Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Емделемін деп моральдық зиян өндіріп алуға мәжбүр болды

21.06.2024, 14:50 150

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласының тұрғыны Д. есімді келіншекке маммолог дәрігер «сол жақ сүт безінің фиброаденомасы» диагнозын қойып, тұрғылықты жері бойынша оперативті емделу керектігін ұсынған. Сондан кейін әйелге жоспарлы емделуге жолдама беріліп, ол аурухананың хирургия бөлімінде ем алған. Әрі қарай хирург дәрігер әйелдің сол жақ сүт безі аймағының жоғарғы квадрантына ота жасаған. Отадан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, мазасызданғаннан кейін, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаментіне жүгініп, хирургтың сапасыз медициналық көмек көрсеткеніне шағымданған.

Соған байланысты, ауруханаға жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Тексеру қорытындысына сәйкес, әйелді емдеу кезінде диагностика мен емдеу клиникалық хаттамаларының сақталмағаны, хирург отаны «онколог маман» сертификатынсыз жасағаны, аурухананың мемлекеттік лицензиясында онкологиялық көмек көрсету туралы қосымшаның жоқ екендігі анықталған. Нәтижесінде, хирург дәрігерге және аурухана заңгеріне әкімшілік айыппұл салынған.

Осы мән-жайларға байланысты, әйел Қызылорда қалалық сотына  жүгініп, ота жасау кезінде ісік бар сол жақ сүт безінің астыңғы бөлігі емес, жоғарғы бөлігі кесілгенін, ультрадыбыстық зерттеуге қайта түскенде, сол жақ сүт безіндегі ісіктің алынбағаны белгілі болғанын, дәрігер өз ісіне немқұрайды қарағанын, соның салдарынан ауруы асқынып, уайымға салынып, жан азабы мен тән азабын тартқанын көрсетіп, моральдық зиян өндіруді сұраған.

Қызылорда қалалық соты талап қоюды қанағаттандырып, талап қоюшының пайдасына ауруханадан 2 000 000 теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарды.

Аурухана бұл шешіммен келіспей, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағыммен жүгінген.

Істің барлық мән-жайын зерделеген сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: