Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Денсаулық саласы серпінді дамып келеді

18.06.2023, 11:15 210

HALYQLINE.KZ Денсаулық сақтау саласы үшін халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету – басты міндет. Бұл тұрғыда облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Мәселен, алдағы екі жылда аймақта 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Бүгінде шаһардың сол жағалауында заманауи облыстық қан орталығының, 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков мәлімдеді.

– Саланы қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Осы жылы сала бюджеті 104,1 млрд. теңгені құрады. Осыған сәйкес аймақтың медициналық мекемелерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге бөлініп отыр. Өткен жылы жабдықталу 83,5 пайызды құрап, медициналық мекемелерге 20 санитарлық автокөлік беріліп, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қызмет көрсету үшін 5 жылжымалы кешен ұйымдастырылды. Бүгінде аймағымыздың 18 стационарлық және 26 амбулаториялық медицина ұйымдарында екі жарым мыңнан аса дәрігер, он мыңға жуық орта буын маман адамның денсаулығы мен өмірін сақтау жолында адал еңбек етуде. Аймақтағы жеткен жетістікте алтын жүректі дәрігерлердің әрқайсының маңдай тері, ерен еңбегі, жоғары жауапкершілігі жатыр. Әлемде қанша мамандық болса, олардың әрбірінің адам үшін маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше екені белгілі.

Осы орайда, медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында ардақты әріптестерімді келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Олжас Ермекұлы.

Айта кетейік, биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 МП пайдалануға беріледі. Ал қалған 11-і 2024 жылы іске қосылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: