Адам денсаулығы қоршаған ортаның тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс, уақытылы тамақтану адам өмірін жақсарта түспек. Сақтық шаралары ауада таралатын түрлі шаң-тозаң, бактериялардан қорғайтыны анық. Бірақ тосыннан келген кеселге дес бермей қалуыңыз да әп-сәтте-ақ. Яғни, ауа арқылы жұғатын туберкулез дертімен кез келген адам ауруы мүмкін деген сөз. Өйткені, қазіргі таңда қалыптасып жатқан жағдай алаңдатарлықтай. Бұл жұқпалы дерттің жалпақ жұртқа жайылуы да тез әрі белең алып келеді. Соңғы 10 жылда туберкулез дерті 2 есеге азайғанымен, бүгінгі таңда өсу көрсеткіші жоғарылаған. Облыс бойынша 2021 жылы 259 адам туберкулез дертімен ауырса, биыл 330 адамнан анықталып, адамдар арасындағы туберкулез аурушаңдық көрсеткіші едәуір көбейген. Осы тұрғыда, елді елеңдетіп отырған бүгінгі мәселені тереңнен қаузайтын боламыз.
Туберкулез қазір әлеуметтік дерт қатарына жатады. Бұл дерттің алдын алу үлкен маңызға ие. Себебі, ушыққан туберкулез дерті өлім-жітім санын көбейтеді. Дегенмен, облыста асқынған туберкулез дертінен қайтыс болған адамдардың саны соңғы он жылда 4,8 пайызға төмендеген. Алайда, жұқпалы дерт қалың халық арасында дендеп барады. Осы тұста, облыстық фтизиопульмонология орталығынан нақты мәліметтер алу барысында байланысқан болатынбыз. Олардың мәліметінше, облыста туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан. Флюорографиялық тексеру аймақтың 98,2 пайызына жүргізіліп, тексеру барысында қауіпті туберкулез белгілері анықталған адамдарға мақсатты түрде емдік шаралар қарастырылды. Сол тексерілген адамдардың арасынан алдыңғы жылмен салыстырғанда 39,7 пайызынан туберкулез таяқшалары анықталды. Иммунитеттің төмендігінен туберкулез жұқтыру мүмкіндігі жоғары. Сондықтан адамдардың өз денсаулықтарына барынша мән беруі керек.
Туберкулез дертінің 2 түрі болады: негізгі дәрілерге сезімталдық сақталған түрі және дәрілерге тұрақты түрі. Бұдан бөлек туберкулездің ашық және жабық түрлері де болады. Қақырықта туберкулез таяқшалары пайда болып, асқынған жағдайда бұл туберкулездің ашық түріне жатқызылады. Мұндай түрімен ауыратын адамдар өте қауіпті деп есептелінеді. Жабық түрінде қақырықта туберкулез таяқшалары болмайды, бірақ дерт асқынатын болса, туберкулездің мұндай түрімен ауыратын науқастар да ауру жұқтырады. Ал туберкулез дерті жұққан кезде алғашқыда қандай белгілері байқалады?
– Туберкулез таяқшалары әртүрлі органдарды, көбінесе өкпені зақымдайды. Аурудың біліну сипаты туберкулездің түріне, науқастың жасына, организмнің жалпы жағдайына, иммунитетіне байланысты. Аурудың ортақ белгілері: дене қызуының көтерілуі, түнге қарай көп терлеу, ұйқының қашуы және тәбеттің нашарлауы. Науқас жүдеп, ашуланшақ келеді, жұмысқа қабілеті төмендейді. Туберкулез таяқшалары түскен жердің тінінде кішкентай төмпешіктер пайда болады. Адам организмі сауыға бастаса, мұндай төмпешіктер жойылып кетеді. Кейде бұл төмпешіктердің сырты қатты затпен қоршалып, беріштенеді. Мұны некроз ошағы деп атайды. Адам организмі әлсіреп, некроз ошағына қолайлы жағдай туса, сол жерде қуыс пайда болады. Осы қуыста туберкулез таяқшалары дамып, кеңірдек арқылы өкпенің басқа бөліктерін зақымдайды. Мұндай науқастардың қақырығанда микобактериялар мол болып, қақырыққа қан араласуы, тіпті қан кетуі де мүмкін, – дейді облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Әбдіғабит Әбләзімұлы.
Ауру адам таңдап, айтып келмейді десек те, оның алдын алу – өз қолымызда. Соның бірі ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы аурулар түгелдей адам баласына қауіпті болып табылады. Ауа арқылы өршіп бара жатқан дертті жою, тоқтату мүмкін емес екенін бәріміз де білеміз. Бүгінгі күні аймақта ересектер арасында туберкулез дертінің көптігін байқауға болады. Облыстық фтизиопульмонология орталығы мамандарының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылдың 9 айында алғаш туберкулезге шалдыққандар арасында 5,4 пайызы – 0-14 жастағы балалар, 5,4 пайызы – 15-17 жастағы жасөспірімдер, 89 пайызы – ересектер. Осы ересектер арасында 51,7 пайызы 25-55 жас аралығындағы адамдар туберкулез дертімен ауруда. Себебі олар белсенді контингент болғандықтан әр жерде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда облыс ішінде де, республика бойынша да халықтың арасында, оның ішінде жұмыс жасындағы адамдардың көші-қон байқалады. Және олардың көпшілігі ашық туберкулез түрімен ауыратыны анықталған.
– Туберкулез таяқшасы ауа арқылы таралатындықтан, өңірдегі туберкулез белгілері алғаш анықталған пациенттер арасында 85,5 пайызы өкпе туберкулезі, яғни ашық туберкулез түрімен ауыратыны анықталған. Өкпе туберкулезі ішінде бактерия бөлетіндері соңғы он жылда 50,2 пайыздан 46,4 пайызға төмендеуде. Қазіргі таңда 770 белсенді топтағы микобактериясын таратпайтын және айналасындағыларға қауіп төндірмейтін науқастардың 81 пайызы алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек мекемелерінде амбулаторды түрде ем қабылдауда. 2022 жылы 9 айда амбулаториялық жағдайда ем бастаған туберкулез микобактериясын таратпайтын және айналасындағыларға қауіп төндірмейтін науқастардың көрсеткіші 75,6 пайызды құрады. Сондай-ақ, туберкулезге қарсы төсек орынды тиімді пайдалану мақсатында бүгінгі күні облыстық ауруханамызда төсек орын жетіспеушілігі жоқ. 265 науқасқа жабдықталған төсек орында 135 науқас ем алуда. Жылдан-жылға стационарды алмастыратын технологияларды қолдана отырып, пациентке бағдарланған тәсіл, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек мекемелерінде мобильді топтарда бақыланатын емдеу жүргізу, бейне бақыланатын емдеу арқылы кеңейіп келеді. Сонымен қатар, облыс бойынша барлық аудандар G-xpert аппаратымен 100 пайыз қамтылған және облыстық фтизиопульмонология орталығы да G-xpert, Bioner, LPA-тест, Bacter NGIT 960 аппараттарымен жабдықталған, – деді Әбдіғабит Әбләзімұлы.
Індет қорғаны – сақтық. Ақ халаттылар да тұрғындарға жұқпалы дерттен сақтанудың жолдарын түсіндіруден шаршамайды. Десе де, өз тағдырымыздың иесі өзіміз болған соң, денсаулығымызға жанашырлықпен қарағанымыз абзал. Саламатты өмір салтын сақтап, дәрігер берген кеңеске жүгіну, уақытылы өкпеңізді скринингтен өткізу – жұқпалы аурудың алдын алу шарасы. Сонымен қатар, туберкулезге қарсы салынатын сынамадан бас тартпай, жеке гигиена ережелерін ұстанып, дәруменге бай тағамдармен тамақтанып, қай мезгіл болса да таза ауада серуендеу – денсаулықтың басты кепілі.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!