Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылша ауруы балалар арасында дендеп барады

12.01.2026, 17:30 39

Оны медициналық тілде «қызылша» ауруы деп атайды. Аурудың жұқпалы түрі соңғы жылдары қайта белең ала бастады. Денсаулық сақтау саласының ресми деректеріне сүйенсек, 2023 жылы ел бойынша 20 мыңнан астам адам қызылшамен ауырған. Алаңдатарлығы сол, науқастардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар және олардың көбі екпе алмаған болатын.

Өткен жылдың деректері қызылшаға қарсы жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесін көрсетті. Алматы қаласында 2025 жылдың алғашқы жеті айында қызылшаның зертханалық расталған 263 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 11,2-ні құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8 есеге төмен. 2024 жылы осы кезеңде 3 296 жағдай тіркелген болатын. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар, олардың көпшілігі екпе алмаған немесе вакцинация статусы белгісіз азаматтар. Мамандар бұл төмендеуді жоспарлы және толықтырушы иммундау жұмыстарының күшеюімен байланыстырады.

Мамандардың айтуынша, қызылша – ең жұқпалы инфекциялардың бірі. Егер адам бұрын бұл аурумен ауырмаған және вакцина салдырмаған болса, науқаспен қарым-қатынаста болған жағдайда жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол себепті қызылша «бір адамнан басталып, бір ұжымға тарайтын» ауру ретінде сипатталады. Аурудың алғашқы белгілері көп жағдайда қарапайым тұмауға ұқсайды. Дене қызуының күрт көтерілуі, мұрын мен тамақтың қабынуы, көздің қызаруы байқалады. Бірнеше күннен кейін беттен басталып, бүкіл денеге тарайтын қызыл бөртпе пайда болады. Осы кезеңде адам айналасына аса қауіпті болып саналады.

Қызылша ауа арқылы тарайды. Ауру адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде вирус ауаға оңай таралады. Инкубациялық кезеңі шамамен 7–14 күн, яғни адам өзі ауырғанын білмей жүріп, өзгелерге жұқтыруы мүмкін. Егер қызылша тіркелсе, сол ортада эпидемияға қарсы шаралар дереу жүргізіледі. Қарым-қатынаста болған адамдар күн сайын тексеріліп, дене қызуы өлшенеді. Ауру белгілері анықталған жағдайда науқас оқшауланады. Бұл шаралар аурудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажет.

Мамандардан жұқпалы дерттен қорғанудың тиімді жолын сұрап көргенімізде бүй деді.

– Қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады. Қазақстанда қолданылатын вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған және қауіпсіз деп танылған. Балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы екпе екі рет салынады, 12 айында және 6 жасында. Ал ересектер бала кезінде екпе алмаған болса, тіркелген емханасына барып, тегін вакцина салдыруына болады. Қызылша – «өзі өтетін жеңіл ауру» емес. Ол асқынған жағдайда өкпе қабынуы, жүйке жүйесінің зақымдануы сияқты ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан екпеден бас тарту – тек жеке шешім емес, айналадағы адамдардың денсаулығына төнген қауіп. Қызылшаның қайта күшеюі қоғам үшін қарапайым дабыл болуы тиіс. Уақтылы салынған екпе – бір баланы ғана емес, тұтас ортаны қорғаудың жолы, — деді Қызылорда бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Эльмира Алмаганбетова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: