Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазіргі балалар неге аурушаң?

10.06.2024, 18:15 234

Қазіргі балалардың денсаулығы – ата-ана мен қоғам үшін өзекті мәселе. Технологиялардың дамуы, климаттың ластануы және өмір сүру салтының өзгеруі балалардың аурушаң болуына әсер етеді. Бұл мақалада қазіргі кездегі балалар арасындағы кең тараған аурулар, олардың себептері және оларды шешу жолдарын айтатын боламыз.

Балалар арасында кең тараған аурулар қайсы?

Респираторлық аурулар: Жиі суық тию, тұмау, бронхит, пневмония.
Аллергиялар: Шаңға, тағам өнімдеріне, өсімдіктерге және жануарларға аллергия.
Ас қорыту жүйесінің аурулары: Асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, гастрит, ішек инфекциялары.
Иммунитеттің төмендеуі: Иммундық жүйенің әлсіздігі кесірінен бала көп ауруға төтеп бере алмай жатады.
Артық салмақ және семіздік: Қимыл-қозғалыстың аздығы және зиянды қоспаларға бай тағамдарды тұтыну салдарынан.

Балалар ауруының себептері қандай?

Қоршаған ортаның ластануы – қазіргі уақытта балалар денсаулығына елеулі әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Ауадағы түрлі вирус, әсіресе қалалық жерлерде, балалардың тыныс алу жүйесіне теріс әсер етеді. Бұл астма, аллергия және басқа да тыныс алу жолдарының ауруларының дамуына алып келеді.

Сонымен қатар, су мен топырақтың ластануы да балалардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мысалы, ауыр металдар және басқа да зиянды химиялық заттар балалардың организмінде жиналып, иммундық жүйесін әлсіретіп, түрлі аурудың жиілеуіне себепші болады.

Балалардың қазіргі өмір сүру салты да олардың денсаулығына теріс әсер етіп жатыр. Технологияның дамуына байланысты балалар көп уақытын компьютер мен смартфон алдында өткізеді. Бұл олардың физикалық белсенділігінің төмендеуіне және артық салмақтың жиналуына әкеледі. Сонымен қатар, ұзақ уақыт экран алдында отыру омыртқа ауруларын туғызып, көздің көруін нашарлатып, баланың жүйке жүйесіне зиян келтіруі мүмкін.

Дене шынықтырудың жеткіліксіздігі де балалардың жалпы физикалық қабілетін нашарлатады. Балалардың спортпен айналысуы немесе таза ауада көп уақыт өткізуі олардың иммунитетін күшейтіп, түрлі ауруға қарсы тұру мүмкіндігін арттырады. Күнделікті режимі, ұйқысы, тамақтануы және гигиенасы да дұрыс болуы қажет.
Қазіргі уақытта көптеген бала дұрыс тамақтанбайды. Жылдам дайындалатын тағамдар, фастфуд өнімдері, тәттілер мен газды сусындар олардың негізгі ас мәзірін құрайды. Мұндай тағамдар балалар организміне қажетті дәрумендер мен минералдарды бере алмайды, керісінше олардың иммунитетін әлсіретіп, түрлі ауру туғызады.
Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдеріне қолданатын дәрілер де (өсімдіктерді зиянкестерден, арамшөптерден, аурулардан және микроорганизмдерден қорғау үшін қолданатын химиялық қосылыстар) балалар денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Бұл химиялық заттар балалардың ағзасында жинақталып, түрлі аурудың дамуына, иммунитетінің төмендеуіне әсер етеді.

Мектептегі жоғары талаптар, сабақтар мен үй тапсырмаларының көптігі балаларды күйзеліске ұшыратады. Достарымен қарым-қатынасы, әлеуметтік желілерде өзін-өзі көрсетуі, буллинг (мектептегі буллинг) сияқты мәселелер балалардың эмоционалдық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Ата-ананың ажырасуы, жанжалдар, қаржылық қиындықтар сияқты отбасылық проблемалар баланың психологиялық денсаулығын нашарлатады.
Тұқым қуалайтын аурулар, мысалы, қант диабеті, бронх демікпесі, жүрек-қантамыр аурулары, аллергиялар генетикалық бейімділікке байланысты болуы мүмкін. Баланың иммунитетінің әлсіздігін генетикамен телитіндер бар. Бұл кейбір инфекциялық ауруларға төзімділікті төмендетеді.

Тұқымқуалаушылық депрессия, үрейлі ойлар және басқа да психикалық аурулардың дамуында да рөл ойнауы мүмкін.

Денсаулығын жақсарту үшін қандай шараларды қабылдау қажет?

Балалар тұтынатын тағамдарда барлық қажетті дәрумен мен минералдардың болуы керек. Жаңа піскен және табиғи өнімдерді тұтынуға басымдық болуы керек. Ақуыздар, көмірсулар, майлар, витаминдер, минералдар, жеміс-жидектер мен көкөністер, дәнді дақылдар және сүт өнімдері балалардың өсуі мен дамуы, денінің саулығы үшін маңызды. Зиянды тағамдарға шектеу қою. Және балаларға күніне жеткілікті мөлшерде таза су ішуді үйрету.
Қайнаған немесе сүзілген таза суларды пайдалану. Химиялық заттарсыз және консерванттарсыз табиғи өнімдерді тұтыну. Үйдегі тазалықты сақтап, зиянкестерден қорғау және аулаға жасыл желектерді отырғызып көгалдандыру.

Физикалық жаттығулар балалардың денсаулығын жақсартуға, артық салмақтың алдын алуға және иммунитетті нығайтуға жақсы көмектеседі және де күнделікті таза ауада серуендеп уақыт өткізуді де ұмытпау керек.

Балаларды уақытылы педиатрға апарып тұру керек. Педиатрға жоспарлы түрде бару бала үшін өте маңызды. Бұл созылмалы аурулардың асқынуына жол бермейді.

Қажетті екпелерді уақытында алу. Бала кезінде алған екпелер өмір бойына кейбір ауруларға қарсы тұруға көмектеседі, яғни вакцинаны салған кезде иммунитеттер қалыптаса бастайды, ерекше антиденелер пайда болады. Екпе салынбаған баланы мемлекеттік балабақшаға немесе мектептерге қабылдамауы мүмкін.
Сондықтан ата-ананың медициналық сауаттылығы да маңызды рөл атқарады.

Психологиялық кеңестер. Отбасылық махаббат пен қамқорлықты жеткілікті түрде беру. Ата-аналар мен мұғалімдердің балаларға эмоциялық қолдау көрсетіп, баланың пікірін тыңдай біліп, түсіністікпен қарауға тырысуы қажет. Балалардың күн тәртібін дұрыс ұйымдастыру, демалуға және ойынға жеткілікті уақыт бөлу. Экран алдында өткізетін уақытына шектеу қойып, балаларды белсенді ойындарға, спортқа қызықтыру.

Балалардың аурушаң болуының бірнеше себебі бар

Осы тұста дәрігер Бибажар Кұрманәлиева былай дейді.

– Иә, бұл – шынында да маңызды мәселе. Балалардың аурушаң болуының бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, қоршаған орта, тамақтану режимі, тұрмыс-тіршілігі және медициналық көмек сапасы. Мысалы, қаладағы ауаның ластануы және дұрыс тамақтанбауы балалардың иммунитетін әлсіретіп, түрлі ауруға шалдықтыруы мүмкін.

Ал бұның алдын алу үшін бірнеше негізгі шараларды ұстану қажет. Біріншіден, оларды дұрыс тамақтандыру, табиғи және сапалы өнімдерді пайдалану. Екіншіден, спортқа баулу, таза ауада көбірек уақыт өткіп ойнату қажет. Үшіншіден, баланы медициналық тексерулерден уақытылы өткізіп, дәрігерлердің кеңестерін тыңдау керек.

Қызылорда қаласындағы медицина саласының жағдайы жайлы айта кетсем, соңғы жылдары біршама жақсы өзгерістер болды. Жаңа медициналық мекемелер ашылып, медициналық құрал-жабдықтар жаңартылуда. Осыған сәйкес аймақтың медициналық мекемелерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге бөлінген екен. Өңірімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда. «Дені сау адам – қоғамның басты байлығы» дегендей, дәрігерлердің жұмысы қарбалас. Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық, – дейді ол.

Қорытындылай келе, қазіргі балалардың аурушаң болуына әсер ететін мәселелер көп және олардың әрқайсысы өз алдына маңызды. Қоршаған ортаның ластануы, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі және медициналық қызмет көрсету деңгейінің жеткіліксіздігі балалар денсаулығына теріс әсер етеді. Осы мәселелерді шешу үшін ата-аналар, медицина мамандары және қоғам бірігіп, кешенді шаралар қабылдауы қажет.

Балалардың денсаулығын жақсарту үшін алдымен олардың өмір сүру салтын өзгерту керек. Балалар дұрыс тамақтанып, спортпен айналысуы тиіс. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және ата-аналардың медициналық сауаттылығын арттыру қажет. Тек осылай ғана біз балалардың денсаулығын нығайтып, олардың болашағын жарқын ете аламыз. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.

Жанель ОРАЗ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: