HALYQLINE.KZ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 13 шілдедегі Жарлығымен Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер инфекционист, марқұм Жұмағазы Іскендір Жиенбайұлы «Құрмет» орденімен наградталған болатын.
Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Жұмағазы Іскендір Жиенбайұлының «Құрмет» орденін марқұмның әкесі Жиенбай Жұмағазиевке табыстады.
«Осындай қиын-қыстау кезеңде біздің дәрігерлер азаматтарымыздың өмірін аман алып қалу үшін ештеңемен санаспай ауыр дертке бетпе-бет келді. Өкінішке қарай, бұл күресте біз алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерімізден де айрылып қалып жатырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өмірінің соңына дейін борышын өтеген дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап, Іскендір Жұмағазиевке қайтыс болғаннан кейін «Құрмет» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас қасірет», – деді дәрігердің әкесіне «Құрмет» орденін табыс еткен аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Іскендір Жиенбайұлы – денсаулық сақтау саласында 35 жылдан астам қызмет атқарған ақ халатты абзал жан.
Ол өзінің алғашқы еңбек жолын 1986 жылы Қазалы аудандық ауруханасында дәрігер педиатр болып бастаған. Одан кейінгі жылдары «Жетес би» жанұялық дәрігерлік емханасында аймақтық бала дәрігері, балалар бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2015 жылдың тамыз айынан бастап өмірінің соңына дейін жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер инфекционист болып еңбек етті.
Елге қызмет атқару барысында оның жасаған еңбектерін аудан халқы жақсы біледі. Оның көп жылғы еңбегі елеусіз қалмай «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Аты жаман ауру өршіген кезде өз iсiнiң шеберi, елінің нағыз жанашыры күн-түн демей жұқпалы аурулар бөлімінде, профизорлық стационарда жұмыс жасап, көптеген науқастардың жазылып шығуына себепкер болды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Қайырлы күн. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің суретін неге қосып шығармайсыздар мақаланы?! Аралда да дәл осылай, әкім орынбасарлары, әкімдердің суреті не керек, посмертное награждение солар алып жатыр ма?
Сәлеметсіз бе! Бұл жерде КВИ-мен күресте қайтыс болған дәрігерлердің туыстарын марапаттап жатыр. Сондықтан, осындай суреттің жариялануы қалыпты нәрсе. Ал, марқұм дәрігердің суретін қосымша беруге болады. Мақаланы бізге ұсынған – Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.