Қазақстанның білім беру жүйесінде мектеп асханаларынан оқушылардың тамақтан улану фактілері соңғы жылдары тек жекелеген оқиға емес, жүйелі мәселе ретінде көрініс беріп отыр. Бұл жағдай мемлекеттік бақылаудың төмен деңгейін және санитарлық талаптардың сақталмауын көрсетеді. Сонымен қатар, балалардың құқықтары мен денсаулығын қорғауда айтарлықтай олқылықтар бар екені байқалады. Мектеп – балалардың күнделікті тамақтанатын орны, олардың физикалық дамуы мен білім алу қабілеті осы қоректенуге тікелей байланысты. Алайда кейбір өңірде мектеп асханаларынан шығатын тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық артып келеді, бұл ата-аналар мен қоғамның белсенді реакциясын туғызатыны анық.
Соңғы үш жылда еліміздің бірнеше өңірінде мектеп асханаларымен байланысты жаппай улану фактілері тіркелді. Маңғыстау облысында жүздеген оқушы медициналық бақылауға алынған жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Сол секілді Жамбыл облысында ондаған бала ауруханаға түсті. Ақтөбе өңірінде де мектеп асханасынан кейін улану жағдайлары тіркелген.
Ішкі істер органдарының мәліметіне сәйкес, бұл оқиғаға байланысты республика көлемінде мектеп асханаларындағы санитариялық талаптарды бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған. Бұл істер негізінен Қылмыстық кодекстің 304-бабы – санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша тіркелген.
Денсаулық сақтау саласының сараптамалық мәліметтері көрсеткендей, жыл сайын тіркелетін тағамдық токсикоинфекция жағдайларының белгілі бір бөлігі ұйымдастырылған тамақтану орындарымен байланысты. Оның ішінде мектеп асханалары да бар. Қазақстанда 7 мыңнан астам мектеп бар екенін ескерсек, күн сайын миллионнан астам бала мектеп асханасында тамақтанады. Демек, бір ғана санитариялық қателік ондаған, тіпті жүздеген баланың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Мамандардың пайымдауынша, мектеп асханаларындағы қауіп көбіне көзге көрінбейтін, бірақ жүйелі сипат алған кемшіліктерден туындайды. Ең алдымен, тағам өнімдерін сақтау талаптарының бұзылуы, яғни температуралық режимнің сақталмауы, жарамдылық мерзімінің қадағаланбауы, шикі және дайын өнімдердің бірге орналастырылуы – уланудың басты себептерінің біріне айналады. Бұған қоса, өндірістік бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі, аккредиттелген зертханалармен тұрақты келісімшарттардың болмауы және тағам үлгілеріне жасалатын зертханалық талдаудың формалды сипат алуы қауіптің алдын алуға мүмкіндік бермей отыр. Сондай-ақ асхана қызметкерлерінің медициналық тексеруден толық әрі уақытылы өтпеуі, санитариялық кітапшалардың қадағаланбауы да тәуекелді арттырады. Ал мектеп асханаларын жалға алған кейбір жеке кәсіпкерлер тарапынан жауапкершіліктің жеткіліксіздігі, үнемдеу мақсатында сапа талаптарын айналып өту әрекеттері жағдайды күрделендіре түседі. Нәтижесінде балалардың денсаулығына тікелей қатер төндіретін жүйелік осалдықтар қалыптасады.
ҚР Тағамтану институтының сарапшылары мектеп жасындағы балалардың ағзасы инфекцияларға сезімтал екенін алға тартады. Теңгерімсіз әрі санитариялық талаптарға сай дайындалмаған тағам иммунитеттің әлсіреуіне, ас қорыту жүйесінің бұзылуына және созылмалы ауруларға әкелуі мүмкін.
ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ: РЕСМИ ДЕРЕК НЕ КӨРСЕТЕДІ?
Қызылорда облысында мектеп асханаларындағы ахуал тұрақты деп есептеледі. Дегенмен, соңғы үш жыл ішінде кейбір мектепте оқушылардың тамақтан улану фактілері тіркелген. Бұл өңірде жүйелі тексерулер жүргізіліп, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау бағытында тұрақты бақылау қамтамасыз етілуде.
– 2023 жылғы 29 наурызда Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округі, Кәукей ауылындағы орта мектептің 14 оқушысы «Тағамдық токсикоинфекция» диагнозымен уланған. Эпидемиологиялық зерттеу барысында мектеп асханасы мен медициналық пунктінде санитариялық талаптардың сақталмағаны, сондай-ақ жеке кәсіпкердің өндірістік бақылау жүргізу үшін аккредиттелген зертханамен келісімшарт жасамағаны анықталды. Асхана аспазы мен мейірбике уақытша жұмыстан шеттетіліп, кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыппұл салынды, — деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Г.Сыздықова.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы да бұл деректі растады.
– 2023 жылы тағамнан улану жағдайы Қазалы ауданында тіркелді. 2024, 2025 жылдары және 2026 жылдың басынан бері облыс көлемінде мектеп асханаларымен байланыстырылған тамақтан улану деректері тіркелген жоқ, — деді басқарма басшысының орынбасары М.Мирзанова.
Бұл дерек өңірдегі ахуалдың тұрақтылығын көрсеткенімен, анықталған бұзушылықтардың сипаты мектеп асханаларындағы қауіпсіздік жүйесінде жүйелі кемшіліктер бар екенін аңғартады. Әсіресе, өндірістік бақылаудың болмауы мектептегі қауіпсіздіктің формалды жүргізілгенін айқын көрсетеді.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 2023-2026 жылдар аралығында білім беру ұйымдарының асханаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу салдарынан адамдардың жаппай сырқаттануына әкелген деректер тіркелмеген.
– Бұл санаттағы қылмыстық істер болмағанымен, профилактикалық және әкімшілік бақылаудың маңызы зор, — деді Қызылорда облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Е.Жаукеев.
Құзырлы органдар мектептерде тамақтан улану фактісі болған жағдайда дереу эпидемиологиялық тексеру жүргізеді және санитариялық талаптардың бұзылғанын анықтайды. Жауапты қызметкерлерге әкімшілік шара қолданылады, асхана қызметкерлері уақытша жұмыстан шеттетіліп, кәсіпкерге айыппұл салынады.
Қазіргі уақытта өңірде мектеп асханаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүйелі тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді бақылау қалыптастырылған.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы мәдениет, білім және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге қол қойды. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мектептерде, балабақшаларда және балалар ұйымдарында бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді. Жоғары қауіп санатындағы нысандар кемінде жарты жылда бір рет тексерілсе, төмен қауіп санатындағы нысандар жылына бір рет тексеріледі. Мониторингтің жаңа форматы енгізіліп, санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейтілді. Алғашқы тексеруде айыппұл салынбай, бұзушылықты түзетуге мүмкіндік беріледі. Алайда сарапшылар бақылау сапасының басты рөл атқаратынын ескертеді. Егер тексерулер тек формалды сипатта болса, статистика төмендеуі мүмкін, бірақ қауіп сақталады.
Бұл мәселеде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер мектеп асханаларындағы қауіпсіздік мәселесін балалардың денсаулыққа құқығы аясында қарастыру қажеттігін алға тартады. Баланың сапалы әрі қауіпсіз тамақтану құқығы – мемлекет кепілдік беретін негізгі құқықтардың бірі. Мектеп асханасындағы қауіпсіздік тек санитариялық қызметтің немесе білім басқармасының ғана мәселесі емес. Бұл – кешенді жауапкершілік, онда кәсіпкерлердің адалдығы, мектеп әкімшілігінің бақылауы, санитариялық қызметтің тиімділігі, құқық қорғау органдарының қадағалауы және ата-аналардың белсенділігі бір арнаға тоғысуы тиіс.
Қызылорда облысында соңғы үш жылда жаппай улану тіркелмегенімен, 2023 жылғы жағдай мектеп асханаларындағы қауіпсіздік жүйесінің осал тұстары бар екенін көрсетті. Республика көлеміндегі статистика бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін дәлелдейді.
Мектеп асханасындағы қауіпсіздік – жай ғана санитариялық норма емес, бұл болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған инвестиция. Әрбір заңбұзушылық – баланың денсаулығына төнген нақты қауіп. Баланың денсаулығы – елдің стратегиялық капиталы, ал мектеп асханасындағы бақылаудың әлсіздігі сол капиталға түскен көлеңке саналады.
О.БАҚЫТЖАН
Коллаж: SMARTNEWS.KZ., Дана Асылбек
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!