Маймыл шешегі 16 елде табылды
Қазір әлемде маймылдан адамға шешек ауруы жұғып жатыр. Бұл вирустың COVID-19-дан айырмашылығы адамға ауа арқылы берілмейді. Мамырдың бірінші жартысында осы ауру таралуының дәстүрлі ошақтарынан алыс елдерде маймыл шешегі анықталды деген мәліметтер түсе бастады. Бірінші жағдай 7 мамырда Ұлыбританияда анықталған. Ауру небәрі 10 күнде АҚШ, Канада, Аустралия және Еуропаның бірқатар еліне таралған.
Шешек ауруы қалай жұғады?
Маймыл шешегі – сирек кездесетін вирустық зооноздық ауру (яғни адамға жануарлардан беріледі). Оны жұқтырған адамда бұрын шешекпен ауыратын науқастардағы симптомға ұқсас белгілер байқалады. 1980 жылы шешек жойылғаннан кейін және вариола вакциналарын қолдану тоқтатылғаннан соң маймыл шешегі басқа ортопоксвирустар арасында адамдар үшін ең патогенді орынға шықты. Маймыл шешегі ауруы әлі күнге дейін Африканың тропикалық орманы көп аймақтарында кездеседі.
Ауру Қазақстанда тіркелді ме?
Айта кетсем, Қазақстанда маймыл шешегін жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ. Алайда қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина жасауға дайын екенін жеткізді. Олардың айтуынша, маймыл шешегіне қарсы отандық вакцина жасап шығаруға жарты жылдай уақыт кетеді.
Мамандар қоғамдық орындарда ауру тез жұғады дейді. Яғни науқас адам жөтеліп немесе түшкірген жерде, ол пайдаланған затты қолданған жағдайда маймыл шешегін жұқтыру ықтималдығы өте жоғары. Дәрігерлер вирус туралы ақпарат әзірге аз болғандықтан мейлінше сақтанып жүруге шақырады. Еуропада жағдай бақылауда және соншалықты қауіпті емес. Мамандар қарапайым шешекке қарсы вакцина қорын молайту қажеттігін айтады, себебі ол маймыл шешегіне де қарсы тұра алады дейді.
Ағжан АБИЕВА,
студент
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!