Жаздың жайма-шуақ нұрын шашып, аптап ыстығы басталған сәттен қауын-қарбыз пісіп, базарға түсіп, тау-тау болып үйілген қауын-қарбыз көздің жауын алып, тәбетіңді ашып тұрады.
Иә, қазір базарда қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр. Десе де, қазіргі бау-бақша өнімдері мезгілінен ерте пісіп, өте тез нарыққа шығатыны қорқынышты. Неге? Себебі, мезгілінен ерте піскен қауын-қарбыздың адам денсаулығына зиянын тигізіп, жедел-ішек инфекциясына душар ететіні жасырын емес. Соның салдарынан, облыста биылғы жылдың 5 айлық көрсеткішімен 1224 науқас жедел-ішек инфекциясымен ауруханаға түскен.
Қауын-қарбыз сатылымға маусым айында шыққанымен, негізінен нағыз пісетін уақыты – шілденің соңы. Бұны әуелден ата-әжелеріміз айтып та келеді. Жалпы, жаздық жеміс-жидек, қауын-қарбыз өнімдерінің саудасы шілде-тамыз айларында қыза түседі. Ал, қазіргі уақытта қауын-қарбыз аларда сақ болғаныңыз жөн. Бұл туралы Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мамандары да жиі айтып, дабыл қағуда. Дегенмен, осының салдарынан жедел-ішек инфекциясына шалдыққан науқастар саны азаймай тұрған көрінеді.
— Күннің жылынуымен жедел ішек инфекциясы ауруларының тіркелу қаупі арта түседі. Себебі ауа температурасының жоғарылауынан сыртқы ортада бактериялық инфекция, әсіресе жедел-ішек ауруларын тудыратын қоздырғыштардың тіршілік етуіне және көбеюіне қолайлы орта қалыптасады. Биылғы ауруханаға түскен науқастар саны өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 308 науқасқа артық тіркеліп, яғни 33 пайызға жоғарылап отыр. Емделіп шыққан науқастардың 969-ы бала болса, қалған 255-і – ересек. Ал балалар арасында 185-і 1 жасқа дейінгі бүлдіршін болса, 551-і 5 жасқа дейінгі және қалған 233-і жасөспірім жеткіншектер екенін айта кеткен жөн, — дейді Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Алиева.
Айтып өткеніміздей, көктемнің соңы мен жаз айында базарлар мен сауда орындарында көкөністер мен жеміс-жидектердің алуан түрінің көбейетін кезеңі, сәйкесінше нитраттармен улану ықтималдылығы да жоғары. Себебі, «жеделдетілген режимде» өсірілген бақша өнімдері құрамындағы жоғары мөлшерде кездесетін пестицидтер мен нитраттардан ағзаның улануы мүмкін. Мамандардың айтуынша, жосықсыз өндірушілер тыңайтқыштардың рұқсат етілген дозаларын әдейі асыратын көрінеді. Нәтижесінде көкөністер мен жемістер тәбетті ашатындай тартымды болып өседі. Бірақ, дәмді әрі пайдалы болатынына кепілдік жоқ. Мәселе – нитраттардың болуында емес, олардың мөлшері мен концентрациясында. Аз мөлшердегі нитраттар мен нитриттерді ағза қысқа уақыт ішінде өзі шығара алады, бірақ мөлшері шамадан тыс болып, ағза олармен қанығатын болса, бұл уланудың ауыр түрлеріне әкеп соқтыруы ғажап емес. Ал бүгінгі жедел-ішек инфекциясының өршуіне байланысты Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің зерделеу жұмыстары барысында аурудың басты таралу себептері анықталған.
— Аурудың басты таралу себептерін анықтау жұмыстары нәтижесінде, үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған, дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну, қайнамаған су және бала күтімі барысында жеке бас гигиенасын сақтамау салдарынан екендігі анықталды. Сонымен қатар, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектерді мөлшерден тыс пайдалану да ауруға шалдығу қаупін арттырады, бұны көктем басталғалы жіті ішек инфекциясының клиникалық белгілерімен жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастар санынан біле берсек те болады, — дейді Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Жамбылқызы.
Иә, жедел-ішек аурулары, тамақтан улану секілді инфекциялар жыл көлемінде кездеседі. Бірақ жаз мезгілінде өршитіні рас. Жаз айларында тұрғындардың тағамнан улануына ең бірінші кезекте жоғары температура, климаттық өзгеріс әсер етеді. Яғни, жаз айларында тағамның бұзылу процесі тез жүреді. Ең негізгі себептерінің бірі – осы. Сондықтан күн ыстықта жеміс-жидек, қауын-қарбызбен қатар үй жағдайында ас әзірлегенде түрлі тұздықты аз пайдаланған абзал. «Ауру – астан» демекші, бүгінгі аймақтағы көрсеткіш бойынша тұрғындардың тамақтан улану мәселесіне мән беріп, жіті назарға алу маңызды секілді. Осы тұрғыда, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Жақсылыққызы тұтынушыларға жаз айларында дұрыс әрі сақтық шараларын сақтап тамақтануға кеңес береді.
— Жаз айларының басында қауын-қарбыздан улану жағдайлары көбейетіндіктен, жалпы бақша өнімдерін жаз мезгілінің соңғы айларынан бастап тұтынуға кеңес беремін. Себебі, табиғи өнім осы уақытта толық піседі. Қазір дүкен сөрелерінде тұрған жемістер химиялық жолмен піскен болуы мүмкін. Яғни, улану қаупі өте жоғары. Кез келген жеміс-жидекті жақсылап жуып тұтыну өте маңызды, — дейді ол.
Расында да, жаз келсе болды аңсарымыз қауын-қарбызға ауып, дәмділігінен не зиянын, не пайдасын ұғына алмай қалып жатамыз. Десек те, өз денсаулығымыз өзіміздің қолымызда екенін ұмытпағанымыз жөн. Не нәрсе болса да өз уақытымен қызықты. Сондықтан бау-бақша өнімдерін сатып аларда олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейін анықтайтын құжаттарын сұрауға әрбір тұтынушы құқылы.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!