Құрманбек Шәкенов – аудандық аурухананың хирургия бөлімінің білікті дәрігер-хирургі. Өз ісін жетік білетін маманның медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына жиырма жылдан асты.
Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе медицина университетінің 2005 жылғы түлегі сол уақыттан бері халықтың денсаулығын жақсартуда аянбай еңбек етіп, сүбелі үлесін қосып келеді.
– Бұл мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Әрине, ата-анамның да кеңесі әсер етті. Хирург болу үшін, ең алдымен, білім, төзімділік, батылдық пен өзіңе деген сенімділік қажет. Жоғарыдағы аталған қасиет болмаса хирургия саласын меңгеріп кету қиынға соғады. Ең алғаш ота жасаған сәтім әлі есімде. Барлық хирургтердің ең алғашқы отасы аппендицит жасаудан басталатыны белгілі ғой. Мен де осы отамен хирургия саласындағы жолымды бастадым, – дейді кейіпкеріміз.
Оқу орнында оқып жүрген кездің өзінде мамандығына шын берілген Құрманбек Ақтөбедегі медициналық жедел жәрдем ауруханасында медбрат болып қосымша тәжірибе жинақтау мақсатында жұмыс істейді. Осы кезде аталған ауруханада жүріп өткізген қиын да ұйқысыз студенттік түндердің оған берген тәлімі көп болды. Тіпті аға буын ұстаздарының қасында жүріп үйренген сабағы өмірлік тәжірибе еді. Сырттай қараған адамға қызықты болып көрінетін хирургия саласының үлкен жауапкершіліктен, батыл әрекетті талап ететін қадамдардан, зор сабыр мен кәсіби шеберліктен тұратынын түсінді. Одан әрі университетті бітірген соң 2005 жылы дәрігер интернатураны тамамдайды. Осылайша 2006-2009 жыл аралығында Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық орталығында анестезиолог-хирург қызметін абыроймен атқарады.
Ал 2009 жылдың мамыр айынан бастап Жаңақорған аудандық ауруханасына ауысады. Бастысы алдына дұрыс мақсат пен талап қоя білген Құрманбек Орынбасарұлы «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көреді.
Содан бері міне, біраз тәжірбие жинақтап, қол шынықтырса да, үйренерінің көп екендігін айтады. Өзінен кейін өсіп келе жатқан жас мамандарға да қолынан келгенін үйретіп, кеңес беріп, түсіндіруден жалыққан емес. Табиғатынан ерекше қабілеттілігі мен мамандығына деген құштарлығын халық денсаулығы үшін жұмсап, күндіз-түні еңбектеніп келе жатқан білікті маман өз әріптестерінің арасында да сыйлы.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз іш және кеуде қуысының шұғыл және жоспарлы түрдегі түрлі күрделі оталарын жасайды. Күніне 10-нан аса, айына 45-ке жуық отаны басынан өткеретін дәрігерден мамандығына байланысты пікірін сұраған едік.
– Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі жайсыз жағдайлар, оқыс оқиғалар болуы әбден мүмкін. Мұндай кездерде көмекке алдымен біз келеміз. Сырқат жанға жәрдеміңді тигізіп, оның сауығып кетуін алғы кезекке міндет етіп қойғаныңнан кейін бәрін де үлкен жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені осындай сәттерде саған айрықша сенім, үлкен үміт артылады, – дейді ол.
Оның сөзінше, өз біліктілігін арттыру мақсатында Қазақстан аумағындағы хирургтердің жиындарына, тәжірибе жинау мақсатында ұйымдастырылатын түрлі бағыттағы оқуларға үздіксіз қатысып, білімін жетілдіріп келеді екен.
Әрдайым кәсібіне адал ақ халатты абзал жанның денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, 2018 жылы денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасымен», аудан, облыс әкімдерінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулық екені сөзсіз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, денсаулық саласы мамандарының көмегіне жүгініп, жанымызға сая іздеп жатамыз. Ал бүкіл әлемнің үрейін алып, сан мыңдаған тағдырды жалмаған қауіпті індет жайлаған кезде де бұл мамандардың орасан көмегін халық көрді, бағасын берді. Ендеше, халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша абзал жандарға біз де өз алғысымызды жеткіземіз.
Лаура БИБАСАРОВА,
Жаңақорған ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!