Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 45 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 20 адамда эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша, 12 адамда ПТР тапсыру кезінде, 13 жағдай коронавирус инфекциясымен ауырған адамдармен жақын қарым-қатынаста болғандар арасында анықталды. Індет жұқтырғандар қазір толықтай бақылауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
– Бүгінде барлық ауру ошақтарына залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Әрі науқастармен қарым-қатынаста болған 217 адамды жергілікті емдеу-сауықтыру мекемелерімен 14 күнге медициналық бақылауға алдық. Жалпы, барлығыңызға белгілі, ковид ауа тамшылары арқылы таралатындықтан вирустың адамға әсер ету жылдамдығы өте жоғары. Сондықтан баршаңыздан ойын-сауық, отбасылық салтанатты, естелік іс-шараларын өтізуді кейінге қалдыруды сұраймыз. Індетті өз қолымызбен өршітпейік, – деді департамент басшысының орынбасары Әлия Мүтәліпқызы.
Айта кетейік, бүгінде дәріханаларда халықтың қажеттілігін қамтамасыз етететін әрі «ковидке қарсы» дәрілік заттар қоры жеткілікті. Оның үстіне дәрі бағамы да арнайы мониторингтік топтың бақылауында болады.
– Биыл өңірде дәрі тапшылығы болмайды. Қазірдің өзінде қорда антибиотиктердің 358 805 қорабы, вирусқа қарсы препараттардың 24 485 қорабы, антикоагулянттардың 93 902 қорабы, ыстықты түсіретін препараттардың 179 723 қорабы, қақырық түсіретін препараттардың 15 643 қорабы бар. Тағы бір жаңалық, биыл «ковидке қарсы» препараттардың бағалары 27%-ға төмендеді. Бұл халықтың қалтасына былтырғыдай ауырлық салмайтын болады. Дәрі бағамын қалыпты ұстау үшін арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді, – деді облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!