Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салқында мына 6 сырқат түрінен сақ болыңыз!

21.12.2023, 9:00 247

Дәл  қазір  – күн  райының қолайсыз  уақыты. Суық өңменіңізден  өтіп, денеңізді сырқатқа шалдықтырмасын. Дәрігерлердің айтуынша, адам ағзасындағы D дәруменінің қоры азайса, төмендегідей аурулар күшейіп, иммунитетіңіз  төмендейді екен. Сол үшін  бұл аурулардан сақтау шараларын үзбей жасап тұруға кеңес береміз.

Тұмау – тұмау вирустары қоздыратын жұқпалы ауру. Тұмау жіті респир­аторлық вирустық инфекция тобына жатқанымен, мұны жай ғана суық тиюмен шатас­тырмау керек, өйткені өкпе, жүрек, ми қабынуының ас­қынуына әкеп соқтыруы ықтимал. Тұмауратқанда үйден шықпай, көбірек демалып, жылы сұйық­тық (су, шай, компот, морс, сорпа және тағы басқа) ішу керек. Дене қыз­уы түспей, тыныс алу қиындап, ентіге бастағанда, кеуде тұс, іш ауырса, бас айналса, дәрігерге жүгіну қажет. Тұмаудың  алдын  алу  үшін  қолды  үнемі  сабындап жуып, қоғамдық орын­дарда маска тағып және әлеуметтік арақашықтықты сақтап, жыл сайын тұмау­ға  қарсы  екпе  салдырған  жөн.

Менингит – өте қатерлі ми ауруы. Менингококк инфекциясы қыста және ерте көктемде өршиді. Көбiне суықтан пайда болатын бұл ауру ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Инфекция ауа-тамшы арқылы, яғни жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде жұғады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айна­лымына енiп, қоздыр­ғыштарды күшейтедi. Иммундық жүйесінің қалыптаспауына байланыс­ты бес жасқа дейінгі балалар онымен жиі ауыра­ды. Менингит белгілері: бастың қатты ауыруы, шөлдеу мен құсу, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бозару, тәбеттің төмен­деуі, бөртпе, әлсіздік, арқа және аяқ қолдың ауыруы. Белгілердің бірі байқалса, міндетті түрде дәрігерге жүгінген жөн. Ауру­дың тұмау, баспа, тонзиллит сияқ­ты зиянсыз ауру­ларға ұқсап, жеңіл өтуі мүмкін, сондықтан өте қауіпті. Бұл дерттен қорғану үшін адамдар көп жина­латын жерлерге бармау керек, сондай-ақ, суықтамау  және  ауа райына қарай киіну керек. Жеке гигиена ережелерін сақтап, саламатты өмір  салтын  ұстану  қажет.

Отит немесе құлақтың қабынуы. Құлақтың қабынуының лас су арқылы құлаққа инфекцияның түсуі, толық емделмеген инфекциялық аурулар, ұзаққа созылған салқын тию секілді бірнеше себебі болуы мүмкін.  Құлақ инфекция­сының жиі кездесетін түрі – ортаңғы құлақтың қабынуы. Ортаңғы құлақ қуысына суық тиіп, қабынғаннан және жасушалардың ісінуінен пайда болады. Асқынған құлақ инфекциясы аз уақыттың ішінде дамиды және ауыр түрде өтеді. Отитті дәрі-дәрмекпен, физио­терапия және хирургиялық жолмен емдей­ді. Құлаққа тамызатын тамшылар мен антибиотиктерді дәрігер кеңесімен пайдаланған жөн. Отиттің алдын алу үшін құлақты үнемі тазалап, ішкі және сыртқы қабатын жуып отыру керек. Суық күнде құлақты жылы ұстап, бас киім  киіп  жүру  қажет.

Гайморит – үстіңгі жақта орналасқан мұрынның қосалқы қуысының қабынуымен сипатталатын ауру. Бұл дертпен адамдар көбінесе суық мезгілде ауырады. Әсіресе, жеңіл киініп, денсаулығына немқұрайды қарайтындар ауруға тез шалдығады. Сондықтан, гаймориттің алғашқы симптомдарын байқаған соң, бірден отоларинголог маманға көріну керек.  Бұл дерттің алдын алу үшін салқын тигізбеу, тұмау ауруының кез келген белгісі байқала салысымен емдеу және саламатты өмір салтын ұстанып, иммунитетті ұдайы нығайту қажет.

Бронхит – бронхтардың шырышты қабатының қабынуы. Бронхитке көбінесе жөтел тудыратын инфекциялар себеп болады, алайда бронхит созылмалы да болуы мүмкін. Бұл әдетте өкпеге ауа өтетін түтікшенің ішіне төселген тіндер қабынған кезде болады. Бұл түтікшелер бронхтар деп аталады. Әдетте адамдардың бронхитпен ауыруына суық тиюі немесе тұмау себеп. Бронхиттің басты белгісі – бірнеше аптаға дейін созылатын  ұзақ  жөтел.

Көп жағдайда бронхит өздігінен кете­ді, бірақ ол үшін бірнеше апта қажет. Бронхит антибиотиктпен емделмейді, себебі антибиотик бактерияларды ғана жояды, ал бронхитке көбіне вирустар себеп болады. Жазылып кету үшін, дема­лып, көп мөлшерде сұйық ішу керек. Одан бөлек, тамақтың тітіркенуін қойдыратын дәрі-кәмпиттер тұтынып, тұмау мен жөтелге қарсы дәрілер ішіп, салдырып  тұрыңыз.

Цистит немесе қуықтың қабынуы. Қуыққа инфекция түскеннен пайда болады. Аурудың дамуына қуықтың шырышты қабығын тітіркендіруге дененің қатты тоңуы себепші болуы мүмкін. Дене ауырса жылы ванна қабылдап, жылы су көп ішіп, жиі дәретке шыққан абзал. Осылайша ағза инфекциямен оңай күреседі. Денені суықтатуға болмайды. Жалпы зәр анализін тапсырып, қажет ем тағайындау үшін нефрологқа жүгініңіз. Зәр қызыл түсті болса, арқа немесе іштің екі жағы ауырса, дене қыз­уы көтеріліп, лоқсу не құсу секілді белгі­лер болса, тезірек дәрігердің көмегіне жүгіну  қажет.

Бұл сырқаттардың белгілері байқал­са, дереу дәрігерге жүгінуге кеңес бере­міз. Қазір күн райының суытқан кезінде бұл  өзіңізге де, жақындарыңызға да қауіп  тудыруы  мүмкін. Дегенмен, ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде­ңіз, қадірлі  оқырман!

Дайындаған Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: