Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Профессордың дәрісі

05.07.2024, 9:15 171

HALYQLINE.KZ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар инфекционист-дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Динагүл Баешова Сыр еліне жұмыс сапарымен келді. Профессор іссапар барысында жергілікті мамандарға түрлі тақырыпта дәріс оқып, екі күндік семинар өткізді. Инфекционист-дәрігер Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, жұмыс сапары туралы баяндады.

– Динагүл Аяпбекқызы Сыр өңіріне екі күндік іссапармен келді. Ол өз сапарында өңірде болып жатқан инфекциялық аурудың ахуалы жайында, эпидемиологиялық жағдайлар бойынша қызылордалық дәрігерлерге семинар өткізді. Семинар барысында аудандардағы барлық инфекционист-дәрігер мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер, балалар невропатологтары, жедел жәрдем дәрігерлері мен эпидемиолог мамандары және бас дәрігердің орынбасарлары мен педиатр мамандардың қатысуымен өткізілді. Тренинг өте жоғары дәрежеде өтті әрі біздің мамандар осы арқылы өздерінің білімдерін толықтырды. Өзінің білгенін дәрігерлерге үйретуден жалықпай, арнайы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Динагүл Аяпбекқызына шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Алиева.

– Өздеріңіз білесіздер, коронавирус ауруынан кейін жұқпалы ауруларға немқұрайжы қарамау керек екеніне көзіміз жетті. Бүгінде тек Сыр өңірінде емес, барлық Қазақстанда вакцинамен бақыланатын аурулармен ауыратын адамдардың саны артып отыр. Оның ішінде көкжөтел мен қызылша ауруы көбеюде. Естеріңізде болса, 2018-2019 жылдары Алматы облысы мен облыс төңірегінде «Менингококк инфекциясының» ауруы асқынған еді. Бұл ауру 6-7 жылда бір дүмпу көтеріліп, ауыр дәрежеде өтеді. Тіпті, салдарынан адам өліп кетуі де мүмкін. Сол себепті біз осының алдын алу мақсатында дәрістің алғашқы күнінде «Менингококк инфекциясын ерте анықтау және емдеу» деген тақырыпта баяндама жасадым. Жергілікті дәрігерлерге аурудың ағымы туралы айтып, қалай дайындалу керек екені жөнінде өз кеңесімді бердім. Одан бөлек, дәрісте балалар арасында жиі кездесетін жұқпалы ауруларға баса назар аударып, олардың диагностикасы мен емі туралы ақпарат бердім. Сондай-ақ, бұл диагноздың балалардың өмірі мен денсаулығына келтіретін зияны мен науқасты қарау кезінде дәрігердің ескеруі тиіс бірнеше жайтқа жеке тоқталдым. Сонымен қатар «Менингококкты инфекция. Менингит. Менингококсемия. Клиникасы, диагностикасы, ИТШ алдын алуы мен емі», «ЦМВИ диагностикасы емі», «Көкжөтел ауруы, диагностикасы, емі, профилактикасы», «Қызылша ауруы, профилактикасы, аурудың ағымы диагностикасы мен емі», «ЖРВИ ауруының ерекшеліктері мен емі» деген тақырыптар бойынша да дәріс оқыдым, – деді профессор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: