Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байқоңыр қаласы мен Қазалы ауданы тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді

31.05.2024, 17:50 179

HALYQLINE.KZ

Мамырдың 13-31-і аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Байқоңыр қаласы мен Қазалы ауданы тұрғындары жылжымалы медициналық кешен арқылы онкологиялық скринингтен және профилактикалық тексеруден өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мобильді бригада құрамында онколог, ультрадыбыстық зерттеу, сәулелік диагностика дәрігерлері, рентгенолог және т.б. мамандар болды.

Бірінші күні Байқоңыр қаласында дәрігерлерден 80 тұрғын кеңес алса, маммографиялық зерттеуден 80 әйел өттi. Оның ішінде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны – 15. Ал, тексерiстiң екінші күнінде дәрігер нұсқаулығымен 42 тұрғын УДЗ, 41 тұрғын КТ зерттеуінен тегін өткізіліп, онколог дәрігердің қабылдауында 34 тұрғын болды. Осы ретте 4 тұрғынның МӘМС жүйесінде сақтандырылмағанын айта кетейік. Сонымен қатар, 90 әйел маммографиялық зерделеуден өтті.

Байқоңыр қаласының тұрғындарына жылжымалы кешен жетекшісі Айдос Құлмағанбетов, Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Сұлтанбек Кенжебаев және емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ержан Игенбаев түсіндірме жұмыстарын жүргізiп, қатерлі ісіктің алдын алу, дер кезінде арнайы тексерулерден өту, саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы ақпараттар ұсынды, сауалдарына жауап берді.

Қазалы ауданында онколог дәрігерден 37 тұрғын кеңес алса, маммографиялық зерттеуден 4 әйел өтiп, дәрігердің нұсқаулығымен 19 тұрғын УДЗ-ға, 17 тұрғын КТ-ға тегін түсті. Бұл қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.

Аудан орталығынан алыс ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет пен жәрдем ұсыну – денсаулық сақтау саласының басты мiндеттерiнiң бiрi десек, мәселені шешудің оңтайлы жолы – жылжымалы медициналық кешен қызметін пайдалану.

Қазір облыстық онкология орталығының «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешені Байқоңыр қаласынан бастап барлық ауданда қызмет көрсетуде.

Екі көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық жабдықпен, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және жоғары дәлдікпен зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Екі құрал да Жапонияда жасалған. Мұндай кластағы және конфигурациядағы медициналық жабдық Қазақстанда алғаш рет қолданысқа беріліп отыр. Осының арқасында елді мекен тұрғындары ауылдан алыстап шықпай-ақ, аталған аппараттарға тегін түсіп, өзге де қызмет түрлеріне жүгіне алады. Сондай-ақ, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған мәртебесі бар тұрғындарға еш кедергісіз тексерілуге мүмкіндік береді. Кешенде мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық жағдай жасалған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: