Дүниежүзілік денсаулық сақтауы ұйымы коронавирустың жаңа түрі әлемге өте жылдам тарап жатқанын ескертті.
Алғаш рет қараша айының соңында Оңтүстік Африка Республикасында тіркелген «омикрон» әлемнің кем дегенде 77 еліне таралып үлгерді. Оны жұқтырғандар саны 2-3 күнде екі есеге артып отыр. Бұл туралы Sky News телеарнасына ДДСҰ-ның COVID-19-бен күрес жөніндегі арнайы өкілі Дэвид Набарро мәлімдеді.
Оның айтуынша, «омикрон» тудырған жағдай бір аптадан соң сегіз есе, ал екі аптадан соң 40 есе қиындай түседі. «Омикрон» штамынан кісі өлімі аз болғанымен, вирустың тез таралуы денсаулық сақтау жүйесіне соққы болып тиеді, деп есептейді ДДСҰ өкілі. Мұндай жағдайда өлім көрсеткіші артуы мүмкін. Сол себепті ол вакцина салдыруды тоқтатпауға, әлеуметтік арақашықтық сақтауға кеңес берді.
Гонгонг медициналық факультеті ғалымдарының зерттеуіне қарағанда, «омикрон» кеңірдекте «дельта» штамына қарағанда 70 есе тез көбейеді.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен «омикрон» қаңтар айында Еуропада күшеюі мүмкін екенін ескертті.
Ұлыбритания билігінің мәлімдеуінше, бұл елде күнде шамамен 200 мың адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырады. Лондонда «омикрон» тез таралған вирусқа айналып үлгерді. Сәрсенбіде Ұлыбританияда 78 мыңнан астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!