ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНИЯТ:
Аймағымызға әртүрлі саланың ведомство басшылары келуде. Дегенмен, мұндай жағдай бұған дейін болған емес. Соған қарап, қай саланың бір бұрышы қисайып тұрғанын аңғаруға болады. Десе де, денсаулық пен білім саласы басқалардан әрқашанда өзектісі екені белгілі. Сол себепті денсаулық сақтау министрі келгенде бүкіл облыс жиналып, мәселесін жеткізгені дұрыс. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, қазақстандықтардың ең бірінші мәселесі кадр тапшылығы екен. Егер кадрды тамыр деп алатын болсақ, сол түбі дұрыс болмағаннан кейін салада салғырттық көп болып тұр. Мұны шешудің жолы қандай болмақ? Мәселен, биыл елімізде медициналық жоғары оқу орындарын бітірген 2692 түлектің 104-і Қызылорда облысында жұмыс істейтін көрінеді. Бұл жайында Ажар Ғиният өңірімізге іссапарға келгенде, сырбойылық БАҚ өкілдеріне өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді.
– Республикада ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау іс-шаралары көзделген. Осы ретте, Қызылорда облысында 25 маман көтерме жәрдемақы алды. 1 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал 1 маман басқа да әлеуметтік қолдау іс-шараларына ие болды. Сондай-ақ өңірге амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 6,6 миллиард теңгеден астам сомаға дәрілік заттар, ал стационарлық көмек шеңберінде 6,4 миллиард теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алу жүзеге асырылды. Бұдан өзге, биыл әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көбейді. Денсаулық сақтау жүйесінде жетістіктермен қатар, бәріміз бірігіп шешетін міндет көп. Медицина қызметкерлері жұмысының нәтижелеріне оның әлеуметтік мәртебесі де тікелей әсер ететінін атап өткім келеді. Көп жағдайда оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы қоғамның нақты тұрақтылығы да байланысты, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Мемлекет басшысының орталық атқарушы органдарының халықпен кездесулер өткізу жарлығын орындау мақсатында денсаулық саласының ведомство басшысы Сыр өңіріне келіп, бірнеше нысанмен таныс болыпты. Өңір бойынша сапар бағдарламасы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесуден басталып, Ана мен бала орталығына, облыстық жедел жәрдем станциясына барумен жалғасты. Бұдан әрі Ажар Ғиният Шиелі ауданындағы бірқатар ауылдық денсаулық сақтау нысандарына барды. Сонымен қатар, министрдің сапар бағдарламасына облыстағы Қазақ республикалық лепрозориясы да кірді.
– Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы іске асырылуда. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын ұзарту. Соңғы екі жылда короновирус инфекциясына байланысты елімізде ғана емес, көптеген мемлекетте халықтың денсаулығы нашарлап кетті. Дей тұрғанымен, осы жылы халықтың денсаулығы жақсы көрсеткішті көрсетті. Атап айтсақ, өлім-жітім 15 пайызға төмендеді. Жүрек-қан тамыр аурулары, туберкулез, ана өлімі және т.т. едеуір азайды. Бұл әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дұрысталып келе жатқанын, денсаулық сақтау саласының объектілері толыққанды жұмыс істеп жатқандығын, халықтың профилактикалық мамандандырылған көмекке қол жеткізгендігін көрсетіп отыр, – деді ведомство басшысы.
Ажар Ғинияттың айтуынша, өлім-жітім коэффиценті төмендеген. Олай болса, өткен жылғы өңіріміздегі өлім себептерінің негізгі жіктеліміне қарай өлім-жітімнің стандартталған коэффициенттері жайында айтайық. Қызылорда облысының халқы бірқатар жұқпалы және паразиттік аурулардан 8,30 коэффицент болса, оның ішінде туберкулезден 2,04 құрады. Өкпеден өлім коэффиценті 67,87 көрсетті. Оның ішінде қатерлі ісіктерден 66,82 болды. Сонымен қатар, қант диабетінен 24,12, жүйке жүйесі ауруларынан 93,44, ас қорыту ағзалары ауруларынан 41,34, жүрек ишемиясы дертінен 36,09, тыныс алу ағзаларынан 78,98, жол-көлік оқиғасынан 15,78, өзін-өзі өлтіруден 8,29 көрсетті.
Медицина саласында жедел жәрдемнің көмегіне сын жиі айтылып жүр. Сондықтан министр шақыртулардың статистикасымен және жіктемесімен, диспетчерлердің жұмысымен, өңірдің шұғыл медициналық көмек көрсетуінің нәтижелілігімен егжей-тегжейлі таныс болғанын жеткізді. Шұғыл медицина орталығы өңірдің 780 235 тұрғынына қызмет көрсетсе, бұл ретте осы қызметпен қамту аймағы облыс бойынша 70,7%-ды, 229 елді мекеннің 162-сін құрайды екен. Халыққа кезек күттірмейтін көмекті 95 бірлік санитариялық автокөлікпен жарақталған тәулік бойы жұмыс істейтін 47 бригада көрсетеді. Станцияда қазір 900-ден астам қызметкер, оның ішінде 75 дәрігер және 524 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Министр қанайналым жүйесі, жоғарғы тыныс алу жолдарының аурулары кезіндегі сын-қатерлердің өсу үрдісін атай отырып, пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем қызметкерлерін тұрақты оқыту және біліктілігін арттыру мәселесіне назар аударатынын атап өтті.
Еліміздегі дәрі-дәрмектің 70 проценті сырттан импортталады. Бұл сөзімізге Ажар Ғиният та қарсы келмеді. Оның айтуынша, өзге елдермен келісімшарттың арқасында биыл дәрі-дәрмек тапшылығы болмаған. Украина мемлекетімен келісімшартты бұзып, басқа компаниялардан сатып алынғанын да айтты. Дегенмен, осы өткір мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
– Біз ешкімге тәуелді болмас үшін отандық өндірушілердің санын көбейтуіміз қажет. Сол себепті әлемдегі ең мықты фармацевтикалық компанияларды елімізге шақыртуды жөн көрдік. Оларға түрлі жеңілдік беру арқылы отандық өндірушілер бірлесіп, дәрі-дәрмектің 50 проценті елімізден шығатын болады. Бұл игі істі 2025 жылға іске асыру жоспарда бар, – деді ол.
Айта кету керек, қаладағы емхана қызметкерлерінің ақысыз демалысқа мәжбүрлі түрде шығып жатқанына қатысты министр өз ойын айтты. «Бұл мәселе бойынша Сыр өңіріне арнайы комиссия келіп, бір апта емханаға бөлінген қаржының дұрыс бағытта жұмсалғанын жіті тексерді. Нәтижесінде қосымша қаржы бөлу керектігі белгілі болып, бұл мәселе министрлік тарапынан оң шешім тапты. Енді қажетті қаржы бөлінеді. Сондықтан емхана қызметкерлері бұрынғыша жұмысын жалғастыра береді» деген пікірін білдірді. Және Қызылорда облысының денсаулық сақтау басшысының қызметіне өз бағасын берді.
– Облыстық денсаулық сақтау басшысының қызметіне бағаны облыс әкімі беру керек деп ойлаймын. Жалпы, облыста басқа өңірлермен салыстырғанда жүйелі жұмыс істеп тұрғанына көзім жетті. Алайда халықтың денсаулық сақтаудағы, азаматтармен кездесуінде есеп берудегі сауалдарға қарағанда облыста медицина саласын ұйымдастыруда көптеген мәселе бар екендігін байқадым, – деді Ажар Ғиният.
ТҮЙІН. Жалпы, кадр тапшылығы еліміздің дамуын тежеп тұр. Мемлекет тарапынан медицина саласына гранттар көптеп бөлінгенімен, нәтиже аз. Сол себепті бұл мәселеге көңіл бөлінген жөн. Әйтпесе, ұлт денсаулығы әп-сәтте нашарлап кетуі кәдік. Бұл мәселені шешкеннен кейін өндіру өнеркәсібіне назар аудару қажет. Отандық өнім мен технология жоқтың қасы. Сондықтан ендігі меже отандық дәрілерді өндіру болып отыр.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!