Медицина – зор жауапкершілікті қажет ететін сала. Ал, ақ халатты абзал жандардың ішінде науқастың алғашқы сенімін сезінетіндер – мейіргерлер екені даусыз. Анығында ауырып ем іздеп барған әрбір жанның жанынан табылатын жандар – осы мейіргерлер қауымы.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айсұлу Боранбаева көпбейінді облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімінде аға мейіргер болып жұмыс істейді. Ол – осы мамандыққа шынайы жүрек қалауымен келген жан. Медицина саласында еңбек етуді қаршадайынан армандаған Айсұлу Жаңабақытқызының айтуынша, «мейіргер» атауының өзі мейірім ұғымынан шыққан.
– Осы салаға өз қызығушылығыммен келдім. Қазіргі уақытта осы медицина саласында келе жатқаныма отыз жылға жуықтады. Сол кездерде өзіме «болашақта осы салада еңбек етіп, науқастарды күткізбей қабылдап, әр адамға мейіріммен қараймын» деп уәде етуші едім. Сол арманыма жеттім деп ойлаймын, — дейді мейірбике.
Айсұлу Жаңабақытқызы Қызылорда медицина колледжінде 1994-1997 жылдар аралығында білім алып шығады. Жас маман жұмысқа орналаса сала аймақ тұрғындарының алғысына бөленіп, өз жұмысының майталман маманына айналады.
Қандай да бір медициналық пункт болсын, бірде-бір дәрігер мейіргердің қатысуынсыз жұмыс істей алмайды. Мейіргерлер – әр науқастың өмірі үшін зор жауапкершілікпен жұмыс атқаратын маман.
– Отбасым бар, үш баланың анасымын. Қызым Ханбибі Алматы қаласынан медицина саласы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы әділет департаментінде жұмыс істейді. Ұлым Бақдәулет медколледжді бітіріп, биыл Қарағанды медициналық университетіне оқуға түсті. Кенже балам Нұрхамит – мектепте озат оқушы. Болашақта оның да осы медицина саласына оқуға түссем деген ниеті бар. Менің салам, әрине, үлкен жауапкершілікпен жұмыс істейтін орын. Өзіндік қиыншылығы мен қызықшылығы бар.
Иә, соңғы жылдары медицинада үлкен оң өзгерістер болып жатыр. Бұрын науқастар ұзақ кезекте тұратын, қазір электронды жүйе арқылы алдын ала жазылып келе алады. Сараптама нәтижелерін де үйде отырып-ақ «Damumed» қосымшасы арқылы көруге мүмкіндік бар. Бұл науқастарға да, медицина қызметкерлеріне де үлкен жеңілдік әкелді. Бүгінде заманауи КТ, МРТ сияқты құрылғылар қолжетімді. Бұрын оларда тексерілу үшін әрбір тұрғын айлап кезек күтетін. Бүгінде сақтандыру жүйесінің арқасында көптеген тексеру мен ем-шара тегін жасалады. Сонымен қатар, біз онкологиялық науқастарға үйіне барып та қызмет көрсетеміз, психологтар да бірге барып, қолдау көрсетеді. Мұндай мүмкіндік бұрын болмаған. Бұл – еліміздегі денсаулық сақтау саласының дамығанының көрсеткіші, — дейді Айсұлу Боранбаева.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артқанымен, дәрігердің шешімінсіз тәуелсіз әрекет етуге болмайтынын олар жақсы біледі. Мейіргерлер дәрігердің нұсқауымен жұмыс істейді. Бірақ, науқастың сенімін оятып, қолдау көрсету – мейіргердің негізгі міндеті. Ол үшін мейіргер кәсібінің басты құндылығы – үздіксіз ізденіс пен кәсіби біліктілік.
– Әр пациентпен жеке жұмыс істеп, оларға сенім беру – ең басты міндетіміз. Жұмыс ауыр болғанымен, әр науқастың алғысын алу – ең үлкен марапат. Кардиохирургия – аса жауапкершілігі жоғары бөлім. Осы бөлімде жүріп, талай науқастың жанынан табылдық. Жақсы мейіргер болудың құпиясы мейірім мен қамқорлықта жатыр. Кейде жай ғана жылы сөздің өзі адамның уайымын азайтып, көңілін көтереді. Жастарды осы мамандыққа көбірек қызықтыру керек. Сүйіспеншілік болмаса, жауапкершілік те болмайтындықтан, жастар бұл мамандыққа жүрек қалауымен келуі қажет. Ал шынай ықылас болған жерде мамандыққа адалдық болады. Адал маман елдің дамуына үлес қосушы тұлға деп танимын, — дейді көпбейінді облыстық ауруханасы кардиохирургия бөлімінің аға мейіргері Айсұлу Жаңабақытқызы бізбен әңгімесінде.
Халықтың саулығы күнделікті тер төгіп жүрген мейіргер мамандардың қолында екені даусыз. Мейіргер еңбегінің қоғамдағы орны мен маңызы зор. Өйткені, мейіргерлік – мейірімге толы жүрекпен атқарылатын еңбек. Жауапкершілігі жоғары жұмыстың негізі осындай мамандармен тығыз байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мамандар еңбегін ескеріп, қоғам алдындағы беделін нығайту мақсатында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған болатын. Ондағы мақсат айқын, мүдде ортақ.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!