Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос дәрігер еңбегі есімізден ешқашан өшпейді

28.10.2020, 12:15 941

HALYQLINE.KZ Бар саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған, Сыр еліне сыйлы да, қадірлі бола білген білікті дәрігер Ибраева Мира Қасымбекқызының дүниеден озғанына биыл тура бір жыл толып отыр.

Әулетінің жарық жұлдызы, мақтанышы болған Мира Қасымбекқызының әр адамның жүрегінде алатын орны ерекше еді. Үлкен-кішіге құрметпен қарауды, өз мамандығын сүюді үйретіп, адамгершілік қасиеттерді көпшіліктің бойына сіңіре білді. Білетін адамдардың барлығы жақсы пікірде болып, елге жасаған қызметі еленіп, абырой биіктерінен көріне білген білікті дәрігер.

Жұбайы Сағымбай Қарақұлұлы Құлсартов талай жанды өлімнен арашалап, сауығуына септігін тигізген елімізге белгілі хирург, өз ісінің шынайы маманы. Ерлі-зайыпты дәрігерлерді жерлестеріміз жарты ғасырдан астам уақыттан бері таниды. Қаламызда бұл дәрігерлерді «қолдары шипалы» деп атайды, олардың аттарын тек Қызылорда облысы ғана емес, бүкіл республика және тіпті одан тыс жерлерде де біледі. Қос дәрігердің медицинадағы жолы 1954 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түскенде басталған. Сағымбай Құлсартовтың медицина саласында хирургия мамандығын таңдайтынына курстастарының күмәні болған жоқ.

Сағымбай Қарақұлұлының медицина саласын таңдауға әкесінің сөздері себеп болған көрінеді.

– Әкем менің дәрігер болғанымды армандаған. Бізде ауылдық амбулаторияда бір фельдшер жұмыс істеді. Оны ауылда барлығы «доктор» деп атайтын. Әкем маған: Ұлым, таза жұмыс, жылы жерде, ақ халатпен жүресің, барлығы сені құрметтейді, жұмысы да көп емес сияқты ғой» дейтін. Әкемнің арманы орындалды. Медицина саласындағы жұмысым ойлағаннан да асып түсті, – деп жазған бір сұхбатында.

Институтты бітіргеннен кейін 1961 жылы Сағымбай Қарақұлұлы Алла қосқан қосағы Мира Қасымбекқызына үйленіп, еңбек қызметтерін Ақтөбе қаласында өзі №1 медициналық санитарлық бөлімде хирургия ординаторы, жұбайы учаскелік дәрігер болып бастайды. 1965 жылы жас жұбайлар Қызылорда қаласына көшіп келіп, отағасы – хирург, ал жұбайы – Қызылорда облыстық ауруханада терапевт болып жұмыс істейді. Өздерінің еңбекқорлығының, жауапкершілігінің, қайырымдылығының арқасында олар өмір жолында қатардағы қызметкерлерден басшы лауазымдарына дейін көтеріледі. 1967 жылы Сағымбай Құлсартов Қызылорда облыстық аурухананың жалпы хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, ал 1982-2002 жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып тағайындалады. Мира Қасымбекқызы болса, 1977 жылы №3 терапевтік бөлімшенің (Партактив) меңгерушісі болады.

Сағымбай Қарақұлұлы 1967 жылдан 1999 жылға дейін облыстық хирургтар ғылыми қоғамының төрағасы қызметінде жүргенде хирургиялық саладағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру; дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін аттестаттау және қайта аттестаттау; жергілікті тұрғындардың аурушаңдығын зерттеу және оны барынша төмендету, болдырмау жұмыстарымен айналысқан. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Хирургтер қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалының алғашқы төрағасы болып сайланды.

Облыс бойынша емдеу профилактикалық мекемелеріне консультациялық көмек көрсетіп, жоспарлы және шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаларға іс сапармен жиі баратын. Аудандық хирургтар үшін басқа ауруханалардан дәрігер-мамандар шақырып көрнекі операциялар жасап, тәжірибе өткізетін, сондай-ақ хирургиялық қоғамның көшпелі отырыстары мен ғылыми-практикалық конференцияларын ұйымдастырып, патологиялық-анатомиялық конференцияларда адамның жиі қайтыс болу себептерін талқылайтын.

Облыста хирургиялық қызметті ұйымдастыру мәселелерімен қатар асқазан және ұлтабар ойық жарасын емдеудің жаңа әдістерін ендіру, бауыр, ұйқы безі, өт жолдарына ота жасау, қалқанша безін, өкпе және көкірек, паразитарлық ауруларды, іріңді-септикалық ауруларды хирургиялық емдеу практикалық қызметімен айналысқан.

Сағымбай Қарақұлұлының қатысуымен облыстық онкологиялық орталығында енгізілген асқазанды хирургиялық жолмен алып тастау (гастрэктомия) және асқазанның бір бөлігін алып тастау (резекция) түрлері, тоқішек пен тікішектің бөліктерін резекциялау, ішекаралық безді сылып тастау (экстирпация) және т.б. ота түрлері жасалған.

 Сағымбай Қарақұлұлы әрдайым қарапайымдылығымен, адамға деген кішіпейілділігімен, адамгершілігімен ерекшеленіп тұратын. Бұрынғының дәрігерлері науқасқа етене жақын қарап, ауруына толықтай зер салып, жасалатын емдері сезімталдыққа негізделетін.

Дәрігердің жаңа әдістемелерді тануға талпынысы, эксперимент жасауға деген батылдығы жүздеген, тіпті мыңдаған адамдардың өмірін құтқарды. Осы күнге дейін оның 15-тен астам ғылыми мақалалары жарық көрді. Қызылордада бірінші болып, тәуекелге барып енгізген отаның жаңа түрлері ол кісінің алтын қолының арқасында сәтті өтіп, кейіннен ол ота түрлерін, қазір көбісі профессор атағына ие болып отырған шәкірттері Болат Бимендіұлы Баймаханов, Марат Шадыбайұлы Абдуллаев, Абдулла Сыздықұлы Шүленбаев, Дамир Дәулетбаев, Юрий Фотиади, Вероника Цой және басқалары тәжірибеден өткізе бастады.

Сағымбай Қарақұлұлының жұбайы Мира Қасымбекқызы да үздік терапевт-дәрігер құрметіне лайық жан еді. Ол кісіден облыстың лауазымды тұлғалары мен бірінші басшылары ем алған. Мира Ибраеваның диагнозды нақты қою қабілеті және шипалы емі көптеген адамдарды аяғынан тік тұрғызды. Мысалы, Қызылордаға қыдырып келген белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов те Мира Қасымбекқызының қабылдауында болып, емделген болатын. Негізгі қызметінен бөлек қоғамдық жұмыстармен де айналысқан Мира Қасымбекқызы 1976 жылдан 1984 жылға дейін облыстық Кеңестің (3 шақырылым) депутаты болып сайланды, облыстық денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлесін қосты.

Еңбекқорлық пен шеберліктерін, әрқашан көмек көрсетуге дайындығын, мәдениеттілігін, адалдығын, парасаттылығын, тапсырылған іске деген жауапкершіліктерін, көз тоярлық жинақылықтарын көрсете бiлген Сағымбай Қарақұлұлы мен Мира Қасымбекқызы әріптестерінің, көптеген емделушілерінің, жалпы қоғамның алдында үлкен беделге ие болды.

Ерлi-зайыпты қос дәрiгер бүкіл өмірін, өздерін толықтай жұмысқа, халыққа қызмет көрсетуге, олардың өмiрiн құтқаруға арнаған жандар.

– Мен өз мамандығымды жан-тәніммен жақсы көрдім, оны ауыстыру ойымда да болған жоқ. Бірақ, осы күнге дейін менің жұмысымды, жетістігімді дәріптеп бұқаралық ақпарат құралдарының бетіне ешкім шығармаған екен, – дейді Сағымбай Қарақұлұлы бір сөзінде.

Ия, осындай құрметке барынша лайық азаматтарымыз дер кезінде еленбей қалып жататыны өкінішті. Қарап отырсақ, алдыңғы қатарлы дәрігер-хирург бола тұра, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігін» қатарындағы дәрігерлерден кейін алған екен. Алайда, 70-тен асқаннан кейін еңбегі еленіп, «Еңбек Қызыл ту» орденімен, ҚР Үкіметінің «Құрмет» орденімен, А.Н.Сызғанов атындағы Алтын медалімен, «Алтын дәрігер» кеуде белгісімен, ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сағымбай Қарақұлұлы бүгінге дейін облыстық медицина және онкология орталықтарының кеңесшісі ретінде еңбек етті. Мұндай кәсіби ұзақ өмір сүру тек ғана сүйікті кәсібін таңдап, оның қиындығына қарамастан оған адал болған, тер төгіп, еңбегін сіңірген жандарға ғана жазылған.

Сағымбай Қарақұлұлы мен Мира Қасымбекқызы отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан алты немере және төрт шөбере сүйген шағында өмірмен қош айтысып кете барды. Қос дәрігер еңбегі ешқашан есімізден өшпек емес…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: