Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Цой: Елде «реалистік сценарий» бойынша сәуір-маусымда 250 мың адамға вирус жұғады

02.04.2021, 9:05 420

HALYQLINE.KZ

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен үкімет отырысында елдегі коронавирустың тарауына қатысты болжамын жариялады.

Жиында Цой «пессимистік сценарий» бойынша сәуір-маусымда елде 370 мың адамға вирус жұғып, 190 мың адам ауруханаға жатуы мүмкін деді.

Министрдің сөзінше, «реалистік сценарий» бойынша сәуір-маусымда Қазақстанда 250 мың адамнан вирус табылып, 127 мың адам аурухана түсуі мүмкін. Ал «оптимистік сценарий» бойынша, сәуір мен маусым арасында 140 мың адам дертке шалдығып, 71 мың адам ауруханаға жатуы ықтимал.

Цой «реалистік сценарий» болған жағдайда елдің денсаулық сақтау жүйесі індетке төтеп бере алады дейді.

Үкіметтегі жиын елде коронавирус қайта өршіп, екпе науқаны баяу жүріп жатыр деген сын күшейген тұста өтті. Тоқаев жиында вакциналау жай жүріп жатқаны үшін Цойды сөгіп, жағдай реттелмесе, «үкіметтің көңілін қалдыратын шешім қабылдайтынын» айтты.

Қазақстан ақпаннан бері вакциналау науқанын бастағанымен, екі айда 173 мың адамға ғана екпе салынған. Сарапшылар мен депутаттар елде вакцина егу өте баяу жүріп жатқанын айтып сынаған. Денсаулық министрлігі бұған екпенің аздығы себеп дейді. Цой сәуірде елге Ресейден және Қытайдан бірнеше миллион доза екпе келеді деп уәде беріп отыр.

Қазір Еуропа одағы елдері бір күнде 100-150 мың, Ұлыбритания 500 мыңдай, АҚШ бір миллионнан аса адамға екпе салып жатыр.

Қазір Қазақстанда күнде 1500-1900 адам Covid індетіне шалдығып жатыр. Қазақстан «қызыл аймақта» деп жарияланып, ірі қалалар мен облыстар карантинді күшейтті.

Ресми мәлімет бойынша, пандемия басталғалы бері елде кемінде 300 мыңға жуық адамнан коронавирус пен «коронавирус пневмониясы» анықталған. 3,7 мың адам қайтыс болды. Кейбір сарапшылар коронавирус жұққандар мен одан қайтыс болғандар ресми мәліметтегі көрсеткіштен әлдеқайда көп деп санайды.

Дереккөзі: Азаттық радиосы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: