Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Донор болу – өмірді жалғайтын мүмкіндік

26.02.2026, 8:00 89

Адам өмірінің құны кейде бір ғана шешімге тәуелді болады. Біреудің үміті – екінші біреудің батылдығында. Қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа қалдыру туралы келісім – бұл медициналық процедура ғана емес, қоғамның гуманистік деңгейін өлшейтін моральдық өлшем.

Бүгінде Қазақстанда мыңдаған адам трансплантацияны күтіп отыр. Бірі – жүрекке, бірі – бауырға, ал басым бөлігі бүйрекке мұқтаж. Бұл адамдар үшін уақыт – ең қымбат ресурс. Ал донорлық – сол уақытты өмірге айналдыратын мүмкіндік.

Соңғы жылдары елімізде донорлыққа көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Мәселен, елімізде қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа қалдыруға келісім берген азаматтардың саны өсіп отырғаны байқалады. Өткен жылы шамамен 13 мың адам тиісті рұқсатын рәсімдеген, бұл оның алдыңғы жылмен салыстырғанда үштен бірінен жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. Бұл – қоғамда донорлық мәдениетінің  қалыптаса  бастағанының  белгісі. Бірақ  мәселе толық  шешілді  деуге  әлі  ерте.

Республикалық деңгейдегі бұл көрсеткіш­тер үміт сыйлағанымен, өңірлік деректер донор тапшылығының әлі де өзекті екенін көрсетеді. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге дейін өңірде ағза ауыстыру отасы жасал­ған 116 адам бар. Оның ішінде жүрек – 1, бауыр – 16, бүйрек – 99 жағдай. Соңғы үш жылда облыста 11 бүйрек және 1 бауыр трансплан­тациясы жасалған. Дегенмен, бүгінгі күні 222 пациент күту тізімінде тұр. Бұл – жүздеген адамның  тағдыры  уақытқа  тәуелді  деген  сөз.

Донорлыққа келісім беру – тек бір адамның таңдауы емес, бірнеше тағдырға тікелей әсер ететін шешім. Медицина тәжірибесінде бір ғана донордың  жүрегі бір науқасқа, екі бүйрегі екі  адамға,  бауыры тағы бір жанға, ал көздің қасаң қабықтары бірнеше адамның көру қабіле­тін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Яғни бір адамның өмірден өткеннен кейінгі келісімі кемінде төрт-бес адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бұл донорлықтың әлеуметтік әрі адамгершілік тұрғыдан қаншалықты маңызды  екенін айқын көрсетеді.

Соған қарамастан, өңірлік деңгейдегі көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Өңірде қайтыс болғаннан кейін донор болуға 70 адам ғана келісім берген. Ал республикалық деңгейде өткен жылы шамамен 13 мың азамат донорлыққа келісімін тіркегенін ескерсек, Қызылорда облысының үлесі жалпы көрсеткіштің шамамен 0,5 пайызына да жетпейді. Бұл донорлық мәдение­тін қалыптастыру бағытында өңірлерде түсіндіру жұмыстарының әлі де күшейтілуі қажет  екенін  аңғартады.

Сонымен қатар облыста 220 адамның донор­лықтан бас тартқаны тіркелген. Бұл көрсеткіш келісім бергендер санынан бірнеше есе көп екенін көрсетеді. Демек, донорлық мәселесінде тек медициналық инфрақұрылымды дамыту емес, қоғам санасындағы күмән мен қорқынышты сейілту басты міндеттердің бірі болып  қала  береді.

Мамандар бас тартудың негізгі себептері ретінде діни көзқарасқа байланысты күмәнді, ақпараттың жеткіліксіздігін, туыстардың қарсылығын және психологиялық дайындықтың болмауын айтады. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, донорлықтан бас тарту көбіне түсіндіру жұмыстарының әлсіздігінен және азаматтардың үдерістің заңдық әрі медициналық қырларын толық білмеуінен туындайды. «Кейбір тұрғын діни немесе жеке сенімдеріне байланысты ағзаны немесе тінді беруге қарсы болады. Сонымен қатар донорлықтың қалай жүргізілетіні, оның қауіпсіздігі мен заңдық тәртібі туралы толық ақпараттың болмауы да шешімге әсер етеді. Көп жағдайда отбасы мүшеле­рінің қарсылығы немесе адамның психология­лық тұрғыда өлім, ағза алу тақырыбын ауыр қабылдауы да бас тартуға себеп болады», — дейді  басқарма  өкілдері.

Шынында да, әлеуметтік желілерде донорлық тақырыбы қызу талқыланып жатады. Кейбір азамат ағза  алуды адамның дене­сіне құрметсіздік  деп қабылдаса, енді бірі діни тұрғыдан күмән келтіреді. Алайда бұл мәселеге қатысты ресми діни ұстаным бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері Исламда адам өмірін сақтау ең үлкен құнды­лықтардың бірі екенін атап өткен. Егер донорлық  басқа  адамның  өмірін құтқаруға себеп  болса  және ол ерікті түрде жүзеге асса, бұл сауап­ты іс ретінде қарастырылады. Ең бастысы, ағза саудасына жол  берілмеуі және шешім адамның  өз еркімен қабылдануы  тиіс.

Дін мамандарының айтуынша, «бір адамның өмірін құтқару – бүкіл адамзатты құтқарумен тең» деген қағида донорлықтың мәнін айқын­дай түседі. Яғни, бұл – шариғатқа қайшы әрекет емес, керісінше, адам өмірін сақтау­ға бағытталған игі амал. Олар донорлық пен трансплантация мәселесіне қатысты арнайы түсінік беріп, шариғатта осы әрекеттің қандай шарттармен  рұқсат  етілетінін  де  түсіндіреді.

– Ислам дінінде адам тәні мен өміріне зиян келтірмеу – ең жоғары қағидалардың бірі. Егер трансплантация жасау арқылы бір адамның өмірін сақтау мүмкіндігі болса, бұл әрекет рұқсат етіледі және адамгершілікке сай болып санала­ды. Әрі өлі денеден ағза алу адамды қорлау немесе оның қадір-қасиетін төмендету емес, керісінше, басқа адамның өмірін сақтауға себепкер болу ретінде қарастырылады. Шариғатта бұл амал белгілі шарттар толық орындалған кезде ғана  рұқсат  етіледі: ағзаны беру ерікті болуы, зиян  тигізбеуі  және  ешқандай материал­дық пайда көздемеуі тиіс. Бұл басқа адамға үміт сыйлау, адам болмысының қадірін арттыру сияқ­ты игі амал ретінде бағаланады, — дейді Қызыл­ор­да  облысы  бойынша  «Ақмешіт-Сырдария» мешіті  «Шариғат  және пәтуа»  бөлімінің жауап­ты  маманы  Айболат  Төлебайұлы.

Бұл жағдайда трансплантолог мамандары да мәселенің тек медициналық емес, әлеуметтік сипатта екенін айтады. Сала дәрігерлерінің пікірінше, трансплантация – көбіне соңғы мүмкіндік.

– Бүйрек жеткіліксіздігі немесе бауыр ауруы соңғы сатыға  жеткенде  трансплантация – нау­қастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы. Бір донор бірнеше адамның өмірін ұзарта алады. Өкініштісі, донор тапшылығы салдарынан  кейбір науқас операцияға жетпей қалады, — дейді Қызылорда  облыстық медициналық орталығының жоғары дәрежелі нефрологы, аймақтық  транспланткоординатор  Лиза Нұрсұлтанова.

Оның айтуынша, бүгінгі күні өңірде күту тізімінде 200-ден астам  пациент бар. Олардың жасы 18 бен 65 жас аралығында. Бұл – еңбекке қабілетті, қоғамға қажет, отбасының асыраушысы болып отырған азаматтар. Яғни, трансплантация мәселесі тек денсаулық сақтау саласының емес, әлеуметтік-экономикалық маңызы  бар  түйткілге  айналып  отыр.

Республикалық деңгейде де жағдай күрделі. Денсаулық сақтау саласындағы ресми мәліметтерге сәйкес, қазір елімізде 4 500-ден астам адам  транслантацияны күтіп отыр, олардың басым  бөлігі  бүйрекке  мұқтаж.

Бірақ донорлықтың мәнін ең нақты әрі әсерлі көрсететін жағдайлардың бірі жақында Павлодар қаласында болған еді. Павлодар қала­лық №1 ауруханасында 40 жастағы әйелдің ағзалары бірнеше науқастың өмірін сақтап қалды. Оның отбасы ауыр жағдайға қарамастан донорлыққа келісім берді және дәрігерлер оның  бүйрегін, бауырын, жүрегін және көздің қасаң қабықтарын алып, басқа пациенттерге трансплантациялады. Бұл арқылы бірнеше адамның өмірге қайта қадам басуына мүмкіндік туды. Осы сияқты оқиғалар қоғамға донор болу қаншалықты маңызды екенін айқын иллюстрациялайды. Бір адамның батыл таңдауы басқа бірнеше адамның тағдырын түбегейлі өзгер­те алады. Бұл – жергілікті қоғамның жүрегін елжіреткен оқиға ғана емес, донорлыққа келісім беру қаншалықты адамгершілік пен адам өміріне шын ниетпен қарайтын іс екенін  көрсететін  анық  мысал.

Дәрігерлер бұл жағдайды донорлық жүйе­нің ашық, айқын көрсеткіші ретінде бағалайды. Олар мұны тек медициналық жетістік деп қана емес, қоғамның адам өміріне деген жауап­кершілігі мен гуманизмінің көрінісі ретінде де қарайды. Егер әр отбасы осындай саналы әрі батыл шешім қабылдаса, күту тізіміндегі жүздеген науқасқа үміт сыйлау мүмкіндігі айтарлықтай  артады.

Мұнымен соңғы жылдары республика бо­йынша жасалған ағза ауыстыру оталарының саны біртіндеп артып келетінін де аңғаруға болады. Елімізде бүйрек трансплантациясы тұрақты түрде жүргізілсе, бауыр және жүрек трансплантациялары да республикалық орталықтарда жасалуда. Алайда жасалған операция­лар саны күту тізіміндегі пациенттер санымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұл донор­лық институтын жүйелі түрде дамыту қажетті­гін  тағы  бір  мәрте  дәлелдейді.

– Трансплантация жасалғаннан ке­йін пациент­тердің өмір сапасы айтарлықтай жақсарады. Диализге тәуелді болған бүйрек нау­қастары қалыпты өмірге оралып, жұмыс істеп, отбасын асырауға мүмкіндік алады. Бауыр немесе жүрек трансплантациясынан кейін де көптеген пациент толыққанды өмір сүруге бейімделеді. Сондықтан трансплантация – жай ғана ота емес, адамның тағдырын түбегейлі өзгертетін мүмкіндік. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында білікті мамандар артып, күрделі оталар жасалуда.  Өңірдегі жалғыз донорлық ұйым «Көпбейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ КМК болып саналады. Облыста 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 11 бүйрек, 1 бауыр транспланта­циясы жасалған. Жиі жасалатын трансплан­тация  отасы –  бүйрек трансплантациясы, — дейді Лиза Нариманқызы.

Мамандар донорлықты дамыту үшін ең алды­мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру қажет екенін айтады. Халық арасында донорлықтың заңдық негіздері, меди­циналық қауіпсіздігі және діни тұрғыдан рұқсат етілгені туралы кеңінен түсіндіру маңыз­ды. Өйткені көп жағдайда қорқыныш пен күмән  ақпараттың  жетіспеуінен  туындайды.

Қазақстанда донорлық ерікті әрі өтеу­сіз негізде жүзеге асырылады және заңмен қорғалған. Донор болар алдында толық медициналық  тексеру жүргізіледі, операция мемлекет  есебінен  төленеді.

– Сақтандырылған азаматтар үшін ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесі арқылы, ал шұғыл жағдайларда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қаржыландырылады. Қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім беру рәсімі де қолжетімді. Азаматтар тіркелген емханасына жүгіну арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы өз еркін тіркей алады, — деді басқарма  өкілдері.

Сонымен, қорытындылай келе, донорлық – бұл тек медициналық әрекет емес, бұл  адамгершілік пен мейірімділіктің, өмірге деген құрметтің нақты көрінісі. Донор болу – үнсіз, бірақ ең ұлы ерлік. Бір адамның шешімі бірнеше адамның тағдырын түбірімен өзгерте алады. Бұл – қайғыны үмітке айналдыратын, үмітсіздіктен өмірге жол ашатын қасиетті жол.

Донор болу арқылы адам баласы Алланың ең көркем жаратылысы – өмірді сыйлау мәрте­бесіне ие болады. Өмірге құштар жүздеген адамның арманы орындалып, олардың отбасы қайтадан  бақытқа  кенеледі. Донордың  әрекеті – ешқашан ұмытылмайтын, жүректерде мәңгі  сақталатын  ізгілік  көрінісі.

Біз әрбір донорды, олардың жасаған жақсылығын және өзгелерге сыйлаған өмірін құрметтеуіміз керек. Өйткені кейде ең үлкен батыл­дық – бұл үнсіз қабылданған шешім, оның арқасында біреу өмірге қайта оралады. Донор болған адамдар, шын мәнінде, ең ұлы кейіпкерлер, олар адамзатқа, қоғамға және бола­шаққа  қызмет  етеді.

Өмірді  сыйлау – әркімнің қолынан келе бермейтін қасиетті қадам. Ағзасын беру  арқылы адам өзінің жүрегін ғана емес, бас­қалардың өмірін де ашады, үміт береді, қайта жандандырады. Бұл – нағыз ізгілік пен адам­гершіліктің  биік  шыңы.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Коллаж: Әсел Балтақызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: