Әлемде COVID-19 жұқтырған науқастар саны 10 миллионнан асты. Эпидемия басталғалы бері 500 мыңнан астам адам осы індеттен қайтыс болған, деп хабарлайды Coronavirus2020.kz.
Дүниежүзінде науқастар саны бойынша АҚШ бірінші орында тұр. Мұнда 2,5 миллион адамнан коронавирус табылып, 128 мыңнан астам науқас қайтыс болған.
Екінші орында тұрған Бразилияда 1 миллион 300 мың адамға COVID-19 инфекциясы жұғып, 57 мыңнан астамы көз жұмған.
Үшінші орынға жайғасқан Ресейде 634 мыңнан астам адамға коронавирус диагнозы қойылыпты. Төрт айға жуық уақыттан бері 9 мыңнан астам науқас қайтыс болған. Өткен тәулікте 6 791 адамнан вирус табылып, 104 науқас қайтыс болған. Ресей билігі COVID-19 диагнозымен көз жұмған барлық науқастарды статистикаға енгізбейтінін мойындайды. Тек науқастың өліміне инфекция себеп болды деген шешім шығарылса ғана есепке енгізіледі. Федералдық штаб статистикасы аймақтық статистикамен көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Ал штаб пен Росстат, аймақ мәліметі арасында айырмашылық бар. Шенеуніктер мұны есептеудің түрлі әдістерін қолданатындығымен түсіндіреді.
Ал Қазақстанда 2020 жылғы 28 маусымдағы жағдай бойынша жалпы статистикаға қосылмаған коронавирус індетінің белгілері жоқ 1066 тасымалдаушы тіркелді. Яғни, жалпы ауру белгілері жоқ тасушылардың саны 16639-ға жетті: Нұр-Сұлтан қаласы – 1455 (+65) Алматы қаласы – 1537 (+14) Шымкент қаласы – 1381 (+81) Ақмола облысы – 596 (+56) Ақтөбе облысы – 584 (+81) Алматы облысы – 1193 (+63) Атырау облысы – 2153 (+148) Шығыс Қазақстан облысы – 586 (+41) Жамбыл облысы – 618 (+70) Батыс Қазақстан облысы – 1071 (+53) Қарағанды облысы – 2239 (+127) Қостанай облысы – 389 (+7) Қызылорда облысы – 488 (+30) Маңғыстау облысы – 543 (+41) Павлодар облысы – 303 (+61) Солтүстік Қазақстан облысы – 715 (+99) Түркістан облысы – 788 (+29).
Соңғы дерек бойынша елімізде қауіпті дерт жиырма бір мыңнан астам адамнан анықталды. Олардың 13 мыңға жуығы дертті жеңіп шықса, 178-і вирус салдарынан көз жұмған. Соңғы өлім жағдайлары Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарында тіркелген.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізеді, Бұл туралы кеше Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбук парақшасында мәлімдеді.
«Ертең, 29 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізеді. Кеңесте Мемлекет басшысы қазіргі ахуалға баға беріп, азаматтардың денсаулығын сақтаудың сапасын арттыруға бағытталған шараларды жариялайды. Сондай-ақ, экономиканы қолдау және халықты әлеуметтік қорғау мәселесі де қаралады деп жоспарланып отыр. Кеңеске Үкімет мүшелері, бірқатар ведомство басшылары, облыс әкімдері қатысады» деп жазды ол.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!