Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетуіне жол бермеу үшін қандай шара қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Abai.kz
«Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетуіне жол бермеу үшін біріншіден, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылданды.
Аймақтар дәрі-дәрмектің 91 түрі бойынша құны 14 миллиард теңгелік қосымша заттарға өтініш жасады. Коронавирус бойынша дәрі-дәрмек қоры жиналды. Жоғарыда аталған соманың 11,4 млрд теңгелік дәрі-дәрмегі тиеліп, аймақтарға жеткізілді. Аймақтардың бәрінде қажетті дәрі-дәрмектер бойынша құны 13 млрд теңге болатын қосымша тұрақтандыру қорлары құрылды. Амбулаториялық деңгейде берілетін дәрі-дәрмектің тізімі ұзартылды», – деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, коронавирусты үйден емдеу үшін 1 миллион адамға жыл соңына дейін тегін дәрі-дәрмек қарастырылған.
«Сонымен қатар, тұмауға қарсы 2,2 млн вакцина сатып алынды. Екпе жұмыстары 15 қыркүйекте басталды», – деді ол.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі қауіпсіздік шаралары бойынша аймақ басшыларынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді сұрады.
«Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуымен бірге халықтың сақтығы әлсіреп бара жатқанын байқап отырмыз. Маска тағу мен әлеуметтік қашықтық режимі сақтала бермейді. Осының салдары елде коронавирус жұқтырған азаматтардың санының артып, карантин шараларын күшейтуге алып келуі мүмкін. Қазір мұндай жағдайды бірқатар мемлекеттен көріп отырмыз», – деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, аймақтарға бұған дейін бірқатар рейд жүргізілген.
«Сол рейдтерден байқағанымыздай, карантин режимінің әлсіреуімен бірге карантин тәртібін бұзу жағдайлары 34 пайыздан 47 пайызға дейін артты. Карантин тәртібін бұзу жағдайы он өңірде байқалды. 5-27 қыркүйек аралығында маска режимін сақтамағаны үшін 1130 адам жазаланды. Осыған байланысты аймақ басшылары нысандарда маска режимінің сақталуын қадағалап, елге түсіндіру жұмыстарын күшейтсе дейміз», – деді ол.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!