Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байқоңырда денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңарып жатыр

21.02.2026, 10:33 23

Байқоңыр қаласында тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында бірқатар жүйелі шара жүзеге асырылуда. Мемлекетаралық келісімдер аясында қазақстандық азаматтарға барлық қажетті медициналық қызмет толық көлемде көрсетіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қала аумағында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеп, тұрғындарға кешенді көмек көрсетуде. Мұндай өзара іс-қимыл медицина қызметінің сапасын арттыруға және азаматтардың дер кезінде ем алуына мүмкіндік береді.

Қайрат Нұртайдың мәліметінше, Байқоңыр қаласында 2016 жылдан бері көпбейінді аурухана тұрақты жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары оның материалдық-техникалық базасын жаңартуға ерекше көңіл бөлінген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, медициналық мекеме 806 миллион теңгеге заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қалада гемодиализ орталығы ашылып, қызмет көрсетіп жатыр. Көпбейінді аурухана жанынан құрылған бұл орталық созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастардың қажетті емді өз қаласында алуына жол ашты.

Жалпы, Байқоңырда денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және халық денсаулығын нығайтуға бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: