, бір адамға еліктеу болса, екіншіден, темекі шегу – оның көзінше мықтылықпен шектесу. Нақтырақ айтатын болсам, бір баланың қоршаған ортасында немесе бойына сіңірген тәрбиесінің дұрыс болмауы. Себебі айналасындағы адамдардың жат жолды ұстанып, зиянды заттарды пайдаланып жүргенін көреді. Мұндай жағдайда балаға оның зиян екенін ескертіп, ісіне тосқауыл қойылмаса, оның психологиясы қиындықсыз қабылдап алады. Екі баланың психоло­гиялық дамуында бұл нәрсе күшті немесе басқаға ұнайды деген нормамен сақталуы, айналасындағы достары осы заттар арқылы мақтанып, не болмаса үлгі алатын адамдары осы затты тұтынатын болса, жастар зиянды заттарға әуес келеді, – деді.

Бұл күнге дейін психолог дәл осы жағ­дайдағы көптеген балалармен жұмыс істеп, психолог­иялық көмек  көрсеткенін жеткізді. Сол үшін өз  есімін  жасырын  қалдыруды  жөн  санады.

Темекінің  жапырағында танин, желім, шайыр, крахмал  және  алкалоидтар бар. Теме­кі түтінін  30-дан  астам  улы зат құрайды, оларға  никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тоты­ғы,  аммиак, шайырлы заттар, органи­ка­лық қышқылдар және басқалары кіреді. Теме­кіден ауаға  жылына жалпы есеппен 720 мың тонна күкірт  қышқылы, 384 мың тонна амми­ак, 180 мың тонна никотин, 660 мың тонна темекі майы,  550 мың тоннадай иісті газ шығады. 2 қорап темекінің құрамындағы нико­тин мөлшері сіздің  өміріңізді  анағұрлым қысқартып, денсаулығыңызға зор зиян әкеледі. Бұл мәліметтер ізденген адамға интернетті шулатып тұр.  Бірақ ләззат іздеген адам пайдасыз заттың зиянын біліп қайтсін?!  Білсе де «түкіргені бар». Дүкеннен 600 теңгеге бір күндік рақатын сатып алып,  өзі шеккенімен қоймай,  өзімен тете жастардың санасын улап,  шылымға әуесін ашып,  «жүгенсіздердің» қатарын көбейтуде. Есептесек, бір айда 15000 теңгеден аса шығын қалтаны қағып алады екен.  Қанша бұл нәрседен алыс болса да, «ортам бұзады» деп сылтаудың сан мыңын тауып жатады жастар.  Сондай жандардың қатарынан табылған,  өз есімін құпия сақтауды қалаған  Қызылордадағы белгілі білім беру орнының  студенті  қазір өзі секілді жас жеткіншектердің көп  екенін  айтты.

– Мен мектеп қабырғасынан бастап теме­кі тартып, алкогольді заттарға  әуес болдым. Себебі достарым да сондай еді. Бұл нәрсені ата-анам да, ұстаздарым да білген жоқ, әлі де білмейді.   Дегенмен, мұны балалық санаймын, алда бұндай заттардан арылып, достарымды да жақсы жаққа бұрамын, – деп сөзін жақсы оймен аяқтап, қалтасында қораптап жүретін темекіні достары мен дүкен сатушыларынан алатынын  айтты.

Бірақ бастауын бастап, тастауы  қиын соғатын сигарет  қалаға аяқ басып, оқуға енді түскен, кәмелеттік жасқа жетпеген  жеткін­шектерді ұмытшақтық, мидың қурауы, өкпенің қабы­нып, жай  жұмыс істеуі сынды  ауруға шал­дық­тырып, «бақытты балалық шағын»  бұзбақ.  Мұндай  жағдайда қайтпек  керек? Әрине, заң бойынша  еш  жерде  21 жасқа дейін­гі балаларға  темекі немесе алкогольді заттар сатылмайды,  тіптен түнгі 23:00-ден кейін үлкен  адамдарға сатуға да  рұқсат  жоқ. Ал кәмелет  жасына  жетпегендер шылымды қайдан алып жүр? Иә,  дүкеншінің  темекі  сөресі «21 жасқа толмаған  балаларға  сатылмайды,  бұл  заң»  деген таңбамен толып тұрса да оған ешкім тұсау салып, төлқұжатын ақтарып жатқанын көрмеппіз. Осы сауал төңірегінде «Кулинария» дүкенінің сатушысы Жұлдыз Искакова бүгінге дейін  кәмелетке толмағандарға мүлде темекі сатпағанын  айтты.

– Дүкеніміз дәл орталықта болған соң студенттердің көбі бізге келіп сауда жасайды,  арасында темекі,  алкогольді сусындар сұрап келетіндері де бар.  Бірақ бірден 21 жасқа толмағандарға сатылмайтынын айтқанда өзде­рі-ақ кете береді. Біз үшін ақша емес,  болашақ ұрпағымыздың денсаулығы маңызды, – деп темекі өнімдерін тек заң аясында сататынын жеткізді.

Сонымен қатар, жастар арасында элек­трон­ды сигарет шегу сәнге айналған. Мұны пайда­ланушылардың қатарында  оқушылар мен бойжеткен қыздар да бар. Етектілердің ерсі әрекетіне қоғам таңдануды қойған. Өйт­кені, көбі «заман өзгерген» дегенді алға тарта­ды. Электронды сигареттің түрлері көп, бағасы да арзан емес. Атын айтып, түсін түстесең, жарна­ма болып кетуі ықтимал. Сол үшін бағасын  ғана  белгілеп кеткеніміз жөн. Арзаны 9000 теңгеден басталып, сапалысы 30000-40000 теңгеге дейін барады. Кәмелеттік жасқа толмағандар үшін бұл баға ата-аналардың қал­та­сынан  кететі­ні  айтпаса  да  белгілі.

Еліміздің ертеңі деп сенген жас ұрпақтың қа­зірден жат жолға түсіп,  денсаулығына атүсті қара­мауы үшін аға буын ағалығын,  дүкенші дана­лы­ғын жасауы қажет.  Даналық пен ағалық заң шеңберінде жүзеге асса, темекіге әуес жас­тар, сигарет­ке тәуелді арулар, ішімдікке құмар сту­дент­тер азаяр еді. Формула оңай,  іске көшейік!

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: