Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 200 орындық перинаталдық орталықтың іргетасы қаланды

20.02.2026, 10:20 32

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының қатысуымен 200 орындық перинаталдық орталықтың іргетасын қалау рәсімі өтті. Жаңа нысан Президент паркі аумағында орналасады.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа бастамамен құттықтады.

«Халқымызда «Денсаулық – басты байлық» деген терең мағыналы сөз бар. Расында кез келген мемлекеттің ең қымбат капиталы – адам өмірі мен денсаулығы.

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды» деп, салаға айрықша көңіл бөліп келеді. Бесінші Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп ерекше атап өтіп, Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшымыз Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталғанын, алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салынатынын, жаңа драма театр мен заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы басталатынын айтты. Бұл серпінді жобалар өңір экономикасына қуат беріп, транзиттік әлеуетін күшейтеді. Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға мол мүмкіндік береді.

Құрылысына 48 млрд 500 млн теңге бөлінген 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың аумағы 38 мың шаршы метр, заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы технологиялармен жабдықталады. Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, денсаулығын жақсартуға, демографиялық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет қолдауы.

Жаңа орталық мейірім мен жылулықтың ордасына айналсын! Рамазан айы баршамызға құтты болсын!», — деді аймақ басшысы.

Рәсімде Ақмарал Әлназарова, Мұрат Әбенов сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев бата берді.

Болашақ перинаталдық орталықта ана мен балаға мамандандырылған заманауи медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдау-қарау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдер жоспарланған. Сонымен қатар, жерасты өткелі арқылы байланысқан жеке зертхана ғимараты мен ас блогы болады.

Медициналық мекеме жүкті әйелдерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге арналған стационарлық бөлімдер, операциялық блок, реанимация, зертханалар және инженерлік-қызметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Жобалық шешімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және заманауи медициналық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: