Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінде тағы 5 амбулатория ашылды

28.12.2023, 10:15 257

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен тағы 5 дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті. Түске дейін аймақ басшысы Арал ауданының Бөген, Қызылжар елді мекендеріндегі жаңа нысандарды табыстау іс-шарасына қатысса, түстен кейін Қазалы ауданындағы 3 амбулатория пайдалануға берілді. Оның алғашқысы Сарыкөл ауылдық округіндегі Абай ауылында ашылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігін арттыру, ауруды ерте анықтау үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданып, ол бойынша жер-жерде медициналық нысандар салынуда. Қолданысқа берілген амбулаториялар осы ұлттық жобаның сәтті жүзеге асқанын көрсетеді.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Сыр медицинасындағы жаңашылдықтар, бастамалар қолдау тауып келеді. Денсаулық сақтау саласының бастапқы буыны – алғашқы медициналық көмек көрсету, аурудың алдын алу. Ол үшін әрине, типтік ғимарат, мықты материалдық база керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсаты – ауыл медицинасының әлеуетін арттыру. Ұлттық жоба аясында облыстың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Оның 15-нің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Бұған дейін Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 7 және бүгін Арал ауданында 2 жаңа ғимаратты табыстадық. Қазалы ауданының Абай, Бозкөл және Кәукей ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар қызметін бастайды. Біз ұлт саулығын нығайту бағытындағы кешенді шаралар легін жалғастыра береміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпамыс Түрікпенәлі алғыс айтып, бата берді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Дәл осындай амбулаториялар Қазалы ауданының Бозкөл, Кәукей ауылдарында да ашылды.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5 млрд 100 млн теңге бөлінді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: