Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәбидің саулығы саналы күтімнен басталады

04.09.2025, 10:40 278

Жаңа туған нәрестенің өміріндегі алғашқы күндер мен апталар – оның болашақ денсаулығы мен дамуы үшін аса маңызды кезең. Дәл осы уақытта сәбидің ағзасы қоршаған ортаға бейімделіп, иммундық жүйесі қалыптаса бастайды. Бұл кезеңде дұрыс күтім, дұрыс тамақтандыру және медициналық бақылау нәрестенің өмір сапасын айқындайтын басты факторлар саналады. Әрбір ата-ана өз сәбиінің дені сау, бақытты болып өсуін қалайды, алайда ол үшін қажетті ақпарат пен білімге ие болу өте маңызды. Осы орайда біз жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау жолдары туралы кеңірек білу мақсатында Қызылорда облыстық перинатальды орталығының неонатальды бөлім меңгерушісі, тәжірибелі  неонатолог-дәрігер Лаура  Дәуренбаевамен  аз-кем сұхбат  құрған  едік.

 — Қайырлы күн, Лаура ханым, жаңа туған нәрестелердің өміріндегі алғашқы күндер туралы айтып өтсеңіз. Жаңа туған баланың иммунитеті қалай  қалыптасады?

— Алғашқы күндер – сәбидің ана құрсағынан тыс өмірге бейімделетін ең күрделі әрі жауапты кезең. Дәл осы уақытта оның тыныс алу, жүрек-қан тамыр, ас қорыту және иммундық жүйелері алғаш рет өздігінен жұмыс істей бастайды. Біз, дәрігерлер, бұл кезеңде нәрестенің жағдайын мұқият бақылап, қажет болған жағдайда шұғыл көмек көрсетуіміз керек. Себебі, жаңа туған сәбидегі кейбір физиологиялық өзгерістер табиғи үдерістің бір бөлігі болса, кейбірі патологиялық жағдайдың белгісі болуы мүмкін. Нәрес­те дүниеге келген сәтте оның иммун­дық жүйесі толық қалып­тасып үлгер­мейді. Алайда, анадан жүктілік кезінде плацента арқылы беріле­тін антиденелер сәби өмірі­нің алғашқы айларында оны түрлі жұқпалы аурудан қорғайтын табиғи қалқан қызметін атқарады. Бұл – өмірінің бастапқы кезеңінде баланың иммундық қорғанысын қамтамасыз  ететін  аса  маңызды  тетік.

— Алғашқы алты айда баланың дамуы мен күтіміндегі негізгі қағидалар қандай? Ана сүтінің нәресте үшін маңызына  да  тоқталып  кетсеңіз.

— Ана сүті – нәресте иммунитеті­нің табиғи тірегі. Оның құрамында иммундық  қорғанысқа қажетті анти­денелер, лейкоциттер, ферменттер мен пайдалы бактериялар бар. Бұл компоненттер баланы түрлі инфек­циядан қорғауға көмектеседі. Нәрес­тенің иммундық жүйесі толық қалып­тасып үлгермегендіктен, ол алғашқы алты ай бойы ананың иммундық «қорғанына» мұқтаж болады. Орта есеппен 6 айдан кейін ғана сәбидің ағзасы өз антиденелерін түзе бастайды. Сондықтан осы кезеңде дұрыс күтім мен ана сүтімен қоректендіру денсаулығы мықты баланың қалыптасуына негіз бола­ды. Сондай-ақ, алғашқы алты айдағы бала күтімінің негізгі қағида­ларына тоқ­талар болсақ, бұл уа­қытта бала­ны тек ана сүтімен қоректендіру ма­ңызды. Ал қосымша шай, су, шырын беруге болмайды. Бұл асқорыту жүйесінің жетілуіне кедергі жасайды. Одан кейін баланың гигиенасына толық мән беріп қарау керек. Баланың киімі, төсек-орны, жаялықтары және күтімге арналған заттар таза болуы тиіс. Бастапқы айларда бөлме температурасын сақтау, жылы ұстау да аса маңызды саналады. Себебі, бала тонып қалмауы және қызуы көтерілмеуі үшін бөлме температурасы тұрақты әрі қолайлы болуы керек. Сонымен қатар, балада жеткілікті ұйқының болуы жүйке жүйесінің дұрыс дамуы үшін маңызды. Сондай-ақ, баланың дамуы үшін жеңіл массаж, қимыл-қозғалыс жаттығулары, дыбыстық және көрнекі стимулдар арқылы баланың моторикалық және сенсорлық дамуын қолдауға болады. Ата-аналар осы қағидаларды сақтай отырып, баланың буыны қатайып, иммунитеті нығайғанша барынша мұқият болуы қажет.

— Ананың  жүктілік  кезіндегі  денсаулығы  нәрестеге  қалай  әсер  етеді?

— Жүктілік кезінде ананың ден­саулығы, тамақтануы және өмір салты құрсақтағы баланың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл уақытта ана өз ағзасына ерекше күтім жасап, барлық қажеттік шара­ларды сақ­тауы тиіс. Ең алдымен, ана теңгерімді әрі пайдалы тағаммен тамақтануы қажет. Ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың жеткілікті болуы ұрықтың дұрыс дамуы үшін өте маңызды. Әсіресе, фолий қышқылының жеткі­ліксіздігі құрсақтағы баланың жүйке түтікшесінің даму ақауларына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, жүктілік кезінде стресс деңгейін барынша төмен ұстау қажет. Өйткені, жиі күйзе­лу мен маза­сыз­дық баланың жүйке жүйесіне  кері  әсер етуі мүмкін. Анасының пси­холо­гиялық жағдайы – баланың да денсау­лығына тікелей ықпал ететін факторлардың бірі. Жүктілік  кезінде  ана  темекі  шегуден, ішімдік ішуден және басқа да зиянды әдеттерден бас тартуы керек. Бұл заттар ұрықтың дамуын тежеп, туабітті ақау­ларға, салмақтың төмен болуына немесе шала туылуға себеп болады. Сондай-­ақ, жүкті әйелдерде қант диабеті неме­се жоғары қан қысымы сияқты созыл­малы аурулар болса, оларды дер кезінде бақылауға алып, тиісті ем-шараларды жүргізу қажет. Себе­бі, бұл аурулар да баланың дұрыс дамуына кедергі келтіріп, жүктілік асқынуларымен аяқталуы мүмкін. Жүктілік кезінде түрлі инфекциядан сақтану өте маңызды. Атап айтқанда, цитомегаловирус (ЦМВ), токсоплазмоз, қызылша сияқты жұқпалар ұрық үшін аса қауіпті. Бұл инфекция­лар құрсақтағы балада туабітті ауыр ақау­лардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан жүкті әйел алдын ала медициналық тексерістен өтіп, қажет болса, тиісті вакцинация алуы тиіс. Себебі, жүктілік кезеңінде ананың денсаулығына мұқият қа­рауы болашақ баланың дені сау болып дүниеге келуінің басты кепілі саналады.

— Жаңа туған нәрестелерде жиі кездесетін денсаулық мәселелері қандай?

— Жаңа туған нәрестелердің ағзасы әлі толық жетілмегендіктен, өмірінің алғашқы апталарында түрлі денсаулық мәселелері жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда ата-аналар баланың хал-жағдайын мұқият бақылап, қандай да бір ауытқушылық байқалса, уақыт өткізбей  дәрігерге  жүгінулері  қажет.

Ең жиі кездесетін мәселелердің бірі – сарғаю. Бұл жағдай физиоло­гиялық және патологиялық болып екіге бөлінеді. Физиологиялық сар­ғаю – жаңа туған нәрестелерде өмірі­нің алғашқы күндерінде жиі байқалатын қалыпты жағдай, ол көбінесе емделусіз-ақ өздігінен кетеді. Алайда сарғаю ұзаққа созылса, тері мен көздің ағы қанық сары түске енсе, бұл патологиялық сарғаю болуы мүмкін және дәрігердің бақылауын қажет етеді. Тағы бір жиі кездесетін өзекті мәселе – құсу мен іш өту. Егер нәресте жиі құсатын болса немесе іші өтіп, үлкен дәреті сұйық және жиі болса, бұл асқазан-ішек жолдары­ның бұзылуының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдай баланың ағзасында сұйықтықтың  жетіспеушілігіне, яғни сусыздануға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мұндай белгілерге  бейжай  қарамауы  тиіс.

Көптеген нәрестеде алғашқы айларда іштің кебуі мен іш шаншуы (колика) байқалады. Бала жиі мазасызданып, аяқтарын ішіне тартып, жылай берсе, бұл оның ішкі ағзаларында жайсыздық бар екенін көрсетеді. Колика – асқорыту жүйесінің жетілмеуінен туындайтын уақытша жағдай. Ол көбінесе үш айға дейін созылады  және  арнайы күтім мен сабыр  сақтауды  талап  етеді.

Кейбір сәбиде, әсіресе шала туған балаларда, тыныс алу қиындығы туындауы мүмкін. Бұл олардың өкпесінің толық жетілмеуімен байла­нысты. Тыныс алуы нашарлаған бала­ларда ентігу, танауының керілуі, көгеру секілді белгілер байқалады. Мұндай жағдайда шұғыл медициналық  көмек  қажет.

Жаңа туған нәрестелерде иммун­дық жүйе толық қалыптаспағандықтан, олар әртүрлі жұқпалы ауруға өте бейім келеді. Вирустық немесе бактериялық инфекциялар дене қызуы­ның көтерілуімен, әлсіздікпен, тамақтан бас тартумен және ұйқының бұзылуымен көрінуі мүмкін. Бұл жағдайда  бала  дереу дәрігердің қарауында болуы керек. Сондай-ақ, кей нәрестелер туабітті жүрек ақауларымен дүниеге келуі мүмкін. Мұндай жағдайда тыныс алудың жиілеуі, көгеру, ана сүтін ему кезінде шаршау, салмақ қосудың баяулауы сияқ­ты  белгілер  байқалады.

Жаңа туған балаларда жиі кездесетін тағы бір мәселе – тері бөртпелері мен дерматиттер. Сәбидің нәзік терісі күтімді талап етеді. Қатты орау, терлету немесе дұрыс жуындырмау салдарынан сәбиде тері тітіркенуі, қызару немесе бөртпе пайда болады.  

Соңғы маңызды мәселе – салмақ қосудың баяулауы. Егер бала өз жасына сай салмақ қоспаса, бұл оның жеткілікті мөлшерде тамақ ішпей жатқанын немесе қандай да бір денсаулық проблемасы бар екенін білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда баланың тамақтану режимін қайта қарап, дәрігер  кеңесіне  жүгіну  қажет.

— Вакцинация нәрестенің денсау­лығына қаншалықты маңызды? Ал­ғашқы  айларда  қандай екпелер міндетті  түрде  егілуі  тиіс?

— Жаңа туған сәбилердің иммундық жүйесі әлсіз болады. Сол себеп­ті олар әртүрлі жұқпалы ауруға бейім келеді және бұл аурулар кей жағдайда өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы – балаға уақытылы екпе егу. Вакциналар жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді әрі қауіпсіз құрал болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлі­меті бойынша вакцинация бала өлімін азайтуда шешуші рөл атқарады. Уақытылы егілген екпелер баланың иммундық жүйесін нығайтып, қауіпті ауруларға қарсы қорғаныс қалыптастыра­ды.

Елімізде барлық балаға арналған Ұлттық  вакцинация  күнтізбесі  бар. Бұл күнтізбе бойынша екпелер бала­ның жас ерекшелігіне қарай белгілі бір мерзімдерде жүргізіледі. Туған сәтте-ақ нәрестеге екі негізгі вак­цина егіледі. Біріншісі – БЦЖ вакцинасы, ол баланы туберкулез ауруынан қорғайды. Екіншісі – гепатит В виру­сына қарсы алғашқы вакцина. Ал бала екі айлыққа толғанда оған бірнеше инфекцияға қарсы бірден бірнеше екпе жасалады. Бұл кезде балаға көкжөтел, дифтерия және сіреспеге қарсы вакцина, полиомиелитке қарсы вакцина, ХИБ-инфекцияға қарсы вакцина және гепатит В-ға қарсы екінші вакцина егіледі. Бала үш-төрт айлығында қайтадан DTP, полиомиелит және ХИБ вакциналарын қабылдайды. Бұл алғашқы екпенің әсерін күшейту үшін қажет. Осылайша, өмірінің алғашқы айла­рында нәрес­те қауіпті жұқпалы ауру­ларға қарсы біртіндеп қорғаныс қабілетін қалыптастырады. Ата-ана­ларға ескертетін маңызды мәселе – вакцинация кес­тесі уақыт өте келе өзгеруі мүмкін, себебі ол елдегі эпидемиологиялық жағдайға, ғылым мен медицина жетістіктеріне байланысты қайта қара­лып отырады. Сондықтан нақты әрі өзекті ақпаратты алу үшін ата-ана­лар өз емханаларындағы педиатр­дан немесе вакцинация бөлімінің маманда­рынан  кеңес  алуы  тиіс.

— Ата-аналар өз баласын неонатологқа қаншалықты жиі тексертіп тұруы  керек?

— Жаңа туған сәби алғашқы күндері неонатолог пен педиатрдың бақылауында болады. Яғни, бұл мамандардың тексерісі баланың ден­саулығын сақтауда шешуші рөл атқарады. Бұл тексеріс барысында дәрігер баланың жалпы жағдайын, рефлекс­терін, тыныс алуын, жүрек соғысын, тері жабындарын және басқа да маңызды көрсеткіштерін бақылайды.  Ал бала бір айлыққа толғанда міндетті жоспарлы тексерістен өтуі керек. Бұл кезде неонатолог немесе педиатр бала­ның өсуі мен дамуына, салмақ пен бой көрсеткіштеріне, неврология­лық және физикалық дамуы­на жан-жақты баға береді. Одан кейін бала 6 айға дейін ай сайын педиатрдың, қажет болған жағдайда неонатологтың бақылауында болуы тиіс. Бұл жүйе­лі тексерулер баланың дамуындағы ауытқушылықтарды ерте кезеңде анықтауға және уақытылы шара қолдануға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар, егер ата-ана баласының бо­йында қандай да бір түсініксіз белгілер байқаса немесе денсаулығына қатысты күмән туындаса, дәрігерге баруды кейінге қалдырмай, жедел түрде медициналық көмекке жүгінуі қажет. Уақытында көрсетілген дәрігерлік көмек бала өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға септігін  тигізеді.

— Сұхбатыңызға  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: