Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада инклюзивті спорт орталығы ашылды

12.01.2026, 15:40 66

Қызылордада бүгін ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған Инклюзивті спорт орталығы ашылды. Жаңа нысанның лентасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент депутаттары және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қиды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы салауатты өмір салтының қоғам үшін маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының елдің жаңғыру жолындағы бағытына тоқтала келе, соңғы жылдары Сыр өңірінде қолға алынған жобалар адамдардың нақты өміріне әсер ете бастағанын айтты. Соның айқын көрінісі ретінде инклюзивті спорт орталығының ел игілігіне берілуін ерекше атап өтті.

Мұнда спортшыларымызға арналған волейбол, күрес, жалпы дене дайындығын жасауға арналған залдар қарастырылған. Бір мезетте 131 адамның спортпен жүйелі шұғылдануына мүмкіндік жасалған. Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін Ләззат Алтынбекқызы басқаратын «Қазақстан халқына» қоры ұжымына Сыр жұртшылығының атынан шынайы ризашылығымызды, зор алғысымызды білдіреміз», – деді Н.Нәлібаев.

Жаңа орталық «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынған. Жобаға 2 млрд 900 млн теңге бөлініп, ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Салтанатты жиында спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтар мен орталықты сапалы салып берген мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды. Қонақтар да ізгі тілектерін жеткізіп, жаңа орталықтың өңір үшін маңызын атап өтті.

Жалпы алғанда, соңғы жылдары Қызылорда облысында спорт инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарды. 2022 жылдан бері ондаған спорт нысаны бой көтеріп, стадиондар мен кешендер қайта жаңғыртылды. Ауылдарда да спорт алаңдары салынып, бұқаралық спортқа жол ашылды. Кәсіпкерлердің, ұлттық компаниялардың және спорт федерацияларының қолдауы бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып отыр. Алдағы жылдары іске асатын ірі жобалардың бірі – Қызылорда қаласында салынып жатқан «Қызылорда Арена». Бұл кешенде олимпиадалық стандарттағы бассейн, халықаралық жарыстарға лайық үлкен залдар мен жаттығу алаңдары болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: