Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Крон ауруы жасарып келеді

21.10.2021, 9:30 1074

Крон ауруы алғаш рет 1932 жылы регионарлы энтерит деген атпен белгілі болып, осы ауру тек ащы ішектің соңғы бөлігінде кездеседі. Соңғы уақыттары бұл аурудың ішек-қарын жүйесінің кез келген бөлігінде кездесуі мүмкін екендігі анықталды. Крон ауруы созылмалы сырқаттар қатарына жатып, ішек-қарын жүйесінде тән емес гранулематозды қабынудың дамуымен сипат­талады. Бұл ауру кейде өңеште де кездеседі.

Медицина ғылымында алғаш рет жіліктеп жазған америкалық гастроэнтеролог Баррил Бернард Кронның атымен «Крон ауруы» аталған бұл дерт сирек кездесетін, яғни орфанды ауру­лардың қатарына жатады. Бүгінде елімізде «Крон ауруының» шырмауына ілінген балалар мен жасөспірімдер саны 100-ге жуықтаған. Дүние­жүзілік гастроэнтерологтар ассоциация­сы әлемнің 30-дан астам елінің емделушілер ассо­циациясының  ұсынысымен 19 мамырды ішек   қабыну  ауруларымен (ІҚА) күрес күні деп бекіткен. ІҚА бүгінде қатерлі дертке айналып отыр  және  гастроэнтерология­лық тәжірибеде ең маңызды  проблемалардың  бірі. Еуропа елде­рінде  күн  са­йын  шамамен  үш  миллион адамға аталған ауру­дың  диаг­нозы  қойы­лады  екен. Ал  Қазақстанда 2018  жылы  Крон  ауруы  бар 555 және жара колиті бар 2218 науқас тіркел­ген. 2019 жылға арналған эпидемиологиялық зерт­теу­ге сүйенсек, Крон ауруы­ның тарал­уы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,8 жағдайға, ойық жаралы колит 100 мың тұрғынға шаққанда 91,5 жағ­дайға жеткен. Сала  мамандарының   айтуынша, бұл статис­тика толық болмауы да мүмкін, өйткені көптеген науқастар өздерінің бұл аурумен ауыра­тынын   білмейді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралардың кең спектрі бар. Ішек құрылысының асқынған ауруын емдеуге арнал­ған препараттармен қамтамасыз ету жақсарып және негізгі терапиялық препараттар мен жергілікті стероидтардың тізімі үнемі  кеңейіп  келеді.

– Әлемнің әр аймағында ішектің қабынуы ауруы­на шалдығу көрсеткіші әртүрлі. Жыл өткен сайын бұл сырқатқа аз шалдығатын Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей елдерінде де өсім байқа­лады. Нау­қастардың көпшілігі амбула­ториялық кезеңде қарала бермейді. Сондықтан ішек қабынуы ауруында медициналық көмекке уақытылы жүгін­беудің салдары тура­лы нау­қастардың жеткілікті түрде хабар­дар болмауы мәселесін шешу қажет. Бұл өз кезегінде ақпараттық іс-шара­ларды тұрақты өткізуге, қолжетімді көмектің көлемі туралы ақпараттандыруды, амбул­аториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсартуға көмектеседі, – дейді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гастроэнтерология кафедрасының  доценті, Ішекті  зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамының  президенті  Жамила   Қайбуллаева.

Крон ауруы көптеген белгілері бойынша жара­лы  колиттен  айырмашылығы  бар.

Біріншіден, бұл ауру негізінен мықын ішекте, аппендиксте және тікішекте, ал кейде ол ішек-қарын жүйесінің кез келген жерінде дамыса, жаралы колит тек тоқішек үшін тән болып, көбінесе  тікішектен  басталады.

Екіншіден, осы ауруларға тән жара Крон ауруында саңылаудай тар, бірақ терең болып, әртүрлі бағытта жайғасып, «тас төсеген көше» көрінісін түзсе, жаралы колитте олар әртүрлі пішінді немесе домалақ, сопақша болады.

Үшіншіден, жаралы колитте тоқішек диффузды өзгерсе, Крон ауруында қабыну ошақты болып, екі ошақ арасында өзгермеген ішек ұл­пасы  жатады.

Төртіншіден, Крон ауруы үшін гранулематоз құбылысының дамуы тән. Олар эпителиоидты және Пирогов-Лангханс типіндегі алып клеткалардан  түзілген.

Бесіншіден, Крон ауруында лимфоидты элемент­тердің гиперплазиясы көрінсе, жаралы колит үшін лимфа түйіндерінің, ішек лимфоид ұлпасының  семуі  тән.

Крон ауруының шығу себептері белгісіз, бірақ зерттеушілер оның этиологиясын  жаралы колитпен қосып қарайды. Бұл аурудың 35 па­йызы отбасындағы әлеуметтік жағдайға байланысты  дамиды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: