«Көрсет, көрсет» деген ауруымыз көзімізді шығарып бара жатыр ғой. Ауырмаған досым, аунап тұрмаған туысым қалмай барады. Инста күліп тұрғанмен, фейсбук жылап тұр. Ватсап видеоға, чаттар хаттарға, галерея система салынған қолдарға толды. «Сорлының сырын сор кешкен білер» деп бәріне шипа тілеп жатырмын. Көшеден жымиып жүрген жұртты, қасқайып жүрген халықты көрмейсің. «Адамның сұлулығы – саулығында» екеніне әбден көз жетті. Жолыққаныңмен билікті емес саулықты, саясатты емес сырқатты сұрасатын болдық. Үйге де азық-түлік емес, ауру әкеле жатқандай, күдікпен кіресің. Асым аз болса да, басым тыныш болсын деп отбасың отыр. Үкіметтің қинап кіргізген карантині бейбітшілік екен-ау. Енді өз еркімізбен үйқамақтамыз. Айтпақшы, модаға сода шықты. Қарасын көбейтіп, бағасын өсіріп алыпты. Тіл ойылғанда тірлікке жарап тұрушы еді, енді күніміз қарап қалды. Мейлі, ем болсын.
Мұсылманға тікен кірсе де күнәсі төгіледі, азабы азаяды. Сырқат – сынақ, дерт – қонақ. Шипасын Алладан сұрайық, себебін сақтықтан күтейік. Әр келудің – бір кетуі бар. Алла ешбіріңізді ауыртпасын, ауырған құлын сауықтырсын. Аман жүріңіздер!
Қажымұхан АБЗАЛОВ.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!