Ұлттық құрылтайда сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласында анықталған жүйелі заңбұзушылықтарға тоқталып, әлеуметтік салаға бөлінген қаржының талан-таражға салынуы жол беруге болмайтын жағдай екенін қатаң сынға алды.
Президенттің айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кешенді тексерісі көптеген өрескел заңсыздық пен асыра пайдалануды әшкерелеген.
— Денсаулық сақтау саласында да осындай мәселелер анықталды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кешенді тексерісі көптеген заңбұзушылық пен асыра пайдалануды әшкереледі. Негізінен бұл – қарапайым «припискалар» және мемлекеттік қаражатты ірі көлемде жымқыру мақсатында құжаттарды ашықтан-ашық қолдан жасау деректері, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел болып экономикалық өсім мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға күш жұмсалып жатқанда, әлеуметтік салаға бөлінген қомақты қаржының ұрлануы қоғам сеніміне соққы екенін атап өтті.
— Бүкіл ел сапалы экономикалық өсімге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, денсаулық сақтауды дамытуға жұмылып жатқан кезде, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаржының жай ғана ұрлануы – мүлде жол беруге болмайтын жағдай, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024–2025 жылдары тек денсаулық сақтау саласының өзіне 7,8 триллион теңге бөлінгенін еске салды.
— 2024–2025 жылдары мемлекет денсаулық сақтауды дамытуға ғана 7,8 триллион теңге бөлді. Мемлекеттің білім мен денсаулық сақтауға жұмсайтын шығындары, ең алдымен, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл – Әділетті Қазақстан құру стратегиясынан туындайтын міндет, — деді Мемлекет басшысы.
Президент құқық қорғау органдарына жемқорлық схемаларынан пайда көрген барлық тұлғаларды анықтау жөнінде тапсырма берілгенін айтты.
— Құқық қорғау органдарына жемқорлық схемаларынан пайда тапқан барлық тұлғаларды анықтау тапсырылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкімет шешімін қолдайтынын жеткізді.
— Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімін қолдаймын, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қорда орын алған жағдай – әлеуметтік сала басшыларының кәсібилігінің төмендігі мен мемлекеттік мүддеге немқұрайлы қарауының салдары.
— Қорда болған жайт – әлеуметтік сала басшыларының кәсіби деңгейінің төмендігін, мемлекеттік мүддеге деген немқұрайлы көзқарасын көрсетеді. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің адалдығына деген сұраныс әлі де өзекті, жалпыұлттық маңызы бар мәселе болып қала береді, — деді Мемлекет басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!