HALYQLINE.KZ Кеше аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен ауданда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысы өтті.
Басқосуды аудан басшысы Мұрат Ергешбаев ашып, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге күрделеніп бара жатқанын тілге тиек етті.
– 29 наурыздағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары орналасқан. Сондықтан ауданда барлық сақтық шараларын күшейтіп, мониторингтік топтың жұмысын жандандыру қажет. Мейрамханалар мен базарларда, сауда орталықтарында, қоғамдық көлікте түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізіп, сақтық шараларын түсіндіруіміз керек. Әйтпесе тұрғындардың ешқайсысы медициналық маска тағып жүрген жоқ. Қауіпсіздік шараларын мүлдем ұмытқан десек те болады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлсім Имандосова, Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еркебұлан Жүрсінбаев аудандағы эпидемиологиялық ахуал және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жедел штаб отырысын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қорытындылап, тиісті сала басшыларына қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!