Ана болу – әйел өміріндегі ең жауапты әрі ерекше кезеңдердің бірі. Жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі уақыт тек физикалық өзгерістермен ғана емес, сонымен қатар терең эмоциялық, психологиялық үдерістермен бірге жүреді. Осындай маңызды сәттерде ананың жанында кәсіби қолдау көрсететін, сенім мен тыныштық сыйлайтын адам қажет. Сол серіктің бірі – қазір доула маманы. Алайда көбі доула мамандығы туралы толық біле бермейді? Ал сіз бұған дейін доула жайлы естіп көрдіңіз бе? Бұл ұғым туралы алғаш етігенімде, менің де таңғалғаным жасырын емес. Дегенмен, көпшіліктің сеніміне селкеу түсірмей, қызметін адал атқарып жүрген бұл маман иелері туралы біз нақтылай түскіміз келді. Сонымен, доула деген кім? Қандай қызмет атқарады? Бұл саланың қоғамдағы орны мен арнайы мәртебесі бар ма? Осы және өзге де сауалдар бойынша мақаламызда кеңінен тоқталып, доула қызметінің мәні мен маңызын тарқатып көрмекпіз.
Доула – жүкті әйелге босану кезінде эмоциялық, ақпараттық және физикалық қолдау көрсететін жан. Бірақ, ол дәрігер емес, ем жасамайды, тек ана мен сәбидің тыныш, сенімді сезінуіне көмектеседі. Бұл ұғым грек тілінен аударғанда «қызмет көрсетуші» дегенді білдіреді. Иә, аты айтып тұрғандай доула – ананың жанындағы сенімді серігі. Қазіргі уақытта сұранысы жоғары қызметтік маман иелері деуге де болады. Бұл мамандықты жетік меңгерген жандар көптеген ананың серігіне айналып, олардың өмір сапасының жақсаруына өз үлесін қосып жүр. Осы орайда біз бұл саланы терең меңгерген, талай ананың жанынан табылып, оларға қолдау көрсетіп жүрген доула Асем Оразбекқызымен пікірлескенді жөн көрдік.
– Бүгінде әйелдер босануға тек медициналық тұрғыда ғана емес, психологиялық және эмоциялық жағынан да саналы түрде дайындала бастады. Осы қажеттіліктің нәтижесінде доула мамандығы қайта жаңғырып, сұранысқа ие бола түсті. Негізінен доула қызметі 1960 жылдары Америкада пайда болды. Алғашында үйде жаңа босанған аналарға көмек көрсету мақсатында қалыптасса, қазір әйелдің жүктіліктің соңғы айларынан бастап босанғаннан кейінгі кезеңге дейін жан-жақты қолдау көрсететін маңызды мамандыққа айналды. Доуланың басты міндеті – ананың қорқынышын азайтып, өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасап, босану процесінің табиғи әрі жеңіл өтуіне көмектесу, — дейді доула Асем Оразбекқызы.
Шынында да, соңғы жылдары өңірлерде де доула қызметіне жүгінетін әйелдердің саны артып келеді. Бұрын бұл қызмет туралы ақпарат аз болса, бүгінде саналы түрде босануға дайындалып, жанында сенімді қолдаушы болғанын қалайтын аналар көбейген. Асем Оразбекқызының өзі осы уақытқа дейін 10-нан аса әйелге доула ретінде қызмет көрсеткен.
– Доула қызметі бірнеше кезеңнен тұрады. Босануға дейін әйелмен жеке кездесулер өткізіліп, оның қорқыныштарымен жұмыс істеледі, дұрыс тыныс алу, босану кезіндегі қозғалыс пен дене қалпы үйретіледі. Босану барысында доула ананың жанында үздіксіз қолдау көрсетеді. Ал босанғаннан кейін ананың қалпына келуіне бағытталған кеңестер мен эмоциялық қолдау беріледі. Көптеген әйел үшін доуланың көмегі – тек физикалық қолдау емес, ішкі тыныштық пен сенімділіктің көзі. Сондықтан бұл қызмет өз бағасына толықтай тұрарлық. Доула жұмысы физикалық әрі эмоциялық тұрғыда оңай емес. Кейде бірнеше сағат, тіпті тәулікке жуық босану процесінде ананың жанында болуға тура келеді. Алайда ананың сәбиін алғаш рет құшағына алған сәтіне куә болу – бұл еңбектің ең үлкен марапаты, — дейді ол.
Әрине, кез келген адам доула бола алмайды. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және жан-жақты білімді талап етеді. Доула медицина қызметкері болмаса да, кәсіби деңгейде жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өтіп, босану физиологиясын, әйел анатомиясын, психологияны, босануға дайындық әдістерін жақсы меңгеруі тиіс.
– Доула мамандығы медицина саласына тікелей жатпайды, сондықтан дәрігерлік диплом міндетті емес. Бірақ бұл қызметті жай ғана табыс көзі ретінде қарастыруға болмайды. Ол ананың және сәбидің амандығына жанама түрде ықпал ететін үлкен жауапкершілікті талап етеді, — дейді Асем Оразбекқызы.
Иә, доула әйелдерге тек босану кезінде ғана емес, босанғаннан кейінгі кезеңде де жан-жақты қолдау көрсетеді. Әсіресе алғаш рет ана атанған әйелдер үшін бұл кезең көптеген сұрақ пен белгісіздікке толы болады. Босану барысында қалай дұрыс тыныс алу, күшену сәтінде өзін қалай ұстау, эмоция мен уайымды басқару, дене қалпын дұрыс сақтау секілді маңызды дүниелердің барлығы әр әйелге бірдей таныс бола бермейді.
Ал босанғаннан кейінгі уақытта аналар сәбиді емізуге үйрету, баланың күтімі, өз денсаулығын қалпына келтіру және психологиялық тепе-теңдігін сақтау мәселелерінде де жиі қиналады. Осындай сәттерде доула ананың жанынан табылып, бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп, сенімді тірек бола алады. Сондықтан доула маманы ананың білмегеніне жол көрсететін, ең қажет әрі маңызды қолдаудың бірі деуге толық негіз бар.
Жасыратыны жоқ, бүгінде жас аналарға көрсетілетін отбасылық қолдау азайып бара жатқанын байқаймыз. Қоғамда ене мен келін арасындағы түсініспеушілік жайлы жиі айтылуы да – соның айғағы. Осындай жағдайларда кейбір ана өзін де, сәбиін де ойлап, доула маманының көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Әрине, көпшілік тарапынан «біз доуласыз-ақ босандық» деген ескі көзқарастағы пікірлер де айтылып жатады. Алайда қазіргі уақытта қиналған сәтте айтылған бір ауыз жылы сөздің, көрсетілген қарапайым қамқорлықтың өзі адамға зор күш пен сенім сыйлайтынын түсіну маңызды. Жүректен жүрекке жалғасып, жаңа өмір бір адамның бойынан тарайтын осындай қасиетті сәтте ананың жанынан табылып, қандай да бір қолдау көрсету артықтық етпейтіні анық.
Қорытындылай келе, доула – ананың ең нәзік сәттерінде жанынан табылатын, сенім мен тыныштық сыйлайтын ерекше маман. Сондықтан бұл қызметтің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін арттыру маңызды.
Оразкүл БАҚЫТЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!