Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салғырттықтан – сал ауруына немесе қызылшаның қаупі қандай?

27.03.2026, 7:00 51

Денсаулық – кез келген қоғамның ең басты байлығы. Ұлттың болашағы да, елдің ертеңі де халықтың саулығына тікелей байланысты. Алайда, соңғы жылдары қоғамда денсаулыққа деген жауапкершілік әлсіреп, медициналық кеңестерге күмәнмен қарау, алдын алу шараларына салғырттық таныту секілді жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе, вакциналау мәселесінде қоғам екіұдай пікірге бөлініп, ғылыми дәлелденген медициналық ұсыныстардың өзі талас-тартысқа айналып отыр. Мұндай немқұрайдылықтың салдары кешікпей сезілді. Оған дәлел, бір кездері бақылауға алынған жұқпалы аурулардың қайта бас көтере бастауы. Соның ең айқын дәлелі – қызылша  дерті.

Кеше ғана медицина жетістігінің арқасында сирек кездесетін аурулардың қатарына қосылған қызылшаның бүгін қайтадан кең тарала бастауы қоғамдағы денсаулыққа деген көзқарастың өзгергенін, алдын алу шараларына деген жауапкершіліктің әлсірегенін аңғартуда. Бір кездері жаппай вакциналау арқылы бақылауға алынған індеттің қайта бас көтеруі қоғамдық денсаулық мәдениетінің осал тұстарын айқын  көрсетіп  отыр…

Бірнеше күн түспейтін жоғары дене қызуы, денедегі белгісіз бөртпелер, тамақ бітелуі, сондай-ақ жарық­тан қорқу, шамадан тыс әлсіздік қызыл­ша вирусының белгілері болып  саналады.

Бүгінгі күні осы дерттің таралу жолы тікелей екпенің болмауымен байланыстырылады. Нақтылайтын болсақ, бұрындары вакциналаудың нәтижесінде аталмыш дерт азайған болатын. Ал, қазіргі уақытта екпенің егілуіне қатысты екіұдай пікір қалыптасып, тіпті күмән туындап, бас тарту ата-аналар тарапынан жиіледі. Атап айтқанда, екпе егілгеннен кейін­гі балада болатын ауырсынулар, тіпті, екпе салдарынан ми, дене дамуы­ның тежелуіне, сорақысы, сал ауруына әкеліп соққан жағдаяттарды себеп етуде. Осы секілді бейресми ақпараттың көптеп таралуы қазіргі уақытта біз қозғап отырған қызылша дертінің кеңінен жайылуына жеткізіп отыр. Ресми деректер мен дәрігерлердің дәлелдеуі бойынша бұл жұқпалы дерт екпе алмаған, тіпті, екпе егілген жандарда да кездеседі. Десе де, екпеден бас тартқан нау­қас­тарда  ауру  ауыр  деңгейде  өтеді.

Алдымен, қызылшаның кеңінен таралуына не себеп? Осы сауалды саралайық. Көп жағдайда бұл вирус­тық ауру ауа арқылы тез таралып, нәтижесінде эпидемияға айналу ықтималдығы өте жоғары. Мамандардың айтуынша, қызылша вирусын жұқтырған адам 21 күн ішінде бір мезетте айналасындағы 15-18 адамға дейін жұқтыру қаупі жоғары екен.  Ал енді, бұл қызылша вирусының осыншалықты қауіпті екенін біле тұра алдын алуға әрекет қылмайтындар да жетерлік. Ашығын айтқан­да, қазіргі ақпараттың көп­түрлігі мен кей ата-ана мен медицина қызметкерінің салғырттығы осыған  саяды. Мәселен, екпеге түбегейлі қарсы ата-ана баласының  келе­шекте қандай вирусқа тап болып, оған төтеп бере алуы не алмауына ешқандай да кепілдік бере алмайды. Керісінше, екпенің салдарынан сал болып қалады деген қорқынышын алға тартады. Одан бөлек, екпені екпес бұрын қан талдауы мен арнайы дәрігер тексерісі арқылы ағзаның иммундық беріктігіне көз жеткізу қажет, әйтпесе әлгінде айт­қанымыздай, салғырттықтың соңы сан алуан дертке әкеп соғады, соның бірі – сал ауруы. Сондықтан да, екпеден бас тартпас не екпені салдыртпас бұрын толық тексерісті талап етіп, сонымен қатар, келешек өмірдің сау өтуіне кепілдікті өз жауапкерші­лігімізге жүктейтінімізді ескерге­німіз жөн. Мұнымен айтпағымыз не? Жоғарыда атап өткеніміздей, халық арасында қалыптасып кеткен екіұдай пікірдің қайсысы да қазіргі уақытта өзекті. Қай жағынан десеңіз, вакцинаны салдыртсаңыз да, сал­дыртпасаңыз да сал болып қалу қаупі жоғары. Осы ретте, «қай жағдайда?» деген сұрақ туындайды. Егер екпені дені сау, иммундық саулығы тұрақты балаға ексе, ешқандай да қауіп жоқ. Ал керісінше, қаны аз немесе ағзасы әлсіз, иммундық саулығы төмен балаға екпе егілсе, екпенің жанама әсері пайда болып, әлсіз ағза вакциналаудағы 50 пайыздық вирусқа төтеп бере алмай, кері әсер алуы әбден мүмкін. Яғни, мидағы бөліктер зақымдалып, даму үдерісіне үлкен соққы алады. Бұл жағдайда дәрігер және ата-ана­ның жауапкершілігі мен білімі басты рөл ойнайды. Бұдан  бөлек, бүгінгі тақырыбымыздың негізі қызылша вирустық жұқпалы ауруының таралуы­ның бірден-бір себебі де – осы екпенің егілмеуі. Ұлттық  екпе  күнтізбесіне  сәйкес, 12 айда, яғни 1 жаста алуы керек вак­цина осы біз қозғап отырған қызылша вирусына қарсы. Егер де, осы екпені егуден бас тартқан жағдайда келешекте қызылша вирусын жұқтыру қаупі өте жоғары, тіпті 100%. Екпені егуге болмайтын жағдайдағы балалар да бар. Мәселен, медициналық көрсетілімге байланысты екпе егуге болмайтын балалар санатына көбіне жүйке жүйе­сі мен бас, ми бөліктерінде арнайы  диагнозбен  есепте  тұрғандар.

Аталмыш вирусты екпесі жоқ кез келген бала жұқтырса, өкініштісі сол, 5-6 жылдан кейін «панэнцефалит» дертіне шалдығуы мүмкін. Бұл дегеніміз – белгілі бір дененің салдануы, яғни жансыздануы. Мұны меди­цицна мамандарының өзі бүгінде дәлелмен жеткізіп отыр. Жалпы, қызылшаның қаупі қандай? Жұқтыр­ған жағдайда қандай ем-­шара жүргізіледі? Ауру деңгейі кімдерде ауыр не жеңіл өтеді? Қызылшаның кейін­гі салдары сал ауруына соқтырады деген  тұжырым қаншалықты рас? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында жұқпалы аурулар дәрігері Лаура Мүсіреповамен тілдескен  едік.

– Сал ауруына, яғни мүгедектікке әкелетін қауіпті қызылша вирусы бүгінгі күні медицинада дәлелденген. Бірақ ескеретін бір жағдай бар. Екпе егілмеген науқас­тарда ауру деңгейі өте ауыр өтеді, тіпті мүгедектікке, кей жағдайда тіпті, өлімге дейін апарады. Бұл нау­қастың денсаулық жағдайы мен иммундық  жүйесіне тікелей байланысты. Қызылшамен ауырып, сауық­қанның өзінде кейінгі 5-6 жылда салдары сезілуі мүмкін, яғни дене бөліктерінің салдануы. Алдын алу үшін тұрақты түрде дәрумендерді қабылдап, иммунитетті күшейтуге күш салу керек. Сонымен қатар, қазіргі уақытта вирустың көп таралуына байланысты  қаупін ескере отырып, 12 айға толмаған сәбилерге екпенің жарты  (0,5) дозасын  егу  қажет.

Бүгінгі күні аталмыш дерт кеңінен етек  жайғаннан кейін екпенің  қажеті жоқ деген пікірді ұстанудың қажеті шамалы. Себебі, қазір қызылшамен көп жағдайда екпе егілмеген балалар, тіпті ересектер ауыруда. Оларда ауру кезеңі де өте ауыр өтеді. Ал, екпесі бар, бірақ иммунитеті әлсіре­ген адамдар вирусты жұқтырса, қауіп жоқ, яғни, ауру кезеңі жеңіл, тиісінше, мүгедектікке әкелмейді. Бүгінде, екпе егілмеген нау­қастарға сауық­қаннан кейін екпені салдыруды ескертіп отырмыз, себеп – сал ауруының алдын алу, — дейді  дәрігер  Л.Мүсірепова.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында қызылшаға қатысты эпиде­миологиялық ахуал толық тұрақ­танып отыр деп айтуға келмейді. Мамандардың мәліметінше, өңірде аурудың таралуы «тұрақсыз» сипатта  қалыптасып  отыр.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми деректеріне сәйкес, 2025 жылы облыс бойынша қызылша ауруының зертханалық жолмен нақтыланған 339 жағдайы тіркелген. Талдау нәтижесі көрсеткендей, науқастардың басым бөлігі – қызылшаға қарсы екпе алма­ғандар. Атап айтқанда, тіркелген жағдайлардың 71,1 пайызы вакциналаудан өтпе­ген азаматтардың үлесіне тиесілі. Бұл дерек екпе алмаған адамдардың инфекцияға әлдеқайда осал  екенін тағы  бір  мәрте  дәлелдейді.

Эпидемиолог мамандардың айтуынша, аурушаңдықтың салыстыр­малы түрде өсу үрдісі өткен жылдың маусым айынан бастап байқалған. Дегенмен, жалпы көрсеткіш алдыңғы жылғы жағдаймен салыстыр­ғанда біршама төмен. Атап айтқанда, 2024 жылғы аурушаңдық деңгейімен салыстырғанда көрсеткіш 4,6 есеге азайған. Бұнымен эпидемиология­лық ахуалдың біршама тұрақтанғанын көрсеткенімен, қауіп толық сейілді деуге негіз жоқ.

Сонымен қатар, биылғы жылдың басынан бері қызылшаға күдікті, бірақ зертханалық тұрғыдан расталмаған 25 клиникалық жағдай тіркелген. Бұл науқастардың қызылшамен ауыратын адамдармен эпидемиологиялық байланысы бол­ғаны анықталған. Яғни, инфекция­ның таралу тізбегі әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Айта кету керек, ауруға шалдыққандардың жас ерекшелігіне жүргізілген талдау қызылшаның әсіресе жас балалар арасында жиі кездесетінін көрсетті. Науқастардың жартысынан астамы, нақтырақ айтқанда, 52,9 пайызы – 1 мен 4 жас аралығындағы балалар. Бұл жас санаты иммундық жүйесі әлі толық қалыптаспаған әрі жұқпалы ауруларға  бейім  топқа  жатады.

Науқастардың егу мәртебесіне жүргізілген сараптама да алаңдатарлық. Ауру жұқтырғандардың 70,6 пайызы қызылшаға қарсы түрлі себеппен мүлде вакцина алмаған. Егілмегендердің ішінде 33,3 пайызы – Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес екпе жасына әлі жетпеген, яғни бір жасқа толмаған балалар. Ал екпе алмағандардың ең үлкен бөлігі – 58,3 пайызы ата-аналардың вакцинадан бас тартуының салдарынан егілмеген. Бұдан бөлек, 8,3 пайыз жағдайда медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты вакциналау  жүргізілмеген.

Мамандардың пікірінше, бұл деректер қызылшаға қарсы иммундық қабаттың жеткілікті деңгейде қалыптаспай отырғанын аңғартады. Әсіресе, ата-аналардың екпеден бас тартуы аурудың таралуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Сондықтан дәрігерлер халық арасында вакциналаудың маңызын түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет  екенін  атап  өтеді.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орын­басары Ерлан Ұзақбаевтың айтуынша, қызылша ауруының облыс аума­ғында кеңінен таралуына жол бермеу мақсатында өңірде санитариялық-эпи­демиологиялық және профилактикалық шаралардың кешені жүйелі түрде  жүргізіліп  жатыр.

– Бұл  шаралар инфекцияның тара­лу  тізбегін  үзіп,  аурушаңдықтың өсуіне тосқауыл қоюға бағытталған. Атап  айтқанда, Қазақстан Респуб­ликасы Бас  мемлекеттік сани­та­рия­лық  дәрігерінің 2023 жылғы 1 қара­шадағы №7 қаулысына сәйкес өңірде қосымша иммундау  жұмыс­тары  қолға алынған. Осы құжат  негізін­де 6 айдан 10 ай  29 күнге  дейін­гі  сәбилерге ата-аналардың ақпараттандырылған келісімі арқылы қызылшаға қарсы қосымша вакцина салынуда. Мұндай шаралар әсіресе, инфекцияның таралу қаупі жоғары кезеңдерде балаларды ерте жастан қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, түрлі себеппен жоспарлы вакциналаудан қалып қойған 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін қызылшаға қарсы толық­тыру екпелері ұйымдастырылуда. Эпи­де­мио­логиялық жағдайды бақылауда ұстау үшін шұғыл профилактикалық шаралар да қарастырылған. Қызылшамен ауыратын науқаспен тығыз байла­ныста болған, бірақ екпе алма­ған неме­се екпесі толық емес 30 жас­қа дейінгі азаматтарға эпидемиология­лық көрсеткіштер бойынша 72 сағаттың  ішінде  шұғыл  вакциналау жүргізіледі.  Мұндай  әдіс инфек­цияның одан әрі таралуының алдын алуда тиімді  тәсілдердің  бірі  саналады.

Қазіргі уақытта облыс көлемінде қызылшаға қарсы вакцинаның жеткілікті қоры бар. Сондықтан екпе алу үшін медициналық мекемелерге жүгін­ген тұрғындарға барлық мүмкіндік қарас­тырылған, — дейді  Ерлан  Амантайұлы.

Дәрігерлердің айтуынша, қы­зыл­шадан қорғанудың ең тиімді әрі ғылыми  тұрғыда дәлелденген жолы – уақытылы екпе алу. Бұл екпе Қазақ­стан Республикасының Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген және тұр­ғындарға тегін жүргізіледі. Ұлттық күнтізбеге сәйкес, балаларға қызылшаға қарсы алғашқы вакцина 1 жасында салын­са, ревакцинация 6 жасында жүргізіледі. Қызылшаға қарсы қолданылатын вакцина қызамық пен эпидемиялық паротитке қарсы компонентпен біріктірілген түрде (ҚҚП вакцинасы)  енгізіледі.

Мамандардың пікірінше, халық­тың тиісті бөлігін толық вакциналау­мен қамту нәтижесінде ұжымдық иммунитет қалыптасады. Ал ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы инфекцияның таралу деңгейін айтарлықтай  төмендетеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, иммундау бағдарламаларының арқасында әлемде жыл сайын үш миллионға дейін адам өлімінің алдын алуға мүмкіндік бар. Бұл вакциналаудың қоғамдық денсаулық сақтау жүйе­сіндегі маңызын айқын көрсетеді. Соған қарамастан, қоғамда екпенің маңызын толық түсіне бермейтін немесе тек бейспецификалық алдын алу шараларымен шектелуді жөн көретін тұрғындар да кездеседі. Әрине, дене белсенділігімен айналысу, дұрыс тамақтану және саламатты өмір салтын ұстану адамның жалпы иммунитетін нығайтатыны сөзсіз. Алайда, мұндай шаралар жұқпалы аурулардың нақты қоздырғышынан толық қорғай алмайды. Қызылшаға қарсы екпе алмаған адам бұл инфекцияға аса сезімтал келеді. Сондық­тан ауру жұқтырған адаммен қысқа уақыт байланыста болғанның өзінде инфекцияны жұқтырып алу қаупі  өте  жоғары.

Қорыта айтқанда, қызылшаның  қайта бас  көтеруі – тек медициналық мәселе емес, қоғамдағы денсаулық мәдениетінің әлсірегенінің  белгісі. Мамандар қанша ескерткенімен, екпеге немқұрайды қарау немесе одан бас тарту аурудың таралуына жол ашып отыр. Шын мәнінде, қызылшадан қорғанудың ең сенімді жолы – уақытылы вакциналау. Ал екпеден бас тарту тек жеке адамның таңдауы емес, тұтас қоғамның денсаулығына төнген қауіп екенін ұмытпау қажет. Ауру айтып келмейді, ал оның алдын алу – әр адамның  өз  қолында.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: aikyn.kz


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: