Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыста жұқпалы аурулар бойынша жағдай бақылауда

14.01.2026, 19:55 26

Қызылорда облысында өткен жылы жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты сақталды. Өңірде бақылауға алынған 102 жұқпалы ауру түрінің тең жартысынан көбі мүлде тіркелмеген. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, соңғы 15 жылда вакцинамен басқарылатын бірқатар қауіпті жұқпалы аурулар өңірде анықталмаған. Олардың қатарында құрөзек, сіреспе, полиомиелит, паротит, гемофильді және пневмококк инфекциялары бар. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес профилактикалық екпелермен қамту деңгейі 96,8 пайызға жеткен.

Сонымен қатар өткен жылы аса қауіпті инфекциялар бойынша да мониторинг күшейтілген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты жағдай күрделі болғанымен, барлық тіркелген деректер дер кезінде бақылауға алынған. Кене шағуына байланысты 1 281 адам медициналық көмекке жүгінген, барлығы дәрігерлік бақылаудан өткен. Ал туберкулез бойынша 355 жаңа жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеген.

Ішкі сауда нарығындағы өнімдердің қауіпсіздігі де департаменттің тұрақты бақылауында. Өткен жылы сауда орындарынан 1 766 өнім үлгісі алынған. Тексеру нәтижесінде әр бесінші өнім техникалық регламент талаптарына сай келмейтіні анықталған. Осыған байланысты 100 сауда нысанына шара қолданылып, бір тоннаға жуық өнім айналымнан шығарылды.

Қауіпсіздік талаптарына сай келмеген өнімдердің ішінде тыйым салынған бояғыштар қосылған шайлар да бар. Бұл жағдайдан кейін Кениядан әкелініп, Қазақстанда қапталған кейбір шай өнімдерін елге әкелуге және сатуға шектеу қойылды. Сонымен бірге Қытай мен Өзбекстанда өндірілген, талапқа сай емес балалар ойыншықтары да сатылымнан алынды.

Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап енгізілген жаңа тамақтану стандартына сәйкес білім беру ұйымдарындағы ас мәзірі қайта қаралған. Балабақша мен мектептерде тұз бен қант мөлшері айтарлықтай азайтылып, керісінше көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесі көбейтілген.

Мамандардың айтуынша, атқарылып жатқан бұл шаралар өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға және жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: