HALYQLINE.KZ Қармақшы ауданы әкімі М.Қалдарбековтың төрағалығымен ауданымыздағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру барысы туралы мәжіліс өтті.
Мәжілісте аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Нысанбаев сөз алып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың барысы жайлы баяндап өтті. Бұл күндері емханаларда тіркеуіне алынбаған адамдарды анықтау, халықты МӘМС туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ тұрғындардың арасында жаңа жүйені білмейтіндер де кездескен. Өкінішке қарай, тұрғындар медицинаны мемлекет қаржыландыра береді, сырқаттансам, тегін емделемін деген ойдан әлі де арылмай келеді. Сондай-ақ, зерттеу мәліметтері бойынша тұрғындардың көбі жекеменшік клиникалардан гөрі мемлекеттік емханаларға барады.
Жиын барысында аудан әкімі Мұса Оспанұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты 2020 жылдың екінші тоқсанынан бастап «Qoldau-24/7» мобилді қосымшасы жұмыс істеуде екенін атап өтіп, осы ретте аталған мобилді қосымшаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттап, тіркелуін қамтамасыз етуді сала басшыларына тапсырды. Сонымен бірге аудан басшысы кенттер мен ауылдық округ әкімдеріне аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесіп шағын және орта бизнес субьектілерінің жалдамалы жұмысшыларының мәліметтерін «Saqtandyru» ақпараттық жүйесіне енгізу жөнінде тапсырмаларды жүктеді.
Сарапшылардың зерттеуінше, МӘМС толық енгізілген соң емхана, ауруханаларда қызмет көрсету сапасы жақсарып, дәрігерлердің де жауапкершілігі арта түспек.
Жаңа жүйе ауданымыздың денсаулық сақтау саласының деңгейін арттырады деген сенімдеміз.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!