Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 2025 жылы 40-тан аса медициналық нысан пайдалануға берілді

22.12.2025, 13:14 73

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 10 млрд. 763 млн. теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтты.

«Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқын алды, 5 млрд. 400 млн. теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар салынды. Шиелі ауданында 2 млрд. 300 млн. теңгеге бой көтерген жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты ел игілігіне табысталды. Құрылысына 2 млрд. 200 млн. теңге бөлінген дәл осындай жаңа нысан жақын күндері Арал ауданында ашылады. Бұрын-соңды өз ғимараты болмаған Қан орталығы бүгінде жаңадан салынған нысанда халыққа қызмет көрсетуде.

Оған қоса Үкімет облыс орталығында 48 млрд. 500 млн. теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық, 14 млрд. 780 млн теңгеге 500 орындық емхана салуға тиісті қаулы қабылдады. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталады. Тағы бір 400 орындық емхана салу жоспарлануда.

Халық сұранысына сәйкес соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен бөлінген 5 млрд. 400 млн. теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынып, барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды», – деді Н.Нәлібаев.

Кейінгі жылдары 24 медициналық нысан 6 млрд. теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткізілді, 15 млрд. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жабдықталу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға артты (республикада 85,6 пайыз).

Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру мәселесі ұдайы назарда. Халықаралық байланыстың артуы мамандардың тәжірибе алмасуына жол ашты. Өткен жылы 15 дәрігер Түркияның жетекші медициналық клиникасында білім жетілдірді. Биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі үздік клиникаларда біліктілік арттырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: