Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Алайда бұл жүйе әлі күнге дейін қоғамда қызу талқыланып келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде МӘМС жүйесінде қордаланған мәселелер бар екенін ашық айтып, оның халық үшін түсініксіз, ал кей жағдайда қолжетімсіз болып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы сақтандыру жүйесі азаматтарға нақты пайда әкелуі тиіс екенін, ал формалды есеп пен статистика шынайы жағдайды бүркемелемеуі керектігін қадап айтты. Президенттің бұл сыны қоғамдағы шынайы ахуалды көрсетті. Себебі МӘМС туралы заңға өзгерістер енгізілгенімен, оны қарапайым халықтың бәрі бірдей түсініп отырған жоқ. Әсіресе, қарапайым еңбек адамдары мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін бұл жүйе әлі де күрделі әрі түсініксіз күйінде қалып отыр.
ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталғаны айтылып келеді. Теория жүзінде бұл өзгерістер әр азаматтың медициналық қызмет алуға деген құқығын кеңейтіп, жүйені жеңіл әрі ашық етуі тиіс. Алайда «тәжірибеде бұл жаңашылдықтардың барлығы бірдей халыққа толық жетіп жатыр ма?» деген орынды сұрақ туындайды.
Бүгінде көптеген азамат МӘМС аясында қандай медициналық қызметтер тегін көрсетілетінін, сақтандырылған мәртебені қалай алуға болатынын немесе жарнаны қайда және қалай төлеу керегін нақты білмейді. Ақпараттың жеткіліксіздігі мен түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі жүйедегі ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр.
Осының салдарынан, ресми мәліметтерге сәйкес, 2024-2025 жылдары МӘМС жүйесіне бөлінген 7,8 триллион теңгенің толық игерілмей, керісінше түрлі заңбұзушылықтар арқылы мақсатсыз жұмсалғаны айтылды. Бұл қарапайым халықтың МӘМС жүйесін жете түсінбеуін пайдаланып, теріс әрекеттерге жол берілгенін аңғартады.
Демек, мәселе тек қаржыда емес, ең алдымен ақпарат пен түсіндірудің әлсіздігінде жатыр. Сондықтан қазіргі кезеңде МӘМС жүйесін қалың бұқараға байыппен, қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру, оның жұмыс істеу тетіктерін үйрету және халықтың медициналық сақтандыру мәдениетін қалыптастыру аса маңызды болып отыр. Себебі, бейхабарсыздықтың орнын әдемі жымқырумен жауып жіберіп жатқандар қаншама.
МӘМС КІМДЕР ҮШІН ҚОЛЖЕТІМСІЗ БОЛЫП КЕЛДІ?
Қазіргі уақытта Қазақстан халқының саны – 20,4 миллион адам. Оның 16,8 миллионы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Ал 3,6 миллион азамат жүйеден тыс қалып отыр. Бұл – өте үлкен көрсеткіш.
Олардың шамамен 1 миллионы – әлеуметтік жағдайы дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейде өмір сүріп жатқан азаматтар. Яғни, бұл адамдардың МӘМС жарнасын өз бетімен төлеуге мүмкіндігі жоқ. Бұған дейін дәл осы санаттағы азаматтар медициналық көмектен шет қалып, ең осал топ ретінде жүйенің әлсіз тұсын көрсетіп келді.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап D және E санатындағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Нәтижесінде, олар сақтандырылған мәртебесіне ие болып, МӘМС аясында көрсетілетін қажетті медициналық көмекті толық көлемде алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Сонымен, биылдан бастап қазақстандықтарға жергілікті бюджет есебінен, яғни ресми жұмыссыз деп тіркелген, көпбалалы ата-ана, аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандарды бағып отырған азаматтар, сондай-ақ түрлі өмірлік қиындыққа тап болған адамдар үшін жарна төленетін болады. Яғни, аталған азаматтар үшін МӘМС қорына жарна аудару жауапкершілігін жергілікті атқарушы органдар өз мойнына алады. Ең маңыздысы, ешқандай құжат жинаудың, арыз жазудың немесе жеке барып төлем жасаудың қажеті жоқ. Азаматтың әлеуметтік мәртебесі мемлекеттік дерекқорлар арқылы анықталып, жүйе өзі тіркейді. Бұл – бұрын көп сынға ұшыраған бюрократиялық кедергілерді азайтатын оң өзгеріс.
САҚТАНДЫРЫЛҒАН МӘРТЕБЕНІ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРУГЕ БОЛАДЫ?
МӘМС жүйесінің тағы бір проблемасы – адамдар өз мәртебесін білмей, емхана есігінен кері қайтуы. Мұндай жағдайға түспеу үшін мәртебені алдын ала тексеру маңызды. Қуанарлығы, бүгінде сақтандырылған мәртебені тексеру үшін күрделі рәсімдер қажет емес, оны бірнеше қарапайым әрі қолжетімді тәсіл арқылы оңай анықтауға болады.
Бірінші – eGov.kz порталы арқылы. eGov сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН) енгізсеңіз жеткілікті. Сол жерде МӘМС жүйесінде сақтандырылғансыз ба, жоқ па, бірден көрінеді.
Екінші – Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы. Бұл қосымшаны телефонға жүктеп, жеке кабинетке кіргеннен кейін сақтандыру мәртебеңіз автоматты түрде шығады.
Үшінші – Damumed қосымшасы арқылы. Көпшілік қолданатын Damumed қосымшасында да бұл ақпарат бар. Қосымшаға тіркеліп, өз парақшаңыздан сақтандырылған немесе сақтандырылмағаныңызды оңай біле аласыз.
Төртінші – емханаға барып сұрау арқылы. Егер интернет қолдана алмасаңыз, тіркелген емханаңызға барып, тіркеу бөліміне жеке куәлігіңізді көрсетсеңіз жеткілікті. Қызметкерлер сіздің мәртебеңізді жүйе арқылы бірден тексеріп береді.
Егер сақтандырылмаған болсаңыз, себебі де көрсетіледі. Жарна төлеуде үзіліс болса, оны өтеп, мәртебені қалпына келтіруге болады.
МӘМС АЯСЫНДА ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕР ТЕГІН?
Егер МӘМС жүйесінде сақтандырылған болсаңыз, ол – көптеген медициналық қызметтерді ақысыз ала аласыз деген сөз. Яғни, дәрігерге бару немесе тексеруден өту үшін қосымша ақша төлеудің қажеті жоқ.
Ең алдымен, сақтандырылған азаматтар емханада алғашқы медициналық көмекті тегін ала алады. Бұл терапевтке, педиатрға, жалпы тәжірибелік дәрігерге қаралу, сондай-ақ дәрігердің жолдамасымен басқа мамандарға баруға жол ашады.
Сонымен қатар, зертханалық талдаулар мен тексерулер де тегін жүргізіледі. Оған қан мен зәр талдауы, УДЗ, рентген, ЭКГ, компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ) сияқты тексерулер жатады. Бірақ мұның бәрі дәрігердің жолдамасымен жасалады.
Сақтандырылған азаматтар ауруханада жоспарлы түрде емделе алады. Яғни, қажет болған жағдайда тегін операция жасалып, стационарда жатып ем қабылдау мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша есепте тұрған науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Мысалы, қант диабеті, қан қысымы, жүрек аурулары, онкологиялық дерттер кезінде берілетін дәрілер МӘМС аясында қарастырылған.
Сондай-ақ, МӘМС жүйесі арқылы қымбат тұратын жоғары технологиялық медициналық көмектер де тегін көрсетіледі. Бұған күрделі операциялар мен арнайы ем түрлері кіреді. Созылмалы аурулар ішінде қант диабеті, гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары, демікпе, өкпе аурулары, эпилепсия және кейбір психикалық дерттер МӘМС пакетіне кіреді.
Қысқасы, сақтандырылған мәртебесі бар азамат емханаға барудан бастап, күрделі ем алуға дейінгі көптеген медициналық қызметті ақысыз пайдалана алады. Сондықтан МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу – әр адам үшін маңызды.
Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген МӘМС мәселесі – бір реттік сын емес, жүйелі өзгерістерді талап ететін күрделі мәселе. Соңғы заңнамалық түзетулер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қорғауға бағытталғанымен, ақпараттың жетіспеуі мен түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі әлі де сақталып отыр.
МӘМС қағаз жүзіндегі емес, нақты жұмыс істейтін жүйе болуы тиіс. Ол үшін әр азамат өз мәртебесін біліп, құқықтарын түсініп, медициналық сақтандыру мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы қажет. Ал мемлекет үшін басты міндет – бұл жүйені халыққа түсінікті, әділ әрі шынайы қолжетімді ету.
Оразкүл БАҚЫТЖАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!